ҚТЖ Call-орталығына қатысты шағым түсті

2806

Министр Бейбіт Атамқұлов тексеру жүргізуге ниетті. 

ҚТЖ Call-орталығына қатысты шағым түсті Фото: sputniknews.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің блогына колл-орталықтарға қатысты шағымдар түсуде.

Мәселен, Эльмира Тұрмағанбетова есімді тұрғын "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының анықтамалық телефоны әбден жүйкесін жұқартқанын айтады. Айта кету керек, ол қазақстандықтардың көпшілігінің көкейінде жүрген мәселені көтеріп отыр.   

"ҚТЖ-ның ақылы анықтамалығына қатысты арызбен жүгініп отырмын. Біріншіден, оның қызметі өте қымбат,қандай да бір ақпаратты білу үшін орташа есеппен 500–600 теңге шығындауың керек. Екіншіден, қызмет сапасы өте нашар, байланыс үнемі үзіле береді, қайта телефон шалуың керек. Бұл ретте тек автожауапбергіштің өзі 30 секунд бойы сөйлейді, ал ол айтып болғанша, ақша кетіп жатады. Бұқара халықтың басым көпшілігі үшін бұл қызмет қалта қағады. Осындай ірі әрі жалғыз ұлттық темір жол компаниясының анықтамалығы неге ақылы? Адамдар үшін тегін анықтамалық жасау оның қолынан келмей ме?", – деп кейістік білдіреді азамат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Call-орталық қызметі ішінара тегін екенін, мәселен, стационарлық телефон абоненттерінен ақы жинауы заңсыз болатынын жеткізді.   

"Бірыңғай анықтамалық-ақпарат орталығы тіркелген номерлерге, яғни қалалық телефонға тегін қызмет көрсетеді. БААО-ға (ЕСИЦ) "105" қысқа нөмірі бойынша ұялы телефоннан қоңырау шалу қызметін Қазақстанның ұялы операторлары – "Кcell" АҚ-ы, "Beeline" маркалы "Кар-Тел" ЖШС, "Аltel" және "Теле2" маркалары бар "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС ұйымдастырады. Ал олар осы қызметті ұсынғаны үшін белгілі бір тариф орнатты. Ұялы операторлар абоненттері байланыс үшін тариф бекітілгені туралы құлағдар етіледі және белгіленген тарифке (1 минуттың құны 112 теңге тұрады) келіскен жағдайда, әңгіме ары қарай жалғастырылады", – деп түсіндіреді министр.

Бейбіт Бәкірұлы шағыммен жүгінген азаматтан "105" темір жол анықтама қызметіне нақты қандай телефон нөмірінен қоңырау шалғанда нашар қызмет көрсетілгенін хабарлауды өтінді. Тексеріп, "көрсетілген қызмет сапасын анықтау үшін" телефон нөмірі қажет көрінеді.

Министр қазіргі кезде "Call-орталық мамандарын даярлау" курсы барлығын, тиісінше, анықтамалық-ақпарат орталығының барлық операторлары мен супервайзерлері мамандандырылған оқу орталықтарында тренингтерден өтуі керектігін еске салды.

"Сонымен бірге, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңының 14-бабының 5-тармақшасына сәйкес, сіз өзіңіздің өтінішіңіз бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне не әрекетсіздігіне шағым түсіруге құқылы екеніңізді хабарлаймын", – дейді Бейбіт Атамқұлов. 

Жалпы, 2012 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан "105" темір жол анықтама қызметі ұялы байланыс абонентеріне 2015 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолжетімді болды.

Дегенмен бюджеттің және квазимемлекеттік сектордың мойнында отырған, солар қаржыландыратын байланыс орталықтарының тым көптігі бұрыннан сынға ілігіп келеді. Оларды біріктіруге де талпыныс жасалған. "1414" Қазақстанның Бірыңғай байланыс орталығының құрылуы соның бір "жемісі" болатын. Алайда одан бюджет пен халықтан ақша алатын колл-орталықтар саны азаймады. Олардың қорғаушылары Парламентте де бар екені жасырын емес.

Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда мемлекет құрған 35 Call-орталық жұмыс жасайды.

"Олардың барлығы субсидияға, өмір сүруге таласады. Мейлі, жұмыс жасай берсін. Тек әрбір азаматтың дербес деректерін қорғаса болды. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев елімізде Ұлттық Call-орталық болуы керек деп айтып отыр. Ондайлар қазірден бар. Айталық, "109" – әртүрлі төлемдер, коммуналдық қызметтер, тарифтер саласында әрекет етеді. "110" – терроризммен күрес саласында құрылған. "111" нөмірінде ұлттық әлеуметтік қауырт желі ашылады деп күтіп отырмыз. Ал "112" – төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдарынікі", – дейді депутат.

Әйтсе де, болашақта Үкімет байланыс орталықтарын екіге біріктіруді қарастыруда. Мемлекет бюджетінен де тек солар қаржыландырылуға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу