Көршідегі қаптаған қоқыс-көлік Қазақстанға тасқындауы мүмкін

7323

Ресейдегі қоймаларда сатылмай қалған жарты миллион жаңа автокөлік шіріп жатыр.  

Көршідегі қаптаған қоқыс-көлік Қазақстанға тасқындауы мүмкін Фото: canva.com

Келесі жылдан бастап, Қазақстан мен Ресей арасында көлік құралдарына салынатын утилизациялық алым алынып тасталуы мүмкін.

Бұл туралы таяуда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады. Ведомство мұны өзінің Даму жоспарына енгізіп қойды.

"Өнеркәсіптік кооперациялану бойынша ынтымақтастық аясындағы екіжақты кездесулер бөлігінде Kia және басқа да Қазақстанда жасалған автомобильдерге сан жөнінен квота ұсыну мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Олар Ресей федерациясының кәдеге жарату алымын төлеуден босатылатын болады", – делінген министрліктің Даму жоспарын жүзеге асыру туралы есебінде.

Алайда дәл осы құжатта Өнеркәсіп министрлігі Қазақстанда 2024 жылы шығарылған автокөліктердің көлемі 3%-ға төмендеп кеткенін нұсқайды. Оның себебі ретінде ведомство отандық автомобильдерге сұраныстың құлдырағанын атады.

Шетелдік нарықта "Қазақстанда құрастырылған" автомобильдерге сұраныс жоқтың қасы. Ал, Еуразиялық одақтың басты нарығы – Ресей жоғары утильалыммен қазақстандық бұл өнімнің өзіне енуіне тосқауыл қойып тастады.

2024 жылғы 1 қазаннан бастап, Ресей утильалым мөлшерін 70-85%-ға күрт көтерді. Биылғы жылы тағы көтеріп жатыр. Салдарынан, қазақстандық автокөліктердің Ресейдегі бағасы екі есеге қымбаттаған және оған сұраныс жойылған.

Бұл тек басы ғана, РФ утильалым көлемін 2030 жылға дейін жыл сайын 10-20%-ға көтеріп отырады.

Бірақ солтүстік көрші утильалымын Қазақстан үшін азайтса, тіпті жойса, қазақстандық автомобильдерге бәрібір онда сұраныс болмайды. Өйткені өзінде бары да өтетін емес.

"Автостат" директоры Сергей Целиковтың хабарлауынша, Ресейдегі қоймалар мен салондарда 500 мыңнан астам сатылмаған көлік босқа тозып жатыр.

"Биылғы жылы жаңа жеңіл автомобильдердің сауда-саттығы қалай қызғаны қызықтырады. 2025 жылғы үш айда саудасы еш ілгерілеген жоқ. 140 миллионнан аса тұрғыны бар Ресейде небәрі 247 мың көлік қана сатылған. 256 мыңы ел ішінде өндірілген немесе шетелден әкелінген. Экспортқа кеткені шамалы. Бір бөлігі әскердің керегіне жарады. Қалай болғанда, қоймаларда шіріп жатқан жаңа көліктердің саны 500 мыңдай болатын, солай қалды", – деді Целиков.

Сарапшының түсіндіруінше, оның 300-350 мыңы – қытайлық көлік брендтері. Тағы 150-200 мыңы – "ресейлік, псевдоресейлік, беларусьтік, псевдокорейлік және жаһандық маркалар".

Соғыс экономикасынан ауқат жинаған топтарды қоспағанда, РФ азаматтарының негізгі бөлігінің табысының құлдырауына байланысты, халық негізінен ескі модельдерді таңдауға мәжбүр екен.

"Қазіргі кезде 2023-2024 жылдары жасалған автомобильдер бірте-бірте өтуде. 2025 жылғы су-жаңаларына сұраныс бәсең. Қалай болғанда, біраздан қордаланған осы ұлы қордың таяу жылдары қала беретін түрі бар. Олар үлкен жеңілдіктердің жасалуына ықпал етеді. Сатып алушылар қуанады, дилерлер қиналады, зар жылайтын болар", – деді Сергей Целиков.

Сарапшы ресейлік тұтынушылардың машина сатып алудан жаппай бас тартып жатқанын немесе кейінге қалдырғанын қаперге салды. Сондай-ақ, сауда-саттыққа кәдеге жарату алымының күрт өсірілуі, көлік бағаларының көтерілуі де соққы болды.

"Автостат" пен AutoMail жүргізген әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, Ресейдегі әлеуетті сатып алушылардың шамамен төрттен бір бөлігі халықаралық брендтердің сұр импортпен емес, ресми оралуын күтіп, жеңіл автомобиль алуына көп кейінге қалдырған.

"Өтпеген көліктердің орасан зор көлемде жинақталып қалуы автозауыттарды жеткізілімдерді қысқартуға мәжбүрледі. 2025 жылдың алғашқы екі айының қорытындысында Қытай автомобильдерінің жеткізілімі 2024 жылмен салыстырғанда жартысына дейін – 50%-дайға құлады. Мұны Қытай жеңіл автокөліктер қауымдастығының (CPCA) дерегі растайды: осы жылғы қаңтар-ақпанда РФ-қа небәрі 57 592 қытайлық көлік экспорталған", – деп жазды The Moscow Times.  

Салдарынан, кейінгі 2 жылда алғаш рет Ресей Қытай автоөнеркәсібі өнімдерін өткізудің ең ірі нарығы мәртебесін жоғалтты. Оны енді Мексика мен Біріккен Араб Әмірліктері басып озды.  

Газет РФ автонарығының жағдайы былтырдан бері мүшкіл екеніне назар аудартады. 2024 жылы Ресейде бар-жоғы 848 мың жеңіл машина сатылған көрінеді.

Салыстырсақ, "Қазақстанның Автокөлік Одағы" (ҚАО) дерегінше, тұтынушысы жөнінен Ресейден 7 еседей кішкентай Қазақстанда (азаматтардың шетелден өз бетімен алғызғанын қоспағанда) тек ресми диллерлердің өзі 2024 жылы 205 111 жаңа автомобиль сата алған. Бұл 2023 жылғыдан 3,2% көп.

"Москоу Таймс" қытайлық қана емес, ресейлік автоөндіріс те проблемаларға тап болғанын мәлім етті. "АвтоВАЗ" президенті Максим Соколовтың мойындауынша, қазірден сұраныстың тым мардымсыз болуына байланысты биылғы сәуірдің қорытындысында Lada саудасы былтырғымен салыстырғанда, бірден 30%-ға құлдырайды.

Соколов жалпы алғанда, Ресейдегі жаңа автомобильдер нарығы биыл 50% көлемінен айрылып, жарым-жартылай күйрейтінін болжады.

Ал, Целиковтың айтуынша, ресейлік автоөндірушілер мен дилерлердің қаптаған қиындықтарына инвестиция мен айналымдық қаражаттың жоқтығы да кесір болып қосылды.

Өйткені РФ орталық банкі басты ставканы тым жоғары деңгейде ұстап тұр, түсіруден бас тартып келеді. Соның салдарынан банктердің, басқасының кредит бойынша ставкалары да шығандап кетті.

"Бірақ ең қорқыныштысы басқа: Ресей тарихында тұңғыш рет сұраныстың жоғалуына экономикалық дағдарыс емес, "сатып алушы психологиясы" серпін беріп отыр. Көлік сатушылар өз тарапынан қандай жеңілдік пен жақсы шарттар ұсынса да, машина алудан бас тартқан тұтынушылар міз бағатын емес. Егер бұл күйзеліс ұзаққа созылып кетсе, диллерлердің жартысына жабылуға тура келеді. Қалғанының көбі шығынға батады", – деді "Автостат" директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу