Купоны бар адамдар компания акционеріне айналуы мүмкін

50488

Ол үшін 90-шы жылдары салым салған қорыңызды іздеңіз.

Купоны бар адамдар компания акционеріне айналуы мүмкін

Егде жастағы қазақстандықтар "чек кітапшаларын" әлі күнге сақтап жүр. Олар кезінде, жекешелендірудің алғашқы толқынында мемлекет пен кәсіпкерлер уәде еткен дивидендтер беріліп қала ма деп күтеді. Солардың бірі – Шымкент тұрғыны Ольга Вольвич.

"Қолымда жекешелендірудің инвестициялық купонына толы чек кітапшалары қалды. 1995 жылы берген, содан бері сақтап жүрмін. Оларды не істеуге болады? Қорлардың тағдыры не болды? Сол купондардағы акциялар қазіргі кезде кімнің иелігінде? Ол акцияны қалай алуға болады? Осыған билік жауап берсе екен", – дейді О.Вольвич.

Қостанайлық А.Мантулинге 1993 жылы халықпен есептесу аясында "Сберегательный банк Казахстана" банкінің чек кітапшасы тиіпті.

"Қолымда оның 13 мың 600 купоны қалды. 1994 жылы Қазақстанның Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемкомитеті де инвесткупондары бар чек кітапшасын берді. Ол 100 купоннан тұрады. Оларды инвестициялық қор есепшотына салдым. Содан бері тым-тырыс. Егер купон бойынша акциялар инвестқор есепшотына түссе, ол пайда тапты емес пе. Онда менің дивидендтерім қайда? Мемлекет халықты алдай беруге жаман үйренген. Жауап беретін де ешкім жоқ. Көп адам, таныстарым чек кітаптарын шкафтарында сақтап жүр. Мемлекет берген уәдесін орындап, күндердің бір күнінде купон бойынша ақша тарата бастай ма деп үміттенеді", – дейді Александр Мантулин.

Алайда Қаржы министрлігі бұған күмәнданады: сол кезде акциялары таратылған компаниялардан бүгінде "тірі" қалғаны шамалы.

Ал купон таратқан Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитеттің қазіргі мұрагері – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Оның мәліметінше, Қазақстанда "Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң" 1993–1995 жылдарға (II кезең) арналған ұлттық бағдарламасына сәйкес, Президенттің 1993 жылғы 23 маусымдағы өкімімен купондар туралы ереже күшіне енді.

"Ол купондарының ақшалай құны болмады және тек қорларға салуға арналды. Купон иелері өз купондарына қандай да бір соманы жазып, оны өздерінің атаулы есепшоттарынан өздері таңдаған қорлардың шотына аударды. Салым солай жүзеге асырылды. Инвестициялық қорларды әрбір салымшы өзі дербес таңдады, салым ретінде енгізілетін купондар санын да өзі анықтады. Нәтижесінде купон салымшылары сол қордың акционерлеріне айналды", – дейді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов.

Яғни мемлекет бұл іске араласпады. "Бұл – инвестқор мен жеке азаматтар арасындағы жеке шаруасы" дегенге саяды ұстанымы.

"Қазіргі кезде ол қорлар Қазақстан заңнамасына сәйкес, акционерлік қоғамға айналып, жұмыс істеуде. Тиісінше, олар – бұрынғы қорлардың міндеттемелері мен құқықтарының мұрагері. Сондықтан ол салымшылардың акционер ретіндегі құқықтары 2003 жылы қабылданған "Акционерлік қоғамдар туралы" заңымен реттеледі. Ендеше қорлардың кез келген салымшысы қазіргі АҚ-лардың толыққанды акционері ретінде заңның 14-бабы бойынша оны басқаруға қатыса алады. Сондай-ақ дивидендтер алуға, АҚ-ның қаржылық есебімен танысуға, реестрұстаушыдан немесе номиналды иесінен көшірме-құжаттар алуға құқығы бар. Осыған орай азаматтар купондар бойынша ақпарат алу үшін сол қордың тікелей өзіне жүгінулері қажет", – деді Бақытбек Кәкімұлы.

Бірақ одан бәрібір ештеңе шықпауы мүмкін. Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті ұсынған, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы мәліметтер бойынша тәуелсіздіктің басында қаптап құрылған қорлар кейін АҚ-қа айналғанымен, ақырында бәрібір жабылып тынған.

Мысалы, №010 "Жарасым-инвест" қорының мұрагері – "Первый Инвестиционный" АҚ-ы, №021 "Райымбек" қорының ізбасары – "Дегдар" АҚ-ы, №108 "Темірмұнай инвест" қорының орнына құрылған – "Темірмұнайинвест" АҚ-ы, №145 "Легин-инвест" қоры негізінде дүниеге келген – "Қайнар" АҚ-ы жойылыпты. Ал №100 "Алтын ғасыр-инвест" қоры АҚ болып қайта құрылмастан жойылған.

"Атап өтер жайт, инвестқорлар кезінде кәсіпорындардың өндірістеріне инвестиция салатын құрылым ретінде ашылған-тын. Оған айырбас ретінде қорлар кәсіпорындардың акцияларын купондық саудада сатып алды. Алайда қорлардың басым көпшілігі инвестор ретіндегі өз функцияларын сол бойы орындай алмады. Осыған байланысты көптеген қор не жойылып кетті, немесе бүгінде жұмыс істемейді. АҚ заңына сәйкес, саудада орналастырылмаған немесе АҚ-тың өзі кері сатып алған акциялар бойынша дивиденд есептелмейді. Бұған қоса, сот үкімімен немесе акционерлердің жалпы жиынының шешімімен АҚ жойылса, онда дивиденд төленбейді", – дейді комитет төрағасы Б.Тәшенов.

Экономист Марат Ерғозин Үкіметтің елдің қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, жаңылыстырғаны дұрыс болмады деген пікірде.

"Сіз мысалы, АҚШ-та не Еуропада қор нарығында листингтен өтуші барлық компанияның жабылып қалуын, бірде-бірі акционерлеріне жаппай дивиденд төлемей қоюын көзге елестете аласыз ба? Ондай компания бүкіл инвестордың сенімінен айырылып, нарықтан кетуге мәжбүр болар еді. Ал бізде қорлар купондық жекешелендіру арқылы мемлекеттің сүбелі, майшелпек кәсіпорындарын, банктерін өз қолдарына көшіріп алды. Артынан қайта құрылымдану арқылы акционерлеріне, яғни қарапайым халыққа көк тиын төлемей кетті. Негізі болашақта мемлекет бір реттік науқан өткізіп, купондар бойынша халыққа ақша төлеуі керек сияқты. Әйтпесе, 90-шы жылдары халықты алдаған айыбынан ешқашан жуылып, құтыла алмайды", – дейді сарапшы.

Соған қарағанда қолында купоны қалған азаматтар чек кітапшасын қоқысқа тастамай, сақтап қоя салғаны жөн сияқты. Заман да, заң да өзгеріп жатады ғой.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу