Коронавирустан көз жұмған қазақстандықтардың саны қанша?

1900

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы. 

Коронавирустан көз жұмған қазақстандықтардың саны қанша?

Сamonitor.kz: "Коронавирустан көз жұмған қазақстандықтардың саны қанша – 2 мың ба әлде 20 мыңнан астам ба?" деп сұрайды аталмыш басылым. Бұл мақалада газет тілшілері ресми билік өкілдері адам шығыны туралы ақпаратты жасыруға тырысатынын, соның салдарынан мемлекет азаматтары бұл дертке немқұрайлы қарап отырғанын жазған. 

18 қазан күнгі ресми дерек бойынша, COVID-19 дертінен көз жұмғандардың саны 1768 адамға жетіп отыр. Бұған қоса 381 адам коронавирустық инфекция белгілері бар пневмониядан қайтыс болған. Бұл деректі естіген адам "айтарлықтай қорқынышты емес екен ғой" деген ойда қалады.

"Ал енді статистика комитетінің дерегіне жүгінейік. Бұл дерек көп айтыла бермейді, бірақ оны статистика комитетінің сайтынан табуға болады. Комитеттің мәліметі бойынша, биылғы 8 айда, яғни қаңтар мен қыркүйек аралығында 110 982 адам көз жұмған. Демек өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда өлім көрсеткіші 21 мың 471 адамға өскен", – делінген газет мақаласында.

Мақала авторы бар деректі жасырып, өздеріне ыңғайлы ақпаратты беріп отырған билікті сынға алған. Бұл манипуляция "ковид-диссиденттердің" статистикаға сілтеме жасап, биліктің шектеу енгізу туралы шешіміне күмән келтіруіне ықпал етіп отыр. Олар "коронавирус инфекциясы тұмаудан қауіпті емес болса, неге халықты үйге тығуымыз керек?", – дейді.

"Бүгінгі таңда АҚШ, Ресей және өзге елдерде эпидемия көрсеткіші жазғы көрсеткіштен асып түсті. Ресми дерекке сенсек, Қазақстандағы жағдай жақсы (күніне 30-40 адам ғана тіркеліп жатыр). Шын мәнінде солай шығар деп ойлайсың, бірақ олай болса, неге белгілі бір аймақтарға шектеулер енгізіліп жатыр?" – деп жазады басылым.

Liter.kz: "iPhone-ды несиеге алып, кешке "доширак" жеп, тамақтанады: неге қазақстандықтар жоқ ақшаны жұмсауға құмар?" деп сұрайды басылым. Бұл сұраққа жауапты сарапшылар берген. Олардың пікірінше мұндай әрекетке көбінесе жастар үйір, себебі олар өздерін бай, табысты етіп көрсету үшін қымбат дүниелерді қарызға сатып алады. 

Психолог маман Дармина Попованың айтуынша, адамдардың ішкі қанағаттанбаушылығы осындай қадам жасауға итермелейді. Себебі олар өздерін жақсы жағынан көрсеткісі келеді. Психологтың пікірінше, қазақстандықтардың арасында өзін жақсы жағынан көрсеткісі келетіндер көп, осыған байланысты олардың қолында айфонның жаңа түрі болуы мүмкін, бірақ жай ғана макарон жейді. Демек адамның ішкі дүниесінен гөрі заты қымбатырақ болып келеді.

Психолог бұған мысал ретінде байқуатты адамдарды алға тартады. Мәселен, олардың киген киімі де, ұстаған телефоны да соңғы үлгіге жатпайды, бірақ олар өздеріне өте сенімді. Олардың көп дүниеге салып алуға мүмкіндігі бар, бірақ өте қарапайым.

Социолог маман Камила Ковязина да тиімсіз дүниелерді сатып алуға жастар әуес екенін айтады. Себебі олар белгілі бір ақпараттық кеңістікте өмір сүргендіктен, бұл – олар үшін қалыпты құбылыс. Америкада iPhone-ды телефон ретінде қабылдайды, ал біздегі АҚШ долларының бағамымен бағаласақ, өте қымбат болып шығады. Бірақ жастар өздерін табысты етіп көрсету үшін қымбат телефон сатып алады.

Caravan.kz: Аталмыш басылым кезекті санында бала тәрбиесіне арналған мақала жариялады. Басылымның хабалауынша, жақын күндері интернет кеңістігінде атыраулық қыздың видеосы жарық көрген. Бұл видеода мектеп оқушысы әкесі ыдыс жумағаны үшін ұрысқанын көрсеткен және қатыгез ата-анасынан құтқаруды сұраған. 

Атырау полиция департаменті бұл оқиғаны қадағалауға алғанын мәлімдеген. Алайда басылымның хабарлауынша, бұл оқиғаны талқылаушылар көп. Осы арқылы балалардың отбасында зорлыққа ұшырау мәселесі көтерілді. Бұл мәселе қаншалықты өзекті екенін анықтау үшін газет тілшілері сарапшылардың пікірін білген.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әрбір бесінші қыз және әрбір он үшінші ер бала жас кезінде жақын туысқандарынан сексуалдық зорлық көреді (көп жағдайды зорлықты ер азаматтар көрсетеді, ол туысқан немесе отбасының досы, көрші немесе бейтаныс еркек болып келеді). Демек педофилия – балалар көретін отбасылық зорлықтық бір бөлігі", – дейді құқыққорғаушы Йоханна Ақбергенова.

Express-k.kz: "Украин қызына қазақ келіні болған қалай?" – аталмыш басылым 100 жасаған әженің әңгімесін ортаға салған. Бұл мақалада қазанның 10-ы күні 100 жасқа толған Алматы облысының тұрғыны Оксана Бетебаева туралы жазылған. Ол Бекежан Бетебаев есімді жолдасымен Ұлы Отан соғысының соңында танысып, үйленген.

100 жасар Оксана Бетебаеваның айтуынша, ол 1920 жылдың 7 қазанында Полтава облысында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 18 жасында медбикелік білім алып, өз ауылындағы ауруханаға жұмысқа орналасқан, алайда жарты жылдан кейін жас қыз соғысқа алынған. Медбике ауыр жарақат алған жауынгер Бекежан Бетебаевты майдан даласында кездестіріп, арада махаббат оты тұтанған. Оксана әжейдің айтуынша, алғашында ауылдастары, ата-анасы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққанын қаламаған, алайда Бекежанды біліп, танығаннан кейін ата-анасы олардың бір-біріне лайық екенін түсінген.

"Алғашында Оксана Бетебаева қатты қиналыпты, себебі ол қазақ тілін, салт-дәстүрді білмеген еді. Алайда көп ұзамай украиндық қаны бар қазақ келіні бәрін үйреніп алды. Ол борщтан өзге бесбармақ, бауырсақты дәмді етіп пісіруді үйренді. Енесі оған "өзгелердің сөзіне мән берме" деп үйретіпті. Себебі ол кезде ұлтаралық неке көп емес еді және елдің көбі оны қабылдай бермейтін. Бірақ екі жастың махаббаты артық сөзге бой бермеген", – деп жазады басылым.

Оксана мен Бекежан Бетебаевтар дүниеге үш бала әкелген. Бір баласы шетінеп кеткен. 100 жасқа толған Оксана әженің жолдасы 1969 жылы дүние салыпты. Қазір ол қызы мен немересінің қолында тұрады.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу