Көршінің валютасы "сабан ақшаға" айналып кету алдында тұр

13724

Сарапшылар рубльдің неге тосыннан күшейіп шыға келгенін түсіндірді.

Көршінің валютасы "сабан ақшаға" айналып кету алдында тұр Фото: canva.com

РФ ұлттық валютасы әлдебір "ғажап құбылысты" паш етуде.

Қазақстанның Ұлттық банкінің "Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдарына" сәйкес, Ресей рублі өткен жылдың соңында ғана, 2024 жылғы 1 желтоқсанда 4,73 теңге тұрды. Ал, ҚРҰБ-тың 2025 жылғы 13 сәуірге арналған ресми нарықтық бағамы бойынша 1 рубль құны енді 6,13 теңгеге дейін күрт жоғарылап кетті.

Көршінің ақшасы басқа түгіл әлемдік алпауыт – Американың валютасына қатысты да қымбаттады. Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтарда 1 АҚШ доллары 114 рубльге бағаланды. Бүгінде, 13 сәуірде ресейлік валюта "83 рубль" шамасына дейін көтеріле алды.

Қарапайым арифметикаға жүгінсек, қазіргі кезде 1 миллион теңгеге елордада 1 919 доллар сатып ала аласыз. 1 миллион теңгені рубльге ауыстырып, Ресейде доллар алсаңыз, 1 959 долларға қол жеткізе аласыз. Яғни, 40 долларға көп. Бірақ РФ-та қылмыс деңгейінің өршіп бара жатқанына байланысты, бұлай жасауға кеңес бермейміз.

Бұл жерде әңгіме көршінің ақшасының тосыннан нығайып кеткенінде болып тұр. Ресейлік "Монокль" басылымының сарапшылары рубльдің күрт күшеюіне бірнеше фактор қатарынан серпін бергенін айтады.

Олардың арасында Мәскеу мен Вашингтон арасының жылынуы, бітімгершілік келіссөздерде Трамп әкімшілігінің РФ мүддесін агрессивті ілгерілетуі, осыған байланысты шетелдік инвесторлардың рубльдегі активтер мен акцияларға қызығушылық білдіруі, шетелдік компаниялардың оралуды ойластыруы, сондай-ақ Ресейдің сырттан таситын импортының қатты төмендеуі бар.

"Рубльдің бұл нығаюының тұрақты екеніне де, тіпті ұзаққа созыларына да ешкім сенбейді. 24 наурызда 81,5 рубльге дейін құлдыраған валюта бағамы қайта көтеріле бастады. Рубльге ең қуатты дем берген жағдай – Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынастарының жақсаруы болып тұр. Сонымен бірге, бұл кез келген мезетте өзгеріп кетуі мүмкін, бұл ең бір тұрақсыз фактор", – деп жазды ресейлік басылым.

Өзге сарапшылардың тоқтамдары да осы арнада тоқайласты. Демек, Ресейдің ұлттық валютасының тағдыры Трампқа тәуелді.

"Рубльдің тосыннан серпінді күш алуының басты себебі – 3 жылдан астам уақыттан бері қатты шиеленісіп келген гесосаяси күн тәртібінің ақыры шешілетініне қатысты үміт. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың тиісті оптимизмі, олардың ресейлік нарыққа қайтадан назар аударуы да рублді жоғары итермеледі. Бұдан бөлек, шетелдік валютаға деген сұраныс төмендеп кетті. Жыл басынан бері сырттан келетін импорт кемуде. Ал, импорттаушылар – ішкі нарықтан шетелдік валютаны ең көп сатып алатындар", – деді "Альфа-Капитал" басқару компаниясының аналитигі Руслан Дында.

Сұраныс жоқ жерде тауар бағасы, мына жағдайда доллар құнсызданатыны белгілі. Сарапшы дәл осы кезде Ресей шетелге экспортын арттыра алғанын қаперге салды. Тиісінше, РФ-қа долларлық табыс тасқындауда. Ал, оны сатып алатындар аз.

Сарапшының түсіндіруінше, егер рубльдің нығаюы Трамп командасының тірлігі сияқты спекулятивті жағдайларға сүйенбегенде, жағымды экономикалық көрсеткіштерге ғана иек артқанда, онда "аномальды шығандау" емес, бірқалыпты нығаю тіркелетін еді.

Оның үстіне бүкіл әлемде мұнай бағасы – Brent эталонды маркасының құны 64 долларға, ал, ресейлік Urals маркасының бағасы 50 доллардан төмен түсіп кеткен жағдайда РФ ұлттық валютасы өспек түгіл, девальвациялануы керек еді.

РФ рублі керісінше, 2022 жылдың басындағы деңгейге дейін қатты нығайып отыр. Алайда мінезі "түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз" болатын АҚШ Президенті Дональд Трамп рубльді бір-ақ сәтте аспаннан жерге түсіруге қауқарлы.

"Рубльдің бұлайша негізсіз өсуіне геосаяси оптимизм септесуде. Бірақ бұл уақытша сипаттағы түрткі ғана. Трамптың РФ-қа қарсы жаңа санкция енгізгені туралы алғашқы жаңалық бәрін күйрете алады. Сондай-ақ, рубльге орталық банктің жоғарғы басты ставкасы (бізше – базалық мөлшерлеме) тірек болып тұр. Соның арқасында рубльдік құралдардың, РФ облигацияларының инвесторларға тартымдылығы сақталды. Сонымен бір мезгілде Ресейге келетін импорт кеміді", – деді "АФ Капитал" әл-ауқатты басқару департаментінің директоры Руслан Клышко.

Сондықтан қаржыгерлер рубль бағамының нығаюын "маусымдық", уақытша деп таныды.

Өйткені РФ орталық банкінің ресми дерегінше, Ресейдің сауда балансы нашарлау. Мысалы, тауарлар мен қызметтердің жиынтықты импорты 2025 жылғы қаңтардағы 28,1 млрд доллардан ақпанда 24,9 млрд долларға дейін құлдырады.

Бұл жерде сарапшылар Ресейдің соғыс жүргізіп жатқан ел екенін ұмытпау керектігін айтады. Ол үшін қажетті көптеген заттар, мысалы, дрондар, микросхемалар, түрлі техника, зымыран компоненттері, басқасы да шетелден тасылады. Импорттың құлауы олардың да аз әкелінгенін білдірсе керек.

Сарапшылар РФ-қа қарсы санкциялардың әлі күнге әрекет етіп тұрғанын, одан Америка бас тартқанымен, Еуропа санкцияларды алып тастамауы мүмкін екенін ескертті.

Санкция кесірінен ресейліктердің шетелге ақша аударымдары өтпеуде. Бұл логистиканың және жеткізілімнің нашарлауына соқтырған. РФ ақша аударымдарын тіпті Қытай банктерінің басым көпшілігі қабылдамайды.

"Импорт ақпан айында, Қытайдың Жаңа жылынан кейін (ҚХР ол күндері шекараны жабады) қалпына келе бастауға тиіс еді. Олай болмады. Есепайырысуға қатысты жағдай күрделенді. Ресейлік капиталдың қозғалыс жолында көптеген ресми және бейресми кедергілер кездесуде. Қазақстан, Қырғызстан банк саласында бақылауды күшейтті, төлемдерге қарсы шектеу шаралары енгізіліп жатыр", – деді Столыпин атындағы Өсім экономикасы институтының бас экономисі Борис Копейкин.

Сарапшы әзірге санкциялар кесірінен Ресей және дамыған елдер арасындағы транзакциялық тетіктер сол бойы жұмыс істемейтінін, сондай-ақ санкцияларды алып тастауға қатысты талқылаулардың басталуы мен төлем жүйелерінің қалпына келуіне дейінгі аралықта біраз уақыт өтетінін қаперге салды.

Өз кезегінде германиялық жетекші DW басылымы таяуда рубль бағамының құлдырауы күтіліп отырғанын жеткізді.

"Альфа-банк аналитиктерінің болжамынша, маусымдық факторлардың әсері бірте-бірте әлсірейді де, рубль арзандай бастайды. Экспорттаушылар жылдың басында үнемі көп валюта сатады, олардың тарапынан валюта ұсынысы енді қысқарады. Сонымен қатар, импорттаушылар тарапынан сұраныс керісінше, өседі. Нәтижесінде, олардың болжамынша, доллар 85-90 рублге дейін қымбаттайды", – деп түсіндірді "Дойче Велле".

Басылым ресейлік және халықаралық эксперттердің басым көпшілігі осы ұстанымда екенін жеткізді.

РФ орталық банкі жүргізген сауалнамада ресейлік және халықаралық ұйымдардың экономистері 2025 жылы доллардың орташа бағасы 98,5 рубльді құрайды деп тұспалдады. Яғни, "100" межесіне қайта жақындайды. Бұл теңгенің де девальвациялануына ықпал етуі мүмкін.

Ресей экономикасы үшін бұл бағам – қолайлы. Өйткені көршінің 2025 жылғы бюджеті "1 АҚШ доллары 96,5 рубль тұрады" деген есепке құрылған. Америкалық валютаның қазіргі арзан бағамы РФ бюджетіне түсетін түсімді азайтады.

DW Украинадағы майданда атысты тоқтату рубльге кезекті серпін беруі мүмкін екенін айтады. Алайда бұл бағытта ілгері жылжушылық жоқ.

Осы аптаның соңында, Петерборда өткен Владимир Путин және Стив Уиткофф арасындағы келіссөздер көп нәтиже әкелмеді. Уиткофф Ресей басып алған облыстарын соған беруге Украинаның мәжбүр болатынын мәлімдеді.

Дәл сол кезде АҚШ Президентінің Украина және РФ бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Трампқа: "Херсон, Запорожье, Луганск пен Донецк облыстарын бір жақты түрде Ресейдің толық меншігіне беруге Киевтің ешқашан келіспейтінін" хабарлады.

Президент Владимир Зеленский де соғысты тоқтату үшін Украинаның бірде-бір өңірін бере алмайтынын нықтады.

Демек, әлі де бейбітшілікпен бірге рубльдің де тағдыры "қыл үстінде" тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу