Күзде инфляция деңгейі өсіп, азық-түлік бағасы қымбаттайды – сарапшы

Бұл өзгеріс бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты болмақ. 

Күзде инфляция деңгейі өсіп, азық-түлік бағасы қымбаттайды – сарапшы

Биыл Ұлттық банк инфляция 4-6% деңгейінде болады, деп болжаған еді. Алайда күні кеше ғана Ұлттық статистика бюросы қымбатшылық көрсеткіші аталған дәлізден асып кеткенін мәлім етті. Мәселен, жыл басынан бері азық-түліктің бағасы 7,3%-ға, азық - түліктік емес тауарлар бағасы – 4,5%-ға өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Tickmill халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев бұл қымбатшылықтың басы ғана деп есептейді. Айтуынша, инфляциялық болжамдар өсе салып, төмендейтін үдеріс емес, ол созылмалы мәнге ие.

"Жалпы оның 2 түрі бар. Бірі – сұраныс инфляциясы. Екіншісі  ұсыныс инфляциясы. Қазіргі кезде болып жатқан өзгеріс бұл сұраныс инфляциясы емес. Бұл локдаундар, елдің монетарлық саясаты мен әлемде болып жатқан оқиғалардан туған ұсыныс инфляциясы. Халық тарапынан сұраныс жоқ, себебі халықтың табысы өсіп жатқаны шамалы. Алайда, бағалар шарықтап барады. Күзге қарай мәселе күрделене түседі деген болжам бар", – деді қаржы сарапшысы.

Арман Бейсембаев биыл бүкіл әлемде осындай жағдай қалыптасқанын тілге тиек етті. Мысалы, АҚШ-тағы инфляция деңгейі 2%-дық дәлізден асып кеткен. Ал жылдың соңына қарай тіпті 8% деңгейіне жетуі мүмкін. Дәл осындай жағдай Еуропада да қалыптасқан.

"Біз әлемдік экономиканың бір бөлігіміз, сондықтан оған тәуелдіміз. Сыртқы нарықта азық -түлік бағасы өсуде, сонымен қатар елдің агроөнеркәсіптік саласында дағдарыс орын алды. Өткен жылы да солай болған. Құрғақшылық, астықтың аз болуына алып келді. Бұл мәселе биыл да шешілген жоқ", – деді Арман Бейсембаев.

Сарапшының болжамынша күзде бірінші кезекте ет пен әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасы өседі.

"Күзге қарай ет бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл қуаңшылыққа байланысты аймақтарда малдың қырылауына байланысты. Ұн мен нанға қатысты қиындықтар туындауы мүмкін. Ол да құрғақшылыққа байланысты. Бұған қоса әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсу перспективасы бар. Мен халық арасында дүрбелең туғызғым келмейді, бірақ соған қарамастан осындай жағдай қалыптасуы әбден мүмкін", – деді қаржы сарапшысы.

Мұның алдын алу үшін не істеуге болады?

"Үкімет алдын ала шаралар қабылдауы керек болатын. Енді кеш", – деді спикер.

Еске сала кетсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше шілде айында қырыққабат бағасы 12,6%, қызылша - 9,1%, пияз - 8,2%, күнбағыс майы - 4,2%, құс еті - 3%, қарақұмық жармасы - 2, 6% өскен. Сонымен қатар жылқы еті - 2,5%, қой еті - 2,4%, сиыр еті - 2,2%, шошқа еті, шай - әрқайсысы 2%, жұмыртқа - 1,3%, қант - 1%, ұн - 0,9% қымбаттады.

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу