Квазимемлекеттік сектор нысандарының саны 80%-ға қысқаратын болды

7175

Қазақстанда не толыққанды мемлекеттік мекеме, не бизнес субъектісі болып есептелмейтін, екі ортада қалып, делдал сипатында жұмыс істейтін 6,4 мың кәсіпорын бар. Олар азайтылуға тиіс. 

Квазимемлекеттік сектор нысандарының саны 80%-ға қысқаратын болды

Мемлекеттің мойнында масыл болып отырған кәсіпорын-компанияларға бір тықыр таянып келеді. 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөз сөйлеген Президент Қ. Тоқаев Смайылов Үкіметіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, "квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді" тапсырды. Содан бері тура бір ай өтті.

Алғашқы ұсыныстар да Үкіметке енгізілді. Жалпы осы ай ішінде бұл мәселеде Министрлер кабинеті түпкілікті айқындалуға тиіс. Егер үкіметтік және тәуелсіз сарапшылардың ұсынысы өтсе, нәтиже қазақстандықтарды қайран қалдыруы мүмкін.

Айта кету керек, квазимемсектор ұйымдары үстінен Қ. Тоқаевқа кәсіпкерлер шағымданып жүр. Бизнес өкілдерінің ұзақ уақыттан бері Мемлекет басшысының құлағын шулатуы ақыры саладағы кең ауқымды реформаға түрткі болғанға ұқсайды.

Әдетте құзырлы органдар жоғарыға жеткен нақты шағымдар бойынша жеке жұмыс істейтін. Бұл іріңді таңғанмен бірдей, ал сектордың өне-бойы дертті көрінеді. Сондықтан бұл жолы Президент Үкіметке "квазимемсектордың мемлекеттік және төл сатып алуларының бүкіл жүйесін қайта қарауды" жүктеді. Себебі оның байламынша, осы үдерістің барлық кезеңдерін "коррупция мен ысырапшылдық" жайлап алған. Қабылданған нақты шаралар жағдайды елеулі өзгерте алмады.

Алдағы түбегейлі жаңғыру нәтижесінде квазимемлекеттік және мемлекеттік сатып алуларға тек кіршіксіз бедел-репутациясы, тиісті техникасы, білікті мамандары бар және бюджетке салығын уақытылы төлеп отырған өндірушілер қатысатын жағдай жасалуы қажет. 

Сектор кәсіпорындары ел басшылығының бұрынғы сынынан кейін қағида-ережелерін өзгертті: олар тіптен қатал, ауқымды бола түсті де, бизнесмендерді шошытты. Себебі ол талаптар мен критерийлерге сай келу үшін көп шығындалу қажет етіледі. Оның үстіне бәрібір тендерді кім ұтып алатыны көбіне алдын ала белгілі.

2022 жылғы 1 ақпанда "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы отставкаға кетті. Ол бұл лауазымын бір жыл да атқарған жоқ, А. Мұратұлы 2021 жылғы 15 сәуірде Президенттің сынынан кейін креслосынан ауып қалған Ұлан Әліповты ауыстырған еді. Басшылары ауысқанымен, "ҚазАвтоЖолдың" тендерлерін үнемі жеткізушілердің шектеулі шоғыры ғана ұтып алады екен. Мысалы, екі жыл ішінде ұлттық компания техникалық қадағалау қызметтері бойынша 99 сатып алу конкурсын өткізіпті. Олардың жартысын бір-бірімен сыбайласқан 4 компания ғана жеңіп алып отырған. Бұл ретте елімізде осындай қызметті көрсете алатын 2 мыңнан аса аккредиттелген ұйым мен 6 мыңдай аттестатталған сарапшы бар.

Президент айтқандай, квазисектор сатып алуларының айқын болмауы халықаралық деңгейдегі салмақты компанияларды үркітеді. Ал Жаңа Қазақстанды тұрғызуға "әлемге танымал, халықаралық беделі зор белді компаниялар қажет" екені мәлімделді.

Әлеуметтік ұйымдардың мәртебесі өзгеруі мүмкін

Тапсырмаға сәйкес, Үкімет квазимемсектор ұйымдарын сыбайлас жемқорлықтан және ысырапшылдықтан арылтуы қажет.

Бұған қоса, Қ. Тоқаев Үкімет пен бюджеттің ығын паналайтын қаптаған кәсіпорындар санын күрт қысқарту міндетін қойыпты. Қызықты өзгерістердің бір парасы да осыған қатысты болмақ.

Ұлттық экономика министрлігі реформа аясында "квазимемлекеттік сектор" деген ұғымның өзі өзгеретінін хабарлады. Әйтпесе, бұл тым кең ұғым көрінеді.

"Қолданыстағы заңнамада "квазимемлекеттік сектор субъектісі" деген кең ұғым бар. Ол мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын әртүрлі заңды тұлғаларды біріктіреді. Олардың арасына, айталық, мемлекеттік кәсіпорындар, ЖШС-лар, АҚ-ылар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, олармен үлестес, еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар енгізілген. Мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарды қоспағанда, дәл осы ұйымдар сондай-ақ "жария мүдделі ұйымдарға" да жатады", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Министрлік мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда "квазимемлекеттік сектор субъектісі" қатары 6,4 мың ұйымды қамтиды. Бірақ олардың көбі салыстырмалы алғанда, ұсақ және мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар, яғни балабақшалар, музыка мектептері, мұражайлар және тағы басқасы түрінде болып келеді.

Енді осы санды Үкімет ең кемі 1/3-ге күрт азайтатын болды. Қалай?

Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасында "квазимемлекеттік сектор субъектілері" (КСС) ұғымынан мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарды алып тастауды ұсынып отыр. Сонда мемлекет қатысатын ұйымдар саны үштен бірге сиреп қалады.

Айтқандай, мәртебесінің өзгеруі мектеп, мұражай және басқаларына жеңілдік әкеледі деп сендіреді министрлік: "Бұл қадам мемлекет қатысатын ұйымдар үшін талаптарды азайтуға, оның ішінде айқындылық, корпоративтік басқару, қаржылық тұрақтылық және басқа да талаптарды дифференциялауға мүмкіндік береді". Есеп-қисаптар да азаюы ықтимал.

Квазисекторда қанша компания қалады?

Соңғы жылдары бұл сектор нысандарының саны күрт азайды, алдыңғы онжылдықта он мыңнан асатын. Олардың көбі сатылды, жекешелендірілді, сенімді басқаруға берілді, инвесторға табысталды, тіпті ...сыйға тартылған.

Мысалы, жекешелендірудің екінші толқыны кезінде, 2015 жылғы желтоқсанда мемлекет "Коммерциялық телевизиялық арна" (КТК) АҚ-ындағы үлесін тарту етіпті: "сауда әдісі" деген тұста "дарение" деп жазылып тұр. Жеңімпаз аталмаған, "Алматы қаласының заңды тұлғасы" көрсетілген. Сыйға алуға осы жалғыз қатысушы ғана "келісіпті".

2016-2020 жылдардағы Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру аясында Үкімет 503 квазисектор нысанын сатып құтылды. 302 объект қайта ұйымдастырылды және таратылды. Активтерді сатудан бюджетке 630 миллиард теңге түсті. Мемлекет оны баяғыда-ақ "жеп" қойды.

Қазір Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылуда. Оның аясында мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 733 объектісі саудаға қойылуда. Демек аталған сектордағы субъектілер саны одан сайын азая түспек.

Қорыта айтқанда, квазимемлекеттік сектор нысандарының саны нақты қаншаға азаюы мүмкін?

Әлгінде елімізде 6,4 мыңға жуық КСС ұйымы жұмыс істейтіні айтылды.

Олардың едәуір бөлігі, нақты айтқанда 80%-ы – әлеуметтік нысандар: емхана, аурухана, басқа да денсаулық сақтау нысандары, мектептер, колледждер, университеттер секілді білім беру нысандары, музей, архив, театр сынды мәдениет, сондай-ақ қаптаған спорт объектілері. Бұлардың жалпы саны – 5,5 мың екен. Соның ішінде 4,2 мыңы – әлгінде шығарып тастауға ұсынылған "қазыналық кәсіпорындар". Қалған 1,3 мыңы – "шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар".

Қалдары – салыстырмалы алғанда ірі және өте ірі нысандар. Мысалы, 300-і – акционерлік қоғамдар, 600-і – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Бұл қатарға "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының және "Бәйтерек" холдингінің компаниялар тобына кіретін кәсіпорын-компаниялар жатады.

Әйткенмен мәртебенің өзгеруі белгілі бір шектеу әкелуі де мүмкін. Жаңа заңды әзірлеу барысында Үкімет Франция, Ұлыбритания және Әзербайжан мен Грузияның үлгісін зерделеуде.

Мысалы, Францияда мемлекеттік заңды тұлғалар "мемлекеттік корпорациялар" мен "мемлекеттік кәсіпорындарға" бөлінеді. Бұл елде қазыналық кәсіпорындардың шаруашылық және құқықтық дербестігі жоқ. Квазисектордан сонысымен ерекшеленеді.

Мұндай айырмашылық басқа елдерде де енгізілген. Мысалы, Ұлыбританияда квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары "жария корпорацияларға", Әзірбайжанда "жария заңды тұлғаларға", Грузияда "жария құқықтың заңды тұлғаларына" айналдырылған. Олар қызметін жария жүргізеді, бірақ өз қызметінде мемлекеттен тәуелсіз. Оларды ұжымдық басқару органы басқарады, ең бастысы, көпшілікке пайда әкелсе, мемлекетке дивиденд төлесе, болғаны.

Квазимемлекеттік сектордың бізде қалай түрленетіні алда толыққанды белгілі болуға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу