Қырғызстан тек туды емес, барлық рәміздерін ауыстыруы мүмкін

2115

Парламент депутаты Қырғыз Республикасының жаңа Мемлекеттік туы "заңдағы ұрылардың" жұлдызына ұқсап кеткеніне налып, сынады.  

Қырғызстан тек туды емес, барлық рәміздерін ауыстыруы мүмкін Фото: Igor Kovalenko

Алатаудың арғы бөктеріндегі ағайындар Мемлекеттік туын ауыстырып жатыр. Ел Парламенті бүгінгі жиынында оның жаңа нұсқасын мақұлдады. Алда тиісті заң жобасына ел Президенті қол қойып, бекіту қалды.  

Отырыста бұл мәселе дау-дамайға тамыздық болды. Мысалы, Жоғорку Кеңештің депутаты Ақбокон Таштанбеков Парламент спикері Нұрланбек Шәкиев пен депутат Ұлан Примов бастамашы болған Қырғызстанның жаңа Мемлекеттік туының эскизі "заңдағы ұрылардың" жұлдызына ұқсас екенін мәлімдеді. 

                               Фото: kenesh.kg

Төраға бұл сынмен келіспеді. Оның айтуынша, жаңа тудағы күннің нұрлы сәулелері қылмыстық әлем көшбасшыларының айырым белгісіне мүлдем ұқсамайды. 

Кеңес кезінен белгілі "заңдағы ұрылардың" сегіз ұшты жұлдызы байырғы замандардағы теңізшілердің татуынан тамыр тартады екен, ол – желдің бағытын білдірген. Кейін ол жұлдызды теңіз қарақшылары өз денелеріне таңбалай бастайды. Сөйтіп, теңізден кіндігі ажырамағанын паш ететін болған. 

Бертінде мемлекеттер күш алып, су айдындарындағы тонаушылықпен күресті күшейтті. Нәтижесінде, теңіз қарақшылары тірі күйде қолға түсіп, абақтыға жаппай жабылған. Түрмелерде теңіз қарақшыларының символы криминалдық әлемге ауысты. 

Әрине, қырғыз ағайындардың жаңа туындағы күн тіпті де "сегіз ұшты жұлдыз" емес. Бірақ қолданыстағы Мемлекеттің тудағы күннің шапақтары балалардың суреттеріндегідей ирелең болып келеді. Ал ұсынылған жаңа нұсқасында күннің сәулелері тікірейтілді. Яғни, жұлдызға тек ұшының үшкірлігімен ғана ұқсауы мүмкін.  

"Әркім көргісі келетінін көреді, қалағанынша түсінеді. Біз символиканың өзін бұзған жоқпыз. Тек оны жақсарттық", – деді спикер Нұрланбек Шакиев.

Жоғорку Кеңештің бүгінгі отырысында депутат Мақсатбек Сарбағышев әу баста, тәуелсіздік таңында Қырғызстанның неге өз туындағы күннің сәулесін толқындатып салғанын сұрастырды. Бәлкім, оның мықты негіздемесі, тарихпен астасқан төркіні бар шығар?

Қырғызстанның жаңа туының нұсқасының авторларының бірі Жүсіп Матаевтың сендіруінше, оның киелі ұғымы жоқ. Керісінше, бұл нышан арқылы билік бұрын қырғыз жұртын батыр емес, бейбіт халық етіп көрсетуге ұйғарыпты.

"Біз азаттықтың бастауында ұсынылған бастапқы нұсқаға оралып отырмыз. Сонда арнайы құрылған комиссияның қарауына шығарылған Мемлекеттік тудың эскизінде күннің шапағының ұшы тік, үшкір болған. Алайда 1990-шы жылдардың басында Кавказда қырғын соғыс жүріп жатқан еді. Содан 350 депутат пен комиссия талқылай келе, күннің қырық сәулесі толқын тәріздес болсын деп шешім қабылдады. Себебі, қырғыздардың мінезі жұмсақ, күніміздің шапақтары да тікендей үшкір болмасын деген ұйғарымға келді", – деді Ж.Матаев.

Депутат Матаев әлемдегі біраз ел туларын өзгертіп үлгергенін алға тартты. Мысалы, Жапония бірнеше рет, соңғысында 1999 жылы ауыстырды. АҚШ-тың өз рәміздерін 28 рет, Испанияның 8 рет ауыстырғаны да дәйектеме ретінде келтірілді.
Мемлекеттік тудың жаңа нұсқасын отырысқа қатысқан 80 депутаттың 66-сы қолдады, 8-і ғана қарсы болды.
Парламент қабылдаған заң жобасына түсініктемеде құжаттың туды жетілдіруге бағытталғаны жазылған. 

"Қазіргі уақытта тудағы көріністі қабылдауда дилемма туындайды. Қызыл түсті тудың ортасында тұрған, ішінде түндік (шаңырақ) орналастырылған, нұрлы сәулелері ирелеңдеген күнді күнбағысқа, оның шапақтарын шаңырақтың шашағына теңеп жүр. Сондықтан тудың бейнесінің мағынасын әртүрлі түсіндіруді жою үшін шара қабылдау қажет", — деп жазады заң жобасының авторлары.

"Тәбет ас үстінде келеді" деген тәмсіл бар. Депутаттар енді тек тумен шектелмей, Қырғыз Республикасының Әнұранын және Елтаңбасын да өзгертуді ұсынды. 

"Бізге таяу арада Қырғызстанның гербі мен гимнін де ауыстыруға тура келуі мүмкін. Өйткені халықтың көптеген өкілдерінен Әнұранды жаңарту туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл – заман талабы. Оны қабылдағанда, адамдардың ой-санасы да басқаша болған. Бәлкім, гербті де жуырда ауыстырамыз. Онда мысалы, мақта бейнеленген. Егер біз бұл өнімді өндіруді доғарсақ не болады?", — деді депутат Нұрланбек Азығалиев. 

Депутат Дастан Жұмабеков әріптестеріне, Парламентке бұл мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды. 
Бірақ бастама иесінің бірі Ұлан Примов тәуелсіз Қырғызстанның тұңғыш туы еш референдумсыз, Жоғорку Кеңештің қаулысымен қабылданғанын еске салды. 

Ендеше Қырғызстанның өзге мемлекеттік рәміздерін ауыстыру-ауыстырмау мәселесін де ел Парламенті шешуі мүмкін.
Әйтсе де, ел арасында жүргізілген сауалнамалар қарапайым халықтың басым бөлігі Мемлекеттік туды өзгерту жөніндегі депутаттардың бастамасын құптамайтынын көрсетті. 

  • Біріншіден, халық отыз жыл ішінде қолданыстағы туға көз үйретті. Бірер сыншы үшін оны өзгертуді қажет деп санамайды.
  • Екіншіден, оппозициялық депутаттардың айтуынша, бұл шара миллиардтаған шығын әкелетін болады. Ал Қырғызстанның экономикасы, Қазақстан сияқты, дағдарысты бастан өткеруде, елді қымбатшылық жайлап барады. 

"7 миллион азаматымыз паспорттарын, машиналарының мемлекеттік нөмір белгісін, басқасын, қаптаған мөрлерді ауыстыруға мәжбүр болады. Оның орнына балаларға балабақшалар, халыққа ауруханалар, әлеуметтік нысандар салуға бас қатыру керек еді. Ел үшін үйреншікті болған туды ауыстыруға еш қажеттілік жоқ. Миллиардтаған сомды желге шашқалы тұр. Туды емес, елдегі жағдайды өзгерту керек. Барлық азамат, қарапайым адамнан бастап, биік лауазымды тұлғаларға дейін отанды қалтқысыз сүйетін болса, онда бәрі оңалады. Туды өзгертсек, бәрі өзгереді, барлық проблема шешіледі деу әбестік", — деп ашынды депутат Тазабек Икрамов.

Оның айтуынша, Парламентте халықтың өзекті проблемасын көтерсе, Үкімет ақша жоқтығын алға тарта салады екен. Енді мол ақша төгіп, елде және шетелде ілінген Қырғызстанның барлық Мемлекеттік туларын ауыстырып шықпақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу