"Крокустегі" қантөгіс. Лаңкестік шабуыл неге Ресейде жасалды

15079

Путиннің мәлімдеуінше, концерт залына шабуыл жасағандар Украинаға қашпақ болған. 

"Крокустегі" қантөгіс. Лаңкестік шабуыл неге Ресейде жасалды Фото: Бейнежазбадан

Украина мұны жоққа шығарып отыр.

"Ислам мемлекеті" лаңкестік тобы (ДАИШ – Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Мәскеу облысындағы "Крокус Сити Холлда" болған терактіге байланысты кеңейтілген мәлімдеме жасады.

Ол 23 наурызда ISIS-тің басты телеграмм-арнасында пайда болды. Бұл мәлімдемеге лаңкестердің әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақылайтын SITE тобы назар аударған.

Мәлімдемеде "Крокустағы" теракті "соңғы жылдардағы ең қатыгез шабуыл" деп аталған. Онда шабуылға зеңбірек, тапанша, пышақ және "Молотов" коктейльдерімен қаруланған төрт содырдың қатысқаны жария етілген. Содырлардың концерт залын қанға бөктірмес бұрын ғимаратты алдын-ала бақылағаны туралы хабарланған.

Мәлімдемеде үш содырдың аудиториядағы адамдарға оқ жаудырғаны, осы топтың төртінші мүшесінің ғимаратты өртегені, кем дегенде 300 адамның өлгені немесе жарақат алғаны және оқиға орнында үлкен өртке себеп болғаны да айтылған.

"Ислам мемлекеті" лаңкестердің топтық суретін жариялады. Ондағы адамдардың жүздері анық көрінбейді. The Insider басылымы атап өткендей, фотодағы екі адамның киімдері теракт жасады деген күдікпен ұсталғандардың киіміне сәйкес келеді.

Бұған дейін ФСБ басшысы Александр Бортников 11 адамның, оның ішінде "Крокустағы" терактіге тікелей қатысы бар деген 4 лаңкестің ұсталғанын хабарлады.

"Олар жасырынуға әрекеттеніп, Украинаға қарай жылжыды. Алдын-ала мәліметтер бойынша, Украина жағынан оларға мемлекеттік шекарадан өту үшін терезе дайындалған", – деді Ресей Президенті Владимир Путин.

Бірақ Украина Президенті Владимир Зеленскийдің кеңесшісі Михайло Подоляк Киевтің бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.

"Украина ешқашан лаңкестік әдістерді қолданған емес. Бұл соғыста бәрі тек ұрыс даласында шешіледі", – деп жазды ол.

Telegram арналары күдіктілердің бірінің суретін таратты. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жерде әңгіме Душанбе қаласының 19 жастағы тумасы Мұхаммадсобир Файзов туралы болып отыр. Ұстау операциясы кезінде  ол көзінен жарақат алып, қазір ота жасалып жатыр.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, қарулы адамдар негізінен – Тәжікстанның азаматтары.

Тәжікстанның ресми өкілдері бірнеше тәжіктің аты аталғаны туралы алғашқы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, олар сенбі күні 4 күдіктінің ұсталғаны туралы түсініктеме бермеді.

Көптеген ресейлік қатал линияға жақтас адамдар тәжік мигранттарына қарсы күрес жүргізуге шақырды. Алайда, Путин бұл идеяны қабылдамай, "біздің көпұлтты қоғамымызға алауыздық пен дүрбелеңнің улы тұқымын себуге ешкімнің күші жетпейді" деп мәлімдеді.

22 наурыз күні кешке Crocus City Hall концерттік залында атыс болды. Бірнеше қарулы адам автоматтан оқ жаудырды. Бұл теракт Picnic тобының концерті басталар алдында болған. Шабуыл кезінде ғимаратта 6200-ге дейін адам болса керек – концертке билеттер түгелге жуық сатылып кеткен.

Соңғы деректерге жүгінсек, қаза тапқандар саны 133 адамға дейін өсті. Путин 24 наурызды ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Айта кетсек, қайтыс болғандар саны бойынша бұл шабуыл 2004 жылдың 1 қыркүйегінде Бесландағы мектепке жасалған шабуылдан кейін Ресейде екінші орында тұр. 20  жылға жуық уақыт бұрынғы алапат терактіден ресми мәліметтер бойынша 334 адам қаза тапты.

Америкалық басылымдардың хабарлауынша, АҚШ бұл лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деп ДАИШ лаңкестік тобының Ауғанстандағы бөлімшесі "Вилаят Хорасан" жасады деп болжап отыр.

Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған террористік әрекетті қатаң айыптады. Сенбі күні таңертең республика азаматтары Астанадағы Ресей елшілігі мен әртүрлі қалалардағы консулдықтар маңына гүл шоқтарын, шамдар мен ойыншықтар қойды.

РАДИКАЛДЫҚ ТОП ПЕН ОНЫҢ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІНЕ ҚЫСҚАША ШОЛУ

АҚШ барлаушылары жұма күні Мәскеу түбіндегі концертке жасалған жантүршігерлік шабуыл үшін жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" ұйымы өз мойнына алғанын растайтын ақпарат барын хабарлады.

"Ислам мемлекетінің" ISIS-K немесе "Даиш-Хорасан" деп аталатын ауған бөлімшесі мен оның Ресейге шабуыл жасау себептері туралы мәліметтерге тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

"ДАИШ-ХОРАСАН" ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Иранның, Түркіменстанның және Ауғанстанның бөліктерін қамтитын аймақтың ескі атауымен аталған "Даиш-Хорасан" 2014 жылдың соңында Ауғанстанның шығысында пайда болды және тез арада аса қатыгездігімен көпке танылды.

"Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының ең белсенді аймақтық бөлімшелерінің бірі – "Даиш-Хорасан" мүшелерінің саны 2018 жылы шарықтау шегіне жеткеннен бері азайып келеді. Себебі "Талибан" мен АҚШ күштері оларды үлкен шығынға ұшыратты.

Бірақ АҚШ бұл топты тұрақты қауіп деп санайды. АҚШ Орталық қолбасшылығының жетекшісі генерал Майкл Курилла өткен наурызда Конгресске ISIS-K тобының Еуропа мен Азияда "сыртқы операцияларды" жүргізу қабілетін тез дамытып жатқанын айтты. Курилла оның Ауғанстаннан тыс жерде АҚШ пен Батыс мүдделеріне "алты айдың ішінде және ешқандай ескертусіз" шабуыл жасай алатыны жөнінде болжамын жариялады.

Дегенмен, оның сөзінше, "Даиш-Хорасанның" АҚШ-тың өзінде шабуылдар жасау ықтималдығы төмендеу.

АҚШ Ауғанстандағы ISIS-K сияқты экстремистік топтарға қатысты барлау мүмкіндігінің 2021 жылы АҚШ әскерлері осы елден шығарылғаннан бері кемігенін мойындап отыр.

ТОП ҚАНДАЙ ШАБУЫЛДАР ЖАСАДЫ?

"Даиш-Хорасан" Ауғанстанның ішінде және сыртында мешіттерге қарсы шабуыл жасау тарихынан кенде емес.

Осы жылдың басында АҚШ бұл топтың Иранда 100-ге жуық адамның өмірін қиған екі жарылысты ұйымдастырғанын растайтын мәлімдеме таратты.

2022 жылдың қыркүйегінде ISIS-K содырлары Ресейдің Қабулдағы елшілігіндегі жарылысты өз мойнына алды.

Бұл топ, сонымен бірге, 2021 жылы АҚШ-тың Ауғанстаннан бейберекет кетуі кезінде 13 америкалық әскер мен көптеген бейбіт тұрғынның өмірін қиған алапат шабуылға да жауапты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының қаңтардағы есебіне сәйкес, "Талибанның" бұл топқа тойтарыс беру әрекеті Ауғанстандағы шабуылдар санының төмендеуіне әкелгенімен, жарылыстар тоқтаған жоқ.

Бейсенбі күні "Ислам мемлекеті" ұйымы Ауғанстанның Қандағар қаласындағы банктің алдында кемінде үш адамның өмірін қиып, 12-сін жаралаған жанкешті жарылыс үшін жауапкершілікті өз мойнына алды, деп хабарлады жергілікті полиция.

ОЛАР РЕСЕЙГЕ НЕ ҮШІН ШАБУЫЛ ЖАСАДЫ?

Сарапшылардың сөзінше, ISIS-K содырлары соңғы жылдары Ресей Президенті Владимир Путинге қарсы позиция ұстанған.

 "ISIS-K кейінгі екі жыл бойы Ресейге бекініп, Путинді үгіт-насихатында жиі сынға алды", - дейді Нью-Йоркте орналасқан Soufan Center зерттеу тобының қызметкері Колин Кларк.

Вашингтондағы Вилсон орталығының өкілі Майкл Кугельманның ойынша. ISIS-K "Ресейді мұсылмандарға тұрақты түрде қысым жасайтын әрекеттерге қатысушы ретінде қарастырады" екен.

Кугельман бұл топ құрамына Орталық Азияның Мәскеуге наразы содырларының да мүше екенін айтып өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу