Қорықтағы жолдар міндетті түрде қауіпті болуға тиіс пе?

1430

Мамандар бұл тұрғыда Американың үлгісін қабылдауды ұсынып отыр. Алайда Қазақстанда қорықта жол салуға ешбір орган жауапты емес болып шықты. 

Қорықтағы жолдар міндетті түрде қауіпті болуға тиіс пе? Фото: otkryvai.kz

Туған өлкені танып, елді аралап, тынығуға құмартқан азаматтарымыздың саны жыл санап артып келеді. Өткен жыл бойынша толық статистиканы министрлік әзірге жариялаған жоқ, дегенмен, 2022 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында, яғни туристік маусымда ішкі туризм көрсеткіші 2021 жылғы ұқсас кезеңдегіден бірден 25,1% артыпты. 5 миллиондай қазақстандық өз елімізде демалған.

Салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі халықтың табиғатта демалуға деген сұранысы артқанын растап отыр.

"Осыны есепке ала отырып, ұлттық парктерге инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Шарын, Алтын Емел ұлттық саябақтарының аумағындағы экотуризмді дамыту жұмыстары қолға алынды. Жалпы инвестиция сомасы 17 миллиард теңгені құрайды. 2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін шамамен 2,3 миллиард теңге инвестиция құйылды. Соның арқасында Іле Алатауы, Түрген, Аюсай визит-орталықтарымен қатар 5 кемпингтің және 5 глэмпингтің құрылысы аяқталды. Батан визит-орталығы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, этноауыл, кемпинг салу жоспарлануда. Бүкіл бағыттағы жұмыс жалғасады", – деп хабарлады министрлік.

Дегенмен, ведомство ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) инфрақұрылым проблемасы өткір тұрғанын жасырмады. Меморган екі-үш жыл бұрын 10 басты бағытта "Перспективалық бағыттар" жобасын жүзеге асыруға кіріскен еді. Бағдарлама аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесе қимылдауға келіскен. Оның аясында инфрақұрылымды жүргізу, жолдарды салу және басқа да шаралар қабылданыпты. Жалпы, жобаға 65 миллиард теңге бағытталды.

Министрлік аталған 10 бағытта әкімдіктермен бірге мастер-жобалар жасады: ол "жұмсақ инфрақұрылымдарды", яғни бағыттағыш-сілтемелерді, қоқыс жәшіктерін, басқа жабдықтарды орнатуды қарастырады. Он мастер-жоба бойынша әр әкімдікпен бірге жұмыстар жасалатыны хабарланды. Бұған қоса Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге ең керекті деген он қорық аумағы ғаламтормен қамтылмақ: министрлік оларға 4G интернетін жеткізуге тиіс.

Қорықтарда жолдар жоқ, бағыттар ғана бар

Бұдан бөлек, туристік соқпақтардың қауіпсіздігі мәселесі қалады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда негізінен, асфальт жол салуға рұқсат етілмейді. Бірақ қоршаған ортамен әдемі үйлесетін топырақты, тасты жолдарға тыйым салынбаған. Алайда мұндай жолдарды жиі жауын-шайып кетеді, немесе олар жерасты ұсақ жарықтары салдарынан қауіпті шатқал жолына айналады. “Midwest Eco Solutions” компаниясының бас инженері Павел Пантюшин өзін ЕҚТА-ларда туристік кластерлерді және инфрақұрылымды дамыту мәселелері алаңдататынын айтады. Өзі де еліміздің көрнекті орындарын аралауды ұнатады екен.

"Мен Қазақстан бойынша көп сапарлаймын, серуендеймін. Біраз жылдан бері тұмса табиғатты тамашалау үшін республикамыздың түрлі көркем мекендерінде болдым. Арасында Алтын Емел, Іле Алатауы, Көлсай, Қайыңды көлдері, Қарқаралы, Баянауыл, Шарын шатқалы, Бурабай, Қорғалжың, Марқакөл, Үстірт жазығы және басқалары бар. Бірақ барлығында қатты жабынғысы бар жолдардың жоқтығын байқадым. Ал қарапайым топырақ жолдардың, соқпақтардың жағдайы маусым сайын нашарлап барады! Неге біз әлемге қарамаймыз, дамыған елдердің осы тұрғыдағы үлгісін қабылдамаймыз?", – деді Павел Пантюшин.

Мысалы, әлемдік тәжірибеде бекітілген, стабилизацияланған топырақты жоғарғы қабаты бар, табиғи тектес жолдар қолданылады.

"III–IV санатты жолдарды төсеудің және шаңды басудың бұл технологиясы әлемде де, Қазақстанда да сынақтан өткен. Ол экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, құрылыс тұрғысынан оңай технология. Кепілдендірілген түрде ұзақ уақыт пайдаланылады. Оған қажетті құрылыс материалдарын да жергілікті жерден табуға болады. Бұл үшін тіпті қорық ішін қазып, карьер жасау талап етілмейді. Импортталатын сертификатталған инертті материал да керек емес. Бұл асфальт жол салғаннан әлдеқайда арзанға түседі. Технология күресінге жіберілген бұрынғы жол жабынғысын – грейдерді де пайдалануға мүмкіндік береді", – деді инженер маман.

Дегенмен, оның айтуынша, Экологиялық кодекстегі ЕҚТА аумақтарында шектеулі санаттан басқа кез келген шаруашылықты жүргізуге қойылған тыйымдар, қатаң талаптар олардағы инфрақұрылымды дамытуға, туристік кластерді өркендетуге тежеу болып тұрғанға ұқсайды.

Әйтпесе, отандық компаниялар ҚазжолҒЗИ-мен, Құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, аталған аумақтардағы топырақтардың беріктік қабілеттерін анықтап, стабилизациялау бойынша салмақты жұмыс жүргізіпті. Тиісті технология да сыналған: сынақтар көрсеткендей, қорықтарда салуға болатын жолдар жабынғысының беріктігі 7,5-10 бетон маркасына сәйкес келеді. Салыстырсақ, бұл қарапайым асфальт жабынғысының беріктігінен 2–3 есе жоғары екен.

Экологиялық сараптама да жүргізілген, ол өнімді экологиялық қауіпсіз деп таныған. Бірақ іс ары қарай ілгерілемеген көрінеді.

Сөз болып отырған технология АҚШ пен Канаданың ұлттық парктерінде және ботаникалық бақтарында кең қолданылатыны айтылды. Жалпы, бұл жаңа инновация емес: әлемде топырақтарға арналған стабилизаторлар 70 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді.

Ендеше Қазақстан неге сынақтан өткен, бағасы қымбат емес технология мен өнімдерді ел игілігіне жаратпайды? Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік жолдар мен соқпақтарды қауіпсіз етіп қана қоймай, қазақстандық көрнекті туристік орындардың тартымдылығын арттырады, әрі жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал ететін еді.

Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін пайдалануға болады.

Билік не дейді?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ЕҚТА территорияларында жаңа технологиямен жолдар салу мәселесін қарастырыпты.  

Ведомствоның түсіндіруінше, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңының 46-бабына сәйкес, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі туристік және рекреациялық қызметті тікелей мемлекеттік ұлттық табиғи парктің өзі, сондай-ақ туристік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

Қорықтардың, ұлттық табиғи парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін 5 жылға дейін – қысқа мерзімге және 25 жылға дейін – ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Олар сонымен қатар туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шартын жасасқан жекеше әріптеске де қысқа және ұзақ мерзімді пайдалануға беріле береді.

Жол салуға тыйым салынбапты. Заң туристiк және рекреациялық қызмет аймағында жүктеме нормаларын ескере отырып, туристiк маршруттарды, соқпақтарды ұйымдастыруға, демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын, жағажайларды, қайық станцияларын, суда жүзетін көлік түрлері мен жағажай құрал-жабдығын прокатқа алу пункттерін орнатуға, бал ара шаруашылығымен айналысу үшін қажетті уақытша құрылыстар салып, омарталар орналастыруға рұқсат етеді.

Бірақ бұл жерде ең бастысы – туристік және рекреациялық қызмет аумағында табиғи кешендердің, мемлекеттік табиғи қорықтық қор нысандарының сақталуы қамтамасыз етілуге тиіс. Демек, қорықтар мен қаумалдар ішіне ауыр техника кіре алмайды.

"Оның үстіне ұлттық парктер құзырына жол салу кірмейтінін де атап өткен жөн. Тек орман шаруашылығы үшін қажет жолдар ғана төселеді. Орман шаруашылығы жолдары туризм үшін емес, орман шаруашылығы, соның ішінде орманды сирету және өтпелi жол үшін ағаш кесу, өртке жол бермеу, өртпен күрес сияқты мақсаттарда жасалады. Ал туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылым салуға, атап айтқанда жолдарды, электр жеткізу желілерін, құбырларды тартуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Олардың құрылысы тек жеке инвесторлар қызығушылық танытып, қаржы салса ғана жүргізіле алады. Жергілікті әкімдіктер жергілікті бюджеттен ЕҚТА шекарасына дейін жолдар төсеуге ғана қаражат жұмсайды", – деп түсіндірді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Салдарынан, қорық жолдарын стабилизатор технологиялары арқылы берік етіп, қауіпсіздікті арттыру жобаларын қаржыландыратын әзірге ешкім жоқ. Олай болса, табиғат саясында тынығуға аттанған туристерге ары қарай да басын бәйгеге тігіп, Абай һәкімше айтқанда, соқтықпалы, соқпақсыз жерлермен өтуге тура келетін сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу