Қыста Қазақстанға ресейлік "босқындардың" екінші толқыны келеді деп күтілуде

2164

Оларға көмек беретін қауымдастықтар, топтар әрекет етеді екен. Қалағандары болса, қазақ тілін үйрететін курстар ашылған.

Қыста Қазақстанға ресейлік "босқындардың" екінші толқыны келеді деп күтілуде

Ресми мәлімет бойынша 2022 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстанға 204 947 ресейлік кірген. 34 960 РФ азаматы қазақстандық ЖСН рәсімдеген.

Сарапшылар жыл соңына дейін миллионнан асып жығылуы мүмкін деп отыр. Дегенмен түрлі факторлар бұл үрдіске серпін беруі ықтимал. Украинада соғыс өршісе, ресейлік әскер жаппай кері шегінсе, Ресейде толқулар болса, Қазақстанға қарай солтүстік көршіден жаңа босқындар ағылуы ғажап емес.

24 ақпанда соғыс басталғанда, көзқарасы үшін қудаланудан қорқып, отбасымен Қазақстанға қашқандардың бір бөлігі тамызда кері қайтыпты. Жаңа оқу жылы басталып, бала-шаға мектепке оралған. Петербор тұрғыны, SUPERNOVA музыкалық лейблының директоры, қазір Қазақстанда Украинаға гуманитарлық көмекті ұйымдастырып жүрген Анастасия Байбула уақытша тұрып жатқан ресейлік отбасының 8 жасар баласы келіп: "Украинцы, вы обязательно победите! Война – это плохо" деп жазған ашықхатын жолдауды сұрағанын әңгімеледі.

"Кішкентай болса да, әділетсіздікті жан-жүрегімен сезетін адал, парасатты бала көрінеді. Ол енді Ресейге оқуына қайтып барады. Ал ресейлік мектептерде Украинадағы "арнайы әскери операцияны" дәріптейтін "Разговор о важном" пропагандистік пәні енгізілді. Содан мен оның мамасына аманаттадым: "Өтінемін, сіз балаңызға мектепте бұл тақырыпты тіпті құрбы-құрдастарымен де талқылап, өз ойын ашық айтуға болмайтынын түсіндіріңізші" дедім", – деді Анастасия.

Алматыға қоныс аударған мәскеулік антимонополиялық экономист Вадим Новиков "Новая газета. Европа" басылымына сұхбатында қазақстандықтардың адамгершілігімен ұнағанын жеткізді. Ол Ресейдің билігі мен қоғамының рухани алжып, бауырлас елдегі қантөгісті жаппай қуаттай бастағанын байқап, тіксініп жүріпті. Содан Украина жеріне алғашқы зымырандар соққы жасап жатқанын естігенде, 24 ақпанда шабаданын жиып, Алматыға тартып отырған. Алматыны кездейсоқ таңдамапты: біріншіден, өзге елдің ең ірі мегаполисі қажет деп тапты. Сонда жұмыс табу оңайырақ болады. Екіншіден, өзге өңірлерге қарағанда Алматыда қазақ тілін білу қатаң талап етілмейді деп естіген. 

"Қазақстанда жұмысты оңай табатынымды түсіндім, себебі бұл ел экономикалық даму жөнінен Ресеймен деңгейлес. Экономистер бұл елде сұранысқа ие. Оның үстіне Алматыда орыс тілінде еркін жұмыс істеуге болады, бұл да аса маңызды. Сондай-ақ Ресейден қашықтамай, сол жақта қалған істеріме қол жеткізе алуы керек еді. Сондықтан биылғы көктемнен бері Қазақстанда жұмыс істеп жатырмын. Жергілікті көрнекті жерлерге саяхаттап, ел тануға уақыт болмады. Бірақ жергілікті қоғамнан ірге ажыратпау үшін импровизациялық плейбек-театрға қатысып, сахнада ойнай бастадым. Қазақ тілінде ауызша сөйлесуге үйрететін "Батыл бол" клубына барып жүрмін", – деді Вадим Новиков.

Ол Мәскеуге қарағанда Алматыны күйгелектігі жоқ, байсалды, жанға жайлы қала деп есептейді. Ең бастысы, Алматы "адамгершілігі мол қала". Мысалы, Мәскеуде сатушылармен шүйіркелесуге болмайтыны белгілі: "Ну ты поговори мне ещё тут!" деп былапыт сөзбен зіркілдеп, жоқ жерден агрессия танытуы мүмкін. Осыдан сақтанған мәскеуліктер қалалық кеңістікте өзін суық, бей-жай ұстауға тырысады. Ал Алматыда керісінше, жылы шырайлы сәлем берсең, жұрт жадырап қоя береді.

"Алматы – бақша-қала. Заманауи мегаполис, сонымен бірге жасыл желек өте көп. Қаланың үстінен айбынды таулар мен төбелер төніп тұр. Қаланы қорғап жатқан алыптар сияқты. Мен үшін олар ғажайып. Таулар жерден көтеріліп, әуеде қалықтап тұрғандай. Жер шарының әлдебір қосымша спутнигіне ұқсайды. Ресейден келіп, қоныстанып жатқандармен араласамын. Кейде қоныс аударушылар жиналатын кездесулерге барамын. Жүздерін әлдебір уайым торлағандай көрінеді. Көпшілігіміз үшін елден кету аяқ астынан қабылданған шешім болды. Бұл эмиграция да, босқын болу да емес. Сондықтан чаттарда "релокация" сөзін пайдаланамыз. Көзкөрім перспективада Ресейге қайта ораламын деп ойламаймын. Меніңше, соғыс әлі ұзаққа созылады, Путин режимі ұзақ тұрады. Тіпті ол биліктен кеткеннің өзінде Ресейге оралмайтын шығармын. Ғұмырымның жартысы Ресейде өтті, оның бәрі босқа жанып кеткендей. Өмірімнің екінші жартысын басымды бәйгеге тікпей, тыныш өткізгім келеді", – деді экономист Вадим Новиков.

Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға қоныстанған заңгер Дина алдымен 24 ақпанда үлкен ұлын Алматыға аттандырғандарын еске түсіреді. Ол он сегізге толды, демек әскерге алып кетеді. Ал 2 наурызда Путин ядролық қаруды қолданатынын білдіріп, доқ көрсеткенде отбасымен түп көтеріліп көшкен.  

"Хабаровск 2020 жылы губернатор Фургалды Мәскеуден келгендердің тұтқындауына қарсы бас көтеруімен атақты болды. Егер сонша адам соғысқа қарсы шығып, көшені толтырса жақсы болатын еді. Алайда қарақұрым халық шықпады. Содан бойды үрей буды. Алматыда алыс ағайындарым тұрады. Әкем Қазақстанда туған. 1937 жылы Сталин Приморьені мекендеген барлық корейлерді осы елге депортациялаған. Содан бері Қазақстанда корейлердің үлкен диаспорасы тұрады. Қазақтар оларды құшақ жая қарсы алғанын, қолындағы барымен бөлісіп, өсіп-өркендеуіне көмектескенін естігенмін. 1937 жылдан бері қазақ халқы өзгермегенін, кең пейілі тарылмағаны сезіндім", – дейді заңгер.

Оған ағайындары өткен ғасырда жиналуға 24 сағат беріп, мал таситын вагондармен айдалаға түсіріп кеткенін әңгімелеген екен.

"Сонда корейлер жерді қазып, жеркепе үйлер тұрғызыпты. Ал қазақтар асарлатып, көмектескен. Ресей империясы қосып алған аумақтардағы корейлер сол заманда қазақтардың қайырымдылығы арқасында ғана тірі қалды. Енді мына соғыс басталғанда менің отбасым да Қазақстанды паналап отыр. Наурыз басында жергілікті қазақстандық волонтерлар релокация чатын ашып, келгендерге көмектесе бастады. Бастапқыда 100 адам болдық, қазір 5 мыңнан асқан сияқты. Чаттарда өзімізді жалғыз сезінбеу үшін кездесуге, бірлесуге келістік. Бүгінде кездесулер әр жексенбі сайын өтеді. Көбімізді соғысқа деген ортақ көзқарас біріктіреді. Z-достардан ат құйрығын кесуге тура келді. Бастапқыда бәріміз паникаға берілдік. Қазіргі кезде сабамызға түсіп, есепшот ашып, жұмыс іздеп, құжаттарымызды сайлап жатырмыз. Мұндай мәселелерді бірігіп шешу оңай. Өзара тәжірибе бөлісеміз", – дейді Дина.

Ол соғыстың ұзаққа созылатынын, тиісінше Қазақстанда ұзаққа тұрақтағанын түсінеді. YouTube-те, TikTok-та, журналистермен сұхбатта ресейліктер даму жөнінен Қазақстанның Ресейден алға озып кеткенін айтып, мақтап жатады. Блогерлердің бірі Kaspi атаулы банктік картаны 20 минут ішінде дайындап, тіпті сол жерде басып шығарғанына таңдай қақты. Оның түсіндіруінше, РФ-да соғысқа дейін де банктік картаны шығару үшін бірнеше күн кететін, ал карта атаулы (иесінің аты-жөні жазылған) болуы үшін қосымша жүгіруге тура келеді екен.

"Мені Алматыда таңдандырғаны – сан-түрлі мектептердің көптігі. Мемлекеттік, түрік, америкалық, ағылшын және басқа жеке мектептер қаптап ашылған. Бұл шынымен ғаламат! Бізде, Хабаровскіде тіпті мемлекеттік жаңа мектептер салынбайды. Бүкіл Қазақстанда қалай екенін білмедім, ал Алматыға қарасам, бұл ел болашаққа қарай бізден біршама алға озып кеткен көрінеді", – деді Дина.

Ресей қазағы, кәсіпкер Әлім Сайлыбаев Salem Almaty қауымдастығын ұйымдастырыпты. 18 жасар ұлы Томскіде оқыған.

"Соғыс бастала сала, оған әскерге шақырту келді. Біз шекараның ашықтығын пайдаланып, Аланды Қазақстанға әкетуге ұйғардық. Ал "Остановите войну!" қайырымдылық көрмесінде Ресейден өзге қоныс аударушылармен таныстық. Біз сияқты адамдардың өте көп екенін түсіндік. Қазақстандықтардың бізге қатысты реакциясы әртүрлі. Біз алдағы күз-қыс маусымында переселендердің екінші алып толқынын күтіп отырмыз. Егер бірінші толқын негізінен саяси сипатта болса, екінші толқын экономикалық сипатта болады. Өтпелі кезең аяқталып, Батыстың ірі санкциялары күшіне енуде. Содан қазақстандықтар жақсы өмір іздеген, бірақ Путинді, орыс әлемі идеологиясын жақтайтын ресейліктер қаптайды, қоныстанып алған соң дядя Вовасын шақыра бастайды деп қауіптенеді. Ресейден қоныстанушылар оккупация үшін сылтау болмай ма деген алаңдаушылық бар", – деп ашығын айтты Әлім.

Оның байламынша, бірінші толқынмен келгендер негізінен соғысқа қарсы, Путин саясатымен келіспейтін, сонымен бірге көшуге қаражаты жеткілікті, кәсіби мамандар. Salem Almaty қауымдастығы өзіне қосылушыларға Украинадағы соғысты жақтамау талабын қояды екен. 

Ал екінші толқыннан (ашығып, тоқырағандардан) ел сақ болып, құзырлы органдар қауіпсіздік мәселелерін ойластырғаны абзал. Қазірден еліміздің солтүстігінде көліктеріне "Z" эмблемасын таққан ресейлік көліктердің қаптағаны, сөйтіп олар жергілікті тұрғындар арасында әлеуметтік кернеу туғыза бастағаны туралы әлеуметтік желіні пайдаланушылар мәселе көтеріп жатыр. Өйткені соғысты, империяшыл идеологияны жақтайтындар еліміздің қазағы қалың өңірлеріне көшпейді, негізінен солтүстік, орталық, батыс және шығыс облыстарымызды таңдайды.   

Қалай болғанда, билік, әсіресе заманауи "переселендерді" қабылдаушы өңірлердің әкімдіктері Ресей мен Украинадан босқындар мәселесіне жете мән бермей отырғанға ұқсайды. Батыстағыдай Қазақстанда осы салаға арналған жеке бағдарлама да жоқ. Босқындарды бейімдеу, қазақ тілін үйрету курстарына тарту маңызды. Ресей үлгісінде мигранттардан, тұрақты тұруға ықтиярхат сұраушылардан мемлекетік тілден, Қазақстан тарихынан емтихан тапсыртқызса, Қазақстанның қазіргі солтүстік, орталық, батыс, шығыс облыстары біреудің тартуы емес, ежелден қазақтың үш жүзі жайлаған аумақ екенін білуін талап етсе дұрыс.

Әйтпесе тек оларда жыныстық жолмен берілетін аурулардың жоқтығын дәлелдейтін анықтама талап етумен ғана шектеледі екен. 

Бойында жұқпалы ауруы жоқ, бірақ санасы жаман идеологиямен уланғандар Қазақстанда толып кетсе, "қанды қаңтардан" да өткен зұлмат тумасына кім кепіл? Елдің қауіпсіздігін, мызғымас мемлекеттілігімізді, жеріміздің бүтіндігін сақтаймыз десек, билік бұл қауіп-қатерге де жете мән бергені абзал.

Қоныстанушылар өз бетінше алматылық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесіп, релоканттар үшін күзде жеке бизнес-форум өткізуге уағдаласыпты. Үкімет көшіп келушілердің әлеуеті экономиканы көтеруге, елді дамытуға үлес қосатынын мәлімдеген. Алайда жарты жылда шенеуніктердің сол әлеуетті жаратуға тырысқаны байқалмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу