Қырғызстан Экономика министрлігі жүк көліктерінің шекарадан өтуінің баяулауына байланысты Қазақстанды Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында тауарлардың еркін өтуіне кедергі жасап отыр деп айыптады.
Қырғызстанның Экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен "Ақ-Тілек-автожол" өткізу бекетінде өткен көшпелі кеңестен кейін, "Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарлар қозғалысы еркіндігін шектеп отыр", - деп хабарлайды.
Аталған ведомство басшысының орынбасары Назарбек Малаев тамыздың 20-ынан бері Қырғызстаннан Қазақстанға қатынайтын жүк көліктерінің, атап айтқанда, "Кең-Булун – автожол", "Ақ- тілек – автожол", "Чалдовар-автожол" бақылау-өткізу бекеттерінде жүк таситын автокөлік құралдарының жиналып қалуына байланысты қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасында жағдайдың шиеленісіп тұрғанын ескертті.
"Бұл ахуал аталған өткізу пунктерінде Қазақстан тарапынан бақылау-тексеру шараларының күшейтілуімен байланысты. Сол шаралар салдарынан жүк тасушы автомобильдердің өтуі айтарлықтай тежеліп отыр. Қазақстан жағы ЕАЭО бірыңғай нарығы қызметінің іргелі қағидаттарының бірін бұзып, тауарлар қозғалысы еркіндігін шектеп жатыр және де бұл жағдай жүйелі сипат алып барады",– дейді көрші елдің экономика министрлігі.
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, тамыздың 24-інде сағат 12:00-де төрт бақылау-өткізу пунктінде шекарадан өту үшін 600-ден астам жүк көлігі кезекте тұрған.
Дегенмен, тамыздың 22-інде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі еліміздің Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекараға ешқандай шектеу қоймағанын хабарлады. Содан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында жүк көліктерінің жиналып қалуына есірткінің заңсыз айналымын анықтау операциясы себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, тамыздың 24-інде бұл мәселені қарастыруға Еуразиялық экономикалық комиссия қосылды. Ол Қырғызстан Экономика министрлігінің өтініші бойынша қырғыз-қазақ шекарасында жүк көліктерінің жиналу жағдайын зерттейді.
"Аталған комиссия қырғыз тарапының уәждерімен келісіп, мәселені орнында зерделеу үшін комиссия жіберу туралы шешім қабылдады", – дейді Қырғыз Республикасы экономика министрлігінің өкілі.
Даудың басы суда ма?
21 тамызда Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Суландыру ғылыми-зерттеу институтының директоры Улан Чортомбаев әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, Қырғызстан қоймаларындағы тапшылықтан Қазақстанға су берілмей жатқанын айтты.
Ол шекарада көліктердің тұралауын осы проблемамен байланыстырып отыр.
"Сіздер біздің жүк көліктерді кеден бекеттерінен өткізбей, шекара бекеттерінде кезекке тұруға мәжбүр еттіңіздер. Оның себебін сіздер біздің су беруді тоқтатуымызбен түсіндіресіздер",– дейді Чортомбаев өзінің Facebook парақшасында.
Дегенмен, 24.kg ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қырғызстан су ресурстары қызметінің директоры Алмазбек Сокеев Қазақстанмен арадағы шекарада жүк машиналарының жиналып қалуы су мәселесімен байланысты еместігін айтқан.
"Мен қазақстандық тараппен сөйлестім. Олар шекараның жабылуына су себеп емес екенін айтты. Біз өз міндеттемелерімізді орындаймыз. Шекарада мұндай жағдай былтыр да болған, биыл да қайталанып отыр. Нақты себебін біле алмадық", – дейді Сокеев.
Айта кетсек, жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жамбыл облысының алты ауданында (Жамбыл, Қордай, Мерке, Т.Рысқұлов және Талас) табиғи төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл режим аптап ыстық пен су тапшылығына және соның салдарынан жергілікті шаруалардың шығынға ұшырауына байланысты енгізіліп отыр.
Бұған дейін еліміздің экология министрлігі Қырғызстаннан Жамбыл облысына су жеткізудің тоқтауына байланысты түсініктеме берген еді. Ведомство Талас өзені суының аздығынан, сондай-ақ ерекше ыстық пен қуаңшылық салдарынан қырғыздың Киров су қоймасынан Қазақстанға берілетін судың жеткіліксіз болғанын растады.
Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінде Талас облысында су проблемасы туындағанын алға тартып отыр. Шілденің соңында республика билігі ел ішінде электр қуатының тапшылығына байланысты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін төтенше жағдай енгізген. Оған себеп – су тапшылығы.
1983 жылғы ережеге сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан Шу және Талас өзендері мен Тоқтоғұл су қоймасының суын ортақ пайдалануы керек. Қырғыз су ресурстары қызметі директорының орынбасары Абдыбай Жайлообаевтың айтуынша, Шу өзенінің 52 пайызы Қырғыз Республикасына, 48 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал Талас екі елге 50 де 50 шарты бойынша бөлінген.