КҰП меценаттық мәдениетті қалыптастырмақшы

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2344

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы "Атамекенiм" акциясын бастады.

КҰП меценаттық мәдениетті қалыптастырмақшы

"Атамекен" Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы (КҰП) елде қайырымдылық мәдениетін қалыптастырмақ. 11 қыркүйек күні өткен баспасөз мәслихатында КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов "Атамекенім" акциясының бастау алғанын хабарлады. Акция әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне қатысты бизнестің бастамаларын қолдауға негізделген. Акция Қазақстанның 14 өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы қалаларында өтеді.

КҰП-тың ресми сайтында әлеуметтік проблемалар тізімі көрсетілген "Қайырымдылық" деген айдар іске қосылады.

"Атамекен деп соққан әрбір жүректе  бұл менің отаным, өзімнің отаныма деген қарым-қатынасым деген жылу бар. Сондықтан жобаны іске қоса отырып, жүйелік шара дайындадық. Оның біріншісі – мемлекет басшысының жолдауындағы бағдарламалық мақалалар, ондағы әлеуметтік жауапкершілік. Біз әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттедік, сонда байқағанымыз, әлеуметтік жауапкершілік барлық жерде бар. Бұл қайырымдылықты қалай көрсету керектігі жайындағы үлкен индустрия, бүтін бір мәдениет. Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген кәсіпкер осы миссияға атсалысып келеді, өкінішке қарай, бұл маңызды іс болса да, қайырымдылық жасағанын ешкімнің жариялағысы келмейтінін байқадық. Олар қайырымдылықты мақтан мен  дақпырт үшін жасамайды, оны өздерінің парызы санайды", – деді Абылай Мырзахметов.

Ол осы тәжірибені жүйеге келтіру өте маңызды деп есептейді.

"Қазіргі уақытта "Қайырымдылық туралы" заң бар. Әлемдік тәжірибені және мемлекет басшысының алға қойған  міндетін есепке ала отырып, қандай түзетулер енгізу керектігін қараймыз. Мысалы  кәсіпкер қайырымдылық жасаған болса, оның атын қандай мекемеге немесе көшеге беру керектігі қалай шешіледі. Мұның барлығы заң жүзінде ретке келтірілуі керек. Қандай нормалар қажет екенін қарастырамыз", – деді КҰП басқарма төрағасы.  

Сондай-ақ "Атамекенде" еліміздің салықтық артықшылықтарына сараптама жасалды. Өйткені әлемде қайырымдылық жасау қадағаланады, ал мемлекет оны экономикалық тұрғыдан ынталандыру үшін нақты бір жеңілдік береді. Ал Қазақстандағы кәсіпкерлердің бәрі бірдей мұндай жеңілдікті пайдаланбайды.

"Біздің Салық кодексінде жақсы нормалар бар. Өкінішке қарай  мұны кәсіпкердің бәрі бірдей білмейтінін және қолдана бермейтінін түсіндік. Біз мемлекеттік кіріс комитетінің 2015 жылғы мәліметттеріне қарап шамамен екі мың кәсіпкер осы жеңілдікті пайдаланғанын көрдік, яғни олар корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылған. Салық кодексінде қайырымдылық жасайтын ірі кәсіпкерлер үшін 3% жеңілдік көрсетілген, яғни кәсіпкер салық төлегенге дейінгі соманы шыққан шығын жиынтығынан есептеп шығаруға болады", – деді Абылай Мырзахметов.  

КҰП осы жылдың соңына дейін қайырымдылық жасау жағдайын жақсарту бойынша тиісті ұсыныс жасайды. Соның ішінде меценаттарды моральдық көтермелеу ең басты ынталандыру болып қала береді.  

 "Қайырымдылық жасағандарды моральдық көтермелеу маңызды екенін айта отырып, бұл жүйені де бір ретке келтіру керектігіне тоқталғымыз келеді. Сондықтан "Парыз" мемлекеттік сыйлығын бекітуді ұсынып отырмыз. Моральдық марапаттау барлық жерде бар, мысалы Ресейде бір жылда бес адам мараптталады, осы елдің президенті әлеуметтік қайырымдылық жасауда ерекшеленгендердің еңбегін бағалап, орденмен марапаттайды. Бізде "Шапағат" деген марапат  бар, бірақ оның кімге қандай жағдайда берілетіні түсініксіз", – деді басқарама төрағасы.

Абылай Мырзахметов "Парыз" байқауын өткізудің рәсімін өзгерту керек деп есептейді.

"Жыл сайын "Алтын сапа" және "Парыз" байқауы өтетінін білесіздер, бұл корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік,  онда жұмыс беруші ретінде өзінің жұмыскерлерімен әлеуметтік-жауапкершілік жұмысын ретке келтірген ірі, орта және шағын компаниялар марапатталады. Осы орайда қайырымдылыққа қатысты берілетін марапаттауға толықтыру енгізу керек, яғни "Парыз" конкурсына", – деді Абылай Мырзахметов.  

Ол адамдар өздерінің жасаған игі істері назардан тыс қалмағанын түсіну үшін моральдық ынталандыру жасау маңызды екенін атап кетті.

"Бұл кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Экономикалық ынталандыруды ірі компаниялар пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Ал шағын, орта компаниялар мен бизнесмендер үшін моральдық көтермелеу өте маңызды. Осының барлығын бір жүйеге келтіру керек", – деді ол.

Павлодар облысының Шарбақты ауданында қайырымдылыққа қатысты қанатқақты жоба қазірдің  өзінде іске асып жатыр. Осылайша Екібастұз кәсіпкерлері қандай жобаны қаржыландыру қажет екенін түсінеді.

Шешім қабылдау процесін жеңілдету үшін бизнеске  жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген нақты жобаны қаржыландыруды ұсыну керек деп есептейді басқарма төрағасы.

КҰП басқарма төрағасы аудандық және облыс орталықтарында әлеуметтік сұранысқа ие жобалар тізімі бар сайттар болу керек дейді.

"Сол кезде нақты кімге қандай көмек жасау керек екенін білесің. Біздің кәсіпкерлер көмек көрсетпей отырған жоқ, олар мұны ауыл ақсақалдарымен ақылдасып жасауда. Дегенмен жергілікті үкімет көрсетіп, ынталандыратындай, бұл нақты бағдарланған жұмыс болу керек", – деді ол.

"Қайырымдылық жасаудың мәдениетін қалыптастырғымыз келеді", – деді Абылай Мырзахметов.

Ал Алматы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары кәсіпкер Қайрат Құдайберген  кәсіпкерлердің көбісі салық саласында белгілі бір артықшылыққа ие болатыны туралы хабарсыз екенін айтты.
"Бүгінгі көтеріп отырған идеологияларыңыз өте орынды. Сіздердің айтып отырған артықшылықтарыңыз туралы көп кәсіпкер білмейді. Егер барлығын біріктіріп, бір тізімге кіргізетін болсақ, онда бұл өзіміз үшін де жақсы. Қандай қайырымдылық жасалғанын, кімді марапаттау керек екенін біліп отырамыз", – деді ол.

Қайрат Құдайбергенов: "Қайырымдылық қандай да бір пайда келтіру үшін жасалуда. Егер біз өз тарапымыздан бұл жайында айтатын болсақ, онда қайырымдылық жасаудың одан әрі өріс алуына түрткі боламыз", – дейді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу