Құзырлы органдар халықтың триллион теңгенің затын жасырын сатып алатынын анықтады

6016

Оған тосқауыл қою үшін енді Ресей мен Беларусьтің қатаң шарасы Қазақстанда енгізілмек.

Құзырлы органдар халықтың триллион теңгенің затын жасырын сатып алатынын анықтады

Қарапайым адамдар ынтыға күтетін "Жаңа жыл" мейрамы келе жатыр. Сонда жұртшылық сатып алатын жасанды шыршалардың, оларды безендіруге арналған ойыншықтар мен шамтізбек-гирляндалардың, мерекелік костюмдердің, түрлі корпоратив кештеріне, қонаққа сәнденген қазақстандықтардың киетін киімдерінің, тіпті халықтың бір-біріне сыйлайтын сыйлықтарының басым бөлігі елге заңсыз, айналма жолдармен әкелінген контрафакт не контрабанда өнім болуы мүмкін.

Сатып алушылар үшін бағасы тиімді әрі тартымды болса жеткілікті. Тауарға ілеспе жүкқұжаттарды, сәйкестік сертификатын сұрайтындар некенсаяқ.

Мұндай тауарлардың ауқымы алапат. Ресми мәлімет бойынша бүгінде Қазақстан аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларының "көлеңкелі" айналымы 1 триллион теңгеге жуықтады (925 млрд 502 млн теңге). Бұлар – елдегі осы тауарлардың басым көпшілігін – 59%-ын құрайды. Мұнда "айналымы" деген сөзге екпін түсіруге болады: егер тұтынушылар сатып алмаса, заңсыз өнімдер айналымнан шығып қалар ма еді.

Оның үстіне "көлеңкелі" тауарлардың үлесі жыл санап, қарқынды түрде өсіп келеді. Егер 2020 жылы оның үлесі 15%, 2021 жылы – 20% болса, 2022 жылы үлесі екі есеге артып, 49%-ға жеткен. 2023 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 59%-ды құрады.

Жеңіл өнеркәсіп тауарларының отандық өндірісі өсетін емес. Қаржылай көрсеткішінің артуы өндірісінің де күрт артқанын білдірмейді, бағаның құнсыздануы, инфляция, девальвация сияқты факторлар әсерінен тауарлардың қымбаттағанын көрсетеді.

Мысалы, осындай отандық тауарлардың өндірісінен 2020 жылы – 142 млрд 721 млн теңге, 2021 жылы – 153 млрд 627 млн, 2022 жылы – 193 млрд 230 млн теңге, ал, 2023 жылы – 237 млрд 405 млн теңге түсім түскен екен.

Сонымен бір мезгілде, жеңіл өнеркәсіп тауарларының шетелден, әсіресе, Қытайдан тасылатын көлемі осы кезеңде 3,5 есеге ұлғайып кеткен. TaoBao, Pinduoduo, Temu, 1688 сияқты қытайлық онлайн базарлар мемлекеттерге қауіп төндірді. Төмендеген тұрмыстан титықтаған халық шетелдік маркетплейстерден арзан бағасы мен үлкен жеңілдігіне қызығып, көр-шөрді көптеп сатып алады.

Салдарынан, жеңіл өнеркәсіп салалары тауарларының импорты 2020 жылғы 384 млрд 891 млн теңгеден, 2021 жылы –  488 млрд, 2022 жылы – 920 млрд 526 млн, ал, 2023 жылы – 1 триллион 370 миллиард 710 млн теңгеге дейін еселеп өсті.

Бұл ретте көлеңкелі нарықта сатылатын контрабандалық, контрафакт тауарлардың үлесі 2020 жылғы 78,1 млрд теңгеден, 2021 жылы – 126,9 млрд, 2022 жылы – 541,1 млрд, ал, 2023 жылы – 925,5 миллиард теңгеге дейін еселеп артты.

"Қазіргі уақытта Қазақстан аумағына таяу және алыс шетелдерден жеңіл өнеркәсіптің контрафактілік және контрабандалық тауарлары заңсыз тәсілмен өте үлкен көлемде түсіп жатыр. Олар кедендік жүктерді ресімдеу қағидаларын бұзып әкелінеді. Бұған жеңіл-желпі, селсоқ қарауға болмайды. Бюджетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтару ел экономикасына теріс әсер етеді және жеңіл өнеркәсіптің отандық саласының дамуына кедергі келтіреді", – дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы Әйгерім Исабекова.

Оның айтуынша, өзге елдердің, негізінен, Қытайдың жеңіл өнеркәсібі өнімдерін өткізуге қызмет ететін импорттаушылардың бюджетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы ұлттық экономикаға соққы береді. Контрабандалық және контрафактілік тауарлардың төмен құнына байланысты отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына кедергі келтіреді.

Сарапшының дерегінше, қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатудың жалпы көлемінде 8%-ы ғана – отандық өнімдерге тиесілі. Қалған 92%-ы – импорттық өнім.

Көлеңкелі өнімдер саудасы неге осынша етек жайды? Өнеркәсіп министрлігінің түсіндіруінше, біріншіден, отандық жеңіл өнеркәсіп Қазақстан халқы мен бизнесінің сұранысын мүлдем қанағаттандыра алмай тұр. Содан олар амалсыз керектісін жатжұрттардан тасиды. Айтпақшы, экономистер теңгенің девальвациялануына да елдің импортқа шектен тыс тәуелділігі ықпал етіп отырғанын айтады.

Сонда триллиондаған теңге бюджет қаражаты бағытталып жатқан қазақстандық өнеркәсіп неге дамымайды? Министрлік жеңіл өнеркәсіп саласын өркендетудің негізгі шектеуші факторлары ретінде келесілерді атады:

  • Бизнестің белсенді болмауы, отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жеткіліксіз дамуы;
  • Нарықтың бос болмауы және оның импорттық жеңіл өнеркәсіп тауарларына толып, соған тәуелді болуы;
  • Заңсыз әкелінген жеңіл өнеркәсіп тауарларының үлкен көлемі, салдарынан баға жөнінен отандық өнімдердің олармен бәсекелесе алмауы;
  • жеңіл өнеркәсіп тауарларының заңсыз айналымы үлесінің көптігі.

Екіншіден, Өнеркәсіп министрлігінің түсіндіруінше, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарлары айналымының орталықтандырылған ақпараттық жүйесі жоқ. Өйткені заңнамада кәсіпкерлік субъектілері тиісті деректерді ортақ бір жүйеге беруге міндеттелмеген.

Соның салдарынан тұтынушылар жеңіл өнеркәсіп тауарларының шығу-тегі, заңдылығы туралы қажетті мәліметтерді еш жерден ала алмайды, оның заңды әлде заңсыз өнім екенін тексеруге мүмкіндігі жоқ.

Сондықтан жаңа жылда Қазақстан жеңіл өнеркәсіп тауарларын жаппай таңбалауды және қозғалысын қадағалауды енгізуді жоспарлап отыр.

Мұнда ел Үкіметі Ресей мен Беларусьтің жүйесіне кіретін болады. Өйткені оларда бұл жүйелі жолға түсті. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауды бірінші болып, Ресей Федерациясы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап (ЕАЭО СЭҚ ТН 5 коды) енгізді және 2024 жылғы 1 сәуірден бастап оны "ЕАЭО СЭҚ ТН 31 кодына" дейін ұлғайтты. Яғни, жеңіл өнеркәсіптің тауарларының кең ассортиментіне марка басу талап етіледі.

Беларусь таңбалауға 2022 жылғы 1 наурыздан бастап (ЕАЭО СЭҚ ТН 5 коды) кірісті.

Еуразиялық одақтағы славян серіктестерінің үлгісін қабылдау үшін Қазақстанға заң қабылдаудың да қажеті жоқ екен.

Оны енгізу үшін Сауда және интеграция министрінің "Таңбалануға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы" 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 343-НҚ бұйрығына толықтыру енгізу туралы" жаңа бұйрығының жобасы әзірленді.

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі "Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы" және "Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауда қолданылатын бақылау (сәйкестендіру) белгісі, сәйкестендіру құралы құнының шекті мөлшерін айқындау туралы" жаңа бұйрықтарын қабылдайды.

Бұл жаңалық ондаған мың компания мен бизнес нысанын қамтиды. Ұлттық статистика бюросы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, қазіргі кезде елімізде жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналымына 31 392 субъект қатысады. Соның ішінде:

  • отандық өндірушілер – небары 969 субъект (ірісі – 5-еу ғана, орташасы – 17, қалғаны шағын – 947);
  • импорттаушылар – 2 420 (ірісі – 12, орташасы – 7, шағыны – 2 401);
  • көтерме саудагерлер – 1 434 субъект, барлығы 100% шағын кәсіпкер;
  • бөлшек сатушылар, базарлар, сауда орындары – 26 569 субъект (ірісі – 5, орташасы – 5, шағыны – 26 559).

Тауарлардың таңбалау тегін емес екені мәлім. Оған қажетті құралды, бағдарламалық қамтылымды сатып алу керек. Ай сайын бағдарламасына жызылым құнын, "Қазақтелекомның" ақысын, тауарларды таңбалап, қадағалайтын мамандардың жалақысын да төлеуі қажет. Сондықтан оған кәсіпкерлік қауымдастықтар жаппай қарсы шығуда.

Өнеркәсіп министрлігінің есептеуінше, бұл тетікті енгізу нәтижесінде барлық 31 392 субъектіге жалпы сомасы 1 миллиард 903,7 миллион теңге бір реттік шығын шегуге тура келеді.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіптің әрбір тауарына жапсыру үшін бақылаулық-идентификациялық белгіні сатып алып тұруы шарт. Оның әрбірінің құны 2,68 теңгеден жоғары. Бір жағынан көп те еместей. Екінші жағынан, оны әрбір тауарға, мысалы, әрбір шұлыққа жапсыру міндетті болатынын ескергенде, жалпы шығын жүздеген миллионмен есептелуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу