Қуандық Бишімбаев Өмірзақ Шөкеевке сауал жолдамақшы

Саяжан Каукенова Саяжан Каукенова
10309

Air Astana ұлттық экономика министрлігіне әуе рейстерінің өзіндік құны туралы мәліметті беруден бас тартты. 

Қуандық Бишімбаев Өмірзақ Шөкеевке сауал жолдамақшы

Отандық азаматтық авиация саласының дамуына шенеуніктер де мүдделі болса, әлбетте, бұл саланы дамытуға толық негіз бар.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы бес жылда аталған саланың негізгі көрсеткішінде тұрақты өсім байқалыпты.

Атап айтқанда, жолаушылар саны  44%-ға өсіпті, бұл ретте жылдық өсім орта есеппен 5-тен 9%-ға жеткен. Қазақстандағы 18 әуежайдың 10-ындағы терминал мен ұшу-қону алаңына жөндеу жүргізілген.

Оған қоса, Қазақстан әуе компаниялары жолаушылар тасымалы жағынан ТМД елдері арасында екінші орында. 2015 жылы Астана және Алматы халықаралық әуежайлары жолаушыларға қызмет көрсету жағынан ТМД елдерінің 10 ірі әуежайының қатарына көтеріліпті. "2015 жылы отандық әуе компаниялары Қазақстан арқылы 250 мың транзиттік жолаушыны тасымалдаған. Бұл оң трендтің қалыптасқанын байқатуға тиіс.

"2010 жылмен салыстырғанда Қазақстан арқылы өткен транзиттік жолаушылар саны 10 есе артқан. Осы жылы көрсеткішті 300 мың жолаушыдан асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жолаушылардың   70% Астана әуежайы, 30% ­­­­­­– Алматы әуежайы арқылы өтуде", – деп үкімет отырысында мәлімдеген мекеме басшысы Жеңіс Қасымбек, 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы Еуропа мен Азияға өтетін транзиттік жолаушылар саны бір миллионнан асатынын  атап өтті.

Бұл мекеме алдындағы жоспардың шегі емес. "Сыртқы және ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін 2020 жылға дейін әуе кемелерінің паркін кеңейту жоспарда бар.  Сондай-ақ  Air Astana компаниясы  "Airbus-320" жаңа үлгідегі 11 әуе кемесін, ал 2019 жылы Boieng-787 алыс магистральды екі әуе кемесін алуды жоспарлауда", – деп нақтылаған Жеңіс Қасымбек келесі жылы Прага, Хельсинки, Вена, Варшава, Будапешт және Еуропаның басқа да қалаларынан Астанаға жаңа 8 ұшу бағытын ашу көзделіп отырғанын жеткізді.

Сонымен бірге, оңтүстік-шығыс Азияға, атап айтқанда Сингапурға ұшу бағытын ашу жұмыстары қолға алынбақ. Қасымбек мырза келесі аптада Токиоға әуе рейстерін ашуға қатысты Жапония билігімен өзара келісімге қол қоймақшы.

"Бұл жұмысты (Токиоға ұшу бағытының ашылуы - abctv.kz ескертпесі) 2017 жылдың соңы немесе 2018 жылдың басында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз", – деп толықтырды мекеме басшысы.

Мекеменің алдағы уақытқа қойған жоспары көп, ал оларды жүзеге асыру үшін ұшу бағыттарының қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз ету керек. Бұл ретте Инвестициялар және даму министрлігі Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) қойып отырған ескертуді жою бағытында жұмыс жүргізбек. 

"Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында сенімділікті растау шаралары жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесі көрсетіп отырғандай, Қазақстан бойынша ИКАО стандарттарын енгізудің тиімділік деңгейі  –74%,  әлемдік орташа деңгей – 63%, еуропалық орташа деңгей –76%.

Ұшу қауіпсіздігінің жағдайына қатысты  министрлік дайындаған соңғы есеп Брюссельде 23 қарашада  қарауға ұсынылады. Жалпы барлық әуе компаниясынан шектеуді алу туралы шешім қабылданады деп үміттенеміз", – деп мәлімдеген Қасымбек мырза, осыған дейін  "Air Astana" АҚ әуе тасымалдаушысынан бұл шектеулердің жойылғанын атап өтті.

Әзірше  министрлік Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен барлық сұрақты  түбегейлі шешуге тырысады. Ал Ұлттық экономика министрлігі қарамағындағы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Air Astana компаниясы Астана-Орал, Астана-Алматы ұшу бағыттарының бағасын негізсіз көтерді деп күдіктенеді. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі аталған мәселенің төркінін анықтауға тырысады.

Естеріңізге салсақ, Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі қазан айында жоғарыда аталған ұшу бағыттары бағасының күрт өсуіне қарсы азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар негізінде монополияға қарсы орган "Air Astana" АҚ әуе тасымалдаушысы үстінен тергеу  шарасын бастағанын хабарлаған болатын.

Мекеменің мәліметіне сәйкес, 7 қазанда комитет қызметкерлері әуе компаниясын тексеруді бастауға тырысқан. Алайда, "Air Astana" АҚ кеңсесіне кіру мүмкін болмапты. Баспасөз қызметі хабарлағандай, бір сөзбен айтқанда, Комитет қызметкерлерін ғимаратқа кіргізбеген. Монополияға қарсы орган лауазымды тұлғалардың қызметіне жасалған кедергіні негізге ала отырып, әуе тасымалдаушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаған. 

"Air Astana" АҚ Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің әрекетіне жауап ретінде болған оқиғаға қатысты өзінің ұстанымын білдірген баспасөз хабарламасын таратқан болатын. Компания  заң жүзінде жүргізілетін тексеруге еш кедергі жасамайтынын мәлімдейді.

Оның үстіне, монополияға қарсы агенттік қызметкерлерінің 20 қыркүйек пен 3 қазанда әуе компаниясы қызметкерлері арасында сауалнама жүргізуіне және билет сату жүйесінен мәлімет алуына рұқсат беріліпті. Мұны растайтын хаттамалар да бар көрінеді.

Әуе компаниясының мәліметі бойынша, 2016 жылдың қаңтар-шілде айларында Алматы-Астана бағыты бойынша орташа баға 20 124 теңге, ал долларға шаққанда – 58 долларды құраған. Бұл баға өткен кезеңмен салыстырғанда 34%-ға төмен.

"Осылайша, Air Astana әуе компаниясының 2016 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ел ішіндегі ұшу бағыттары бойынша орташа тарифы  39 АҚШ долларынан (Астана-Павлодар, 414 км қашықтықта) 92 АҚШ доллары (Алматы-Атырау, 2064 км қашықтықта) арасындағы соманы құраған. Ал бұл әлемдегі ең арзан орташа тарифті бағаның бірі болып табылады", – деп мәлімдеген  "Air Astana" компаниясы, – тексеру нәтижесін күтпестен және әуе компаниясын тексеру қорытындысымен таныстырмастан, монополияға қарсы мекеменің басшысы ұлттық заңнамада қарастырылған нормаларды, тексеру жүргізуде тәуелсіз және әділеттілік қағидаларын бұза отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында  әуе компаниясын монополиялық әрекет істеді және бағаны "орташа есеппен 40%-ға, тіпті 80%-ға" көтерді деп айыптап, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты.

Әуе компаниясы аталған жағдай бойынша "кәсіпорынның заңды құқын бұзуды тоқтату мақсатында" Бас прокуратураға шағым жазды. Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев даудың әлі де бітпегенін айтты.

Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың алдында есеп берген ұлттық экономика министрі: – Табиғи монополияларды реттеу комитеті бағаның өзіндік құнын анықтау жұмысын жүргізуде. Өкінішке орай, ұшу рейстерінің өзіндік құны туралы мәліметті ұсынудан бас тартып отыр. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Қор алдында есепті компанияның барлық ресйстің өзіндік құнына байланысты мәліметті ұсыну туралы Қор атына ресми хат жолдауды ойлап отырмын. Осы мәліметті алғаннан кейін монополиялық жағдайды қасақана пайдалана отырып, билет бағасының көтеру жағдайлары болғаны не болмағаны жайлы шешім шығаруға болады, – деп мәлімдеді. 

Министрлер кабинетінің басшысы "ақпарат алу – мәселе емес" дей келе, "Монополияға қарсы заңнама аясында жұмыс істеп,  мәселенің төркіні неде екенін білу үшін бұл жұмысты соңына дейін жеткізу шарт. Егер барлығы шынайы әрі әділ болып жатса, ешқандай сұрақ тумайтыны анық. Ал егер де субъективті сипат, айталық, монополиялық табысты пайдалану сынды жайт анықталып жатса, заңнамаға сәйкес шешім қабылдау керек", – деп үкімет төрағасы қысқаша түйіндеді.

Саяжан Каукенова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу