Қырғызстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге қытай тауарын реэкспорттайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3434

Биыл еліміздегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының 27%-ы қызметін тоқтатты.

Қырғызстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге қытай тауарын  реэкспорттайды

Шикізаттың қымбаттауы мен тұтынушылардың төлем қабілетінің төмендеуі осыған дейін демігіп келген отандық жеңіл өнеркәсіпті тұншықтырып тастады. Бүгінгі таңда күнделікті тұрмыста киетін сырт киімнің 97%-ы, мақта мен матадан дайындалған киім түрлерінің 60%-ы сырттан келіп жатыр. Ал біздің үкіметте отандық жеңіл өнеркәсіпті сауықтырудың нақты жоспары жоқ екен. Мұны жеңіл өнеркәсіп одағы қауымдастығының президенті Любовь Худова айтты.

Оның сөзінше, үкімет 2017-2021 жылдар аралығында Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің нарығына бейімдеп, дамытқысы келеді. Алайда қалай, нақты қандай механизм арқылы екенін білмейді.

"Қазақстанның  ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы көңіл көншітпейді. Ұлттық экономика министрлігі 2016 жылы одақ шеңберіндегі сауда көлемі 13 583,5 млн АҚШ долларын құрағанын алға тартып отыр.

Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 23, 5%-ға аз көрсеткіш. Бізге жеңіл өнеркәсіпке қатысты нақты құжат керек. Одақққа мүше өзге елдердің тауар өндірушілерінің  бәсекесінен қорғауға мүмкіндік беретін ұсыныстың нақты механизмдерін қайта қарап, Еуразиялық экономикалық комиссияға ұсыныс енгізуі қажет", – деді Любовь Худова.

Келесі жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келетін аяқ киімдерге салынатын баж салығы  екі есе өсуі мүмкін. Бұлай болса, жағдай қазіргіден де күрделенеді.

"Сырттан тасымалданатын аяқ киімдерге баж салығы 2009 жылдан бері 10%-ды құрап келді. Қазір беларусьтер бұл көрсеткішті 20%-ға көтеруді сұрап отыр. Комиссия ұсынысты қабылдаса, онда сырттан келетін аяқ киімнің бағасы қымбаттайды. Бұл аяқ-киім фабрикалары бар Беларусь пен Ресейге тиімді, ал кәсібін енді бастаған Қазақстандағы аяқ киім шығаратын кәсіпорындарға тиімсіз. Себебі олар бәсекеге төтеп бере алмайды", – деді Любовь Худова.

Жеңіл өнеркәсіп одағы қауымдастығы  президентінің сөзін қостаған экономист-сарапшы  Мұхтар Ақеділов үкімет экспортқа ғана басымдық беріп, малдың терісі мен жүнін өңдеу саласын назардан тыс қалдырып отырғанын жеткізді.

"2014 жылы Италияның "Викатекс" компаниясымен жасалған келісім бойынша, Жамбыл "ПОШ-Тараз фабрикасында" өндірілетін қой жүні тікелей  Италияға экспортталады", – деді ол.

Маманның мәлімдеуінше, бұл күнде  микрокластер ұйымдастыру қиындап кеткен.    

"Өндірістік кооператив, ЖШС секілді шағын кәсіпорын ашып, оны "ҚазАгро" холдингі арқылы қаржыландыру  керек деген ұсыныс талай рет айтылды. Үстемеленген  салық түрлерінен шаршаған кәсіпкерлерге жеңіл өнеркәсіппен айналысқаннан гөрі, өнімдерін алыпсатарларға шикізат күйінде арзан бағаға бере салған тиімді", – деді Мұхтар Ақеділов.

Осы тұста ол КСРО кезінде әрбір кеңшарда тері, жүн жинайтын инспекторлар жұмыс істегенін еске түсірді.

"Жоғары оқу орындарында технолог мамандығы бойынша білім алған мамандар өз салалары бойынша жұмыс таппай, басқа кәсіппен айналысып жүр. Бізге тері, жүн жинайтын инспекторлар қажет", деді Мұхтар Ақеділов.

Оның ойынша, отандық жеңіл өнеркәсіп тартымсыз. Кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі, тауарлардың жарнамасы, дизайны нашар.

"Біздегі аяқ киімдердің дизайнына қарасаң, жылағың келеді. Тоқыма өнеркәсібінде де шекеміз шылқып тұрған жоқ", – экономист-сарапшы.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың пайымдауынша, бізге ішкі нарықты жетілдіру керек. Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемін көтеруге күш жұмсауды ойластырған жөн. Өйткені біз жеңіл өнеркәсіп саласында қажеттілігіміздің 10-ақ пайызын өтеп отырмыз.

"Жеңіл өнеркәсіп саласы дамуы үшін шикізат қоры жеткілікті болуы керек. Академиктер шикізат секторына дем беру үшін қой шаруашылығына көңіл бөлу қажет екенін жиі айтып жүр. Біздің бұл саладағы технологиялық тізбек сын көтермейді. Біз шикізатты өз ішіміздегі микрокластерге емес, Қытай, Қырғызстан, Түркия мемлекеттеріне экспорттап, ұтылып отырмыз",  – деді Любовь Худова.

Жеңіл өнеркәсіп технологиясының сарапшысы Екатерина Гусеваның айтуынша, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша Қырғызстанға қатысты ұстанымын қайта қарауы тиіс.   

"Қырғызстанда дайындалып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге экспортталып келген киімнің 80%-ы контрабанда, басқаша айтқанда қытай тауарының  реэкспорты", – деді ол.

Гүлбаршын Сабаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу