Ксенофобиямен қалай күресуге болады?

2130

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы. 

Ксенофобиямен қалай күресуге болады?

camonitor.kz: "Қазақстандағы ксенофобия: мұнымен күресу керек", деп жазады басылым. Бұл мақала авторының пікірінше, бүгінгі қоғамда ұлтаралық келісім көрсеткіші азайып барады. Біз өзімізді осы күнге дейін көпұлтты елміз деп мәз болып жүргенде қоғамды нағыз ксенофобия жайлап алған. Ал, қоғамда орын алған қайғылы оқиғалардан кейін бұл жөнінде үндемей отыруға болмайды. Себебі үндемеудің салдары қайғылы жағдайға алып келуі ықтимал. Сол себептен не істеу керек?

Мақала авторының хабарлауынша, қазіргі кезде негізінен шағын ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білмейді деген айып тағылып отыр. Осы жайт ұлтаралық даудың қыза түсуіне себеп болып отыр. Мұндай жағдайда ұлтаралық келісім саясатымен бір министрлік, ал тіл саясатымен басқа бір министрлік шұғылданатыны түсініксіз.

"Екіншіден, Қазақстан халықтары Ассамблеясының тиімсіздігін айтады. Бұл ұйымның жұмысына бекерден бекер бюджет қаражаты жұмсалып отыр. Бұл сөздің жаны бар. Алайда бұл мәселенің басы ғана. Себебі соңғы бес жылдан бері Қазақстанның әр өңірінде "Қоғамдық келісім" атты коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл мекемелердің міндетіне қоғамдық келісімнің қазақстандық түрін насихаттау жатады", – дейді мақала авторы.

Мемлекет тарыпынан бұл мекемелердің жұмысына қыруар қаражат бөлінгенімен, мақала авторының пікірінше, оның пайдасы жоқ болып тұр. Сол себептен автор бұл жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін мәселенің шығу себептерін анықтауға арналған әлеуметтік зерттеулерге, оны шешу жолдарына жұмсау керектігін айтады. 

"Көбісі мәселенің шығуына билік өкілдері кінәлі дегенді айтады. Оның себебі шешімін таппаған әлеуметтік мәселелерде, сыбайласқан жемқорлықта жатыр. Олай болса неге наразылық білдірушілер бар өшін өзге ұлт өкілдерінен алады? Олар билік өкілдері сияқты орын алып отырған жағдайға жауапты емес қой? Мұнымен қоса Қордай ауданында орын алған оқиға мәселе тек әлеуметтік жағдайда еместігін көрсетті. Мәселе адамдардың білім деңгейінің төмендеуімен, құқықтық нигилизм және архаикалық санадан туындаған ділдік өзгеруімен байланысты болып отыр. Осының салдарынан олар қиратушыларды ақтап, "біздікі", "бөтен" деп бөліп, өзгелерді жергілікті ұлтты, оның тілін сыйламады деп қуып жіберуге шақырған",– деп жазады Жандос Асылбеков.

Автор бұл тек өзінің пікірі екенін атап көрсеткен. Сол себептен ол негізі бұл мәселенің шығу себебін әлеуметтік зерттеулер арқылы білуге болатынын айтады.

express-k.kz: "Қазақстанда жануарларды қорғайтын нақты заң жоқ", деп жазады аталмыш басылым. Басылымның хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брижит Бардоның хатына жауап жазғаннан кейін, жергілікті иттер мен мысықтардың мәселесі саяси деңгейге көтерілді. Сарапшылар мұндай өзгерістерді құптап отыр. Жануарлардың құқығын қорғаумен шұғылданатын мамандардың айтуынша, жағдай біртіндеп жақсаратын түрі бар. Себебі 2019 жылдың қараша айында бастамашы топ "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" туралы заң жобасы парламенттің арнайы комитетіне тапсырылды. Бұл құжат бірқатар сараптаудан өткеннен кейін, жұмысшы тобы құрылады.

"Жануарларды қорғаушылар бұл заң жобасында жануарлар бірнеше топқа бөлінгенін айтады. Яғни олар – үй, жабайы, қызметтік, тәжірибелік және мәдени-көрініс үшін пайданылатын жануарлар болып бөлінеді. Құжатта жануарларды қорламау басты назарға алынған", – деп хабарлайды басылым.

caravan.kz: "Не үшін Франциядағы қазақтар қауымдастығының жетекшісі Берлин Иришев сән әлеміндегі ең бірінші қазақ қызы Алла Ильчунды еске түсіру үшін ақша жұмсап жүр" деп сұрайды басылым. ХХ ғасырдың үздік моделі атанған Алла Ильчун Кристиан Диордың ең сәнді көйлектерін киіп, Азиядан шыққан модельдерге жол ашқан қазақ қызы. Алайда өмірден озғаннан кейін, ұмытылып қалған.  

Басылымның хабарлауынша, бес жылдан бері Франциядағы қазақтар қауымдастығының жетекшісі Берлин Иришев Алла Ильчунды еске түсіру үшін қолдан келгенін жасауда және осы мақсатқа өз ақшасын жұмсап жатыр. Осы арқылы ол сән саласындағы үлкен подиумдарды бағындырған алғашқы қазақ қызы Алла Ильчунның атын жаңғыртқысы келеді. Өткен жылы ол Алла Ильчун туралы кітаптың тұсакесерін жасап, биылғы жылы көрермен назарына арнайы түсірілген фильмді ұсынды.

"Мен Кристиан Диордың бір манекеншісі қазақ қызы деп естігем, алайда менің қолымда не дәлел, не құжат болған емес. Бір қызығы Франция азаматтығын алғаннан кейін, саябақта серуендеп жүріп, вернисажда әдемі әйелдің портретінен қазақ қызының келбетін көрдім. Париждың қақ ортасында оны қалай көрер едім? Бұл жерде енді әруақтардың қалауы болып тұр ғой", – дейді Берлин Иришев.

Алла Ильчун туралы деректі Франциядағы күллі қазақ қауымдастығы болып іздеген. Нәтижесінде олар модельдің шыққан тегін анықтап алған, жерленген жерін тапқан және баласы барын анықтаған. Зерттеу арқылы Алла Ильчунның әкесі Жуанхан немесе Қуанхан есімді қазақ байының баласы болған. Ол 19 ғасырдың соңында дүниеге келген, алайда Қазан төңкерісі кезінде Харбинде болған. Ол кезде ол Шығыс Қытай темір жолында инженер болып жұмыс істеген. Алла Ильчунның анасы банкротқа ұшыраған дворян отбасынан шыққан.  

sputniknews.kz: "Алматыдағы трамвайды туристер үшін қайтаруы мүмкін" деп хабарлайды басылым. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықпен өткізген кездесу барысында айтты. Әкім бұл көлікті қала тұрғындары үшін қайтармайтынын, себебі оның шығыны көптігін жеткізді.

Алматы тұрғындарымен болған кездесу барысында қалалықтар газ немесе электр қуатымен жүретін көліктердің орнына трамвайды қайтаруды сұраған, алайда шаһар басшысы бұл көліктің түрін тек туристер үшін ғана қайта жіберілуі мүмкіндігін айтқан.

"Ескіге қайта оралмаймыз. Бұл шығыны көп шаруа. Біз трамвайдың маршруты қандай болғанын білеміз, оның алыс-жақындығын білеміз, бірақ оны қайта орнына келтіру мүмкін емес. Трамвай қала тарихында қалады, оның символына айналады. Қазір біз көліктің өзге түрін - электрмен, газбен жүретін, BRT (ағылшын тілінен bus rapid transport –жылдам жүретін автобустық көлік) көліктерін іске қосамыз", – деді Бақытжан Сағынтаев

Қала әкімі шетелдік тәжірибеге сүйеніп, трамвай маршруты туристер үшін жүретінін жеткізді. Ресми дерек бойынша, трамвайлар көк базар маңында жүретін болады.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу