Қымбатшылық қысып тұр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4368

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы 10 айда инфляция 5,4%-ды құрады.

Қымбатшылық қысып тұр

Қаңтар-қазан аралығында азық-түлік тауарларының бағасы 4,5%-ға ұлғайса, тұрмыстық емес тауарлардың құны 7,5%-ға өскен, ал ақылы қызмет көрсететіндер бұрынғымен салыстырғанда 4,6% артық ақша талап ететін болған.

Жыл басынан бері пияз - 32,8%-ға, картоп - 30,9%-ға, сәбіз- 23,9%-ға, сиыр еті -13,2%- ға, қой еті - 13,1% -ға, консервіленген сүт -10,4%-ға, сары май -  9,4%-ға, кондитерлік өнімдер - 8,7%-ға, мәйекті ірімшік - 8,6%-ға, мұздатылған балық - 8,4%-ға, жылқы еті - 7,9%-ға қымбаттаған. Есесіне  қызанақ - 51%-ға, қияр-50,9%-ға, сарымсақ- 26,8%-ға, тәтті бұрыш- 23,4%-ға, жұмыртқа -23,3%-ға, қарақұмық жармасы - 23,2%-ға, қант-13,9%-ға, қырыққабат- 10,5%-ға және күнбағыс майы - 9,6%-ға арзандаған.

2016 жылдың желтоқсаны мен 2017 жылдың қазанында кеңсе тауарлары мен сызу құралдарының бағасы 9,3%-ға, шыны және қыштан жасалған өнімдер мен автомобиль құны - 7,5%-ға жоғарылаған. Кітап - 7,2%-ға, киім және аяқ киім - 6,6%-ға, тоқыма бұйымдары - 5,6%-ға, газет –журналдар - 5,5%-ға , фармацевтикалық өнімдер  - 5,3%-ға, жеке қолданатын тауарлар - 5%-ға, жиһаз және үйге қажетті заттар- 4,9%-ға, тұрмыстық заттар - 4,4%-ға, жуғыш және тазалағыш құралдар - 4,2%-ға қымбаттаған. 

Дизель отыны - 19,9%-ға, бензин -17,3%-ға, тас көмір-15,3%-ға, баллондағы сұйытылған газ - 7,8%-ға өскен.

Қызмет көрсету саласын да қымбатшылық қысты. Мәселен құқықтық қызмет көрсету -7%-ға, медициналық қызмет -6,9%, көлiк құралдарын сақтандыру- 6,8%-ға, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызмет - 6,5%-ға, қоғамдық тамақтандыру- 4,1%-ға ұлғайды.

Қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы ішкі қалалық автобустарда - 8,9%-ға, қалааралық автобустарда -6,5%,-ға артты.  Әуе көліктерінің қызмет ақысы да -3,9%-ға қымбаттады. Ал алыс қашықтыққа қатынайтын темір жол көлігінің билеті - 0,7%-ға арзандады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы тариф те тізгін тартқан жоқ. Бұл салада тарату желілері арқылы тасымалданатын газ-10,6%-ға, кәріздендіруге - 9,1%-ға  орталықтан жылытуға - 7,3%-ға, тұрғын үйді күтіп ұстау қызметі -6,6%-ға, суық су-5,1%-ға, электр энергиясы- 5%, ыстық су-3,6%-ға өсті.

Жылыту маусымы басталғаннан бері Астанадағы қатты отынның бағасы 19%-ға, Алматы облысында – 16,4%-ға, ал Ақмола облысында 10,6%-ға артты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ұлттық экономика министрлігі инфляцияның жылдық көрсеткіші 6-8% деңгейінде болатынын жариялады. Министрліктің мәлімдемесін үкімет пен Ұлттық банк қостап, бұл көрсеткіштің  шекті мөлшерден аспайтынын айтты.

Қымбатшылықтың қыспағына түскен қарапайым халық министрліктің мәлімдемесіне сенерін, я сенбесін білмей отыр. Өйткені бүгінгі таңда түрлі қауіп қылаң беріп тұр. Тәуелсіз сарапшылар жыл соңына қарай инфляциялық үдерістер күшеюі мүмкін екенін айтып жүр. Бұл алда болатын мерекелерде баға барометрі тағы да өзгереді деген сөз. Мұны ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те растап отыр. Оның сөзінше, қарашада  қымбатшылық - 1-1,1%-ды, желтоқсанда 0,9%-ды құрайды.

"Төртінші тоқсанда инфляция деңгейі 7,1-7,4% болады", – деді министр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу