Қытай қол қойылған келісімдерді тоқтатып қойды

9713

Мемлекеттік қолдау, сүт кластері, инвестициялық жобалар және экспорттық әлеует туралы abctv.kz тілшісіне ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Молдаханов мәлімдеді.

Қытай қол қойылған келісімдерді тоқтатып қойды

- Ринат Жанатбекұлы, биыл облыста дәнді дақылдар өнімі бір млн тоннадан асты. Мұндай рекордтық көрсеткішке қол жеткізуге не әсер етті?

- Иә, мұндай егінді біз алғаш рет жинап отырмыз. Бір гектардан 18 центнер егін жинадық, бұл көрсеткішке мемлекеттік қолдаудың арқасында жетіп отырмыз. Биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия беруге 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. АӨК саласына ауыл шаруашылығы өндірушілері 10 млрд теңгеден астам сома салды, оның бір бөлігін, 20%-дан 30%-ға дейін мемлекет субсидиялады. Біз 3 млрд теңгеден артық сомадағы өтінімге қол қойдық, меніңше, агроөнеркәсіп кешеніне салынған салым деңгейі келесі жылы да сақталады. Одан бөлек, мемлекет инвестициялық шығындарды субсидиялауды ойластырып жатыр. Кәсіпкерлерге "Даму" қоры арқылы құрал-жабдық пен техника сатып алуға жетіспей тұрған сома беріледі. Бірақ қаражат шектеулі – млрд теңге, ал өтінім саны әлдеқайда көп. Бүгінгі күннің өзінде жиырмадан астам кәсіпорын өтінім берді. Мысалы Шемонаиха ауданында "Рулиха" ЖШС 600 бас сиырға сүт-тауар фермасын ұйымдастыруға жетіспей тұрған 168 млн теңге сұрап отыр. Инвестициялық жобалардың жалпы сомасы – 6 млрд теңге. Бұл омарташылық, сүт және ет өнеркәсібі жобалары.

- 2006 жылдан бастап өңірде сүт өнеркәсібін және халықтан сүт алуды дамыту жөніндегі сынақ жобалары қолға алына бастады. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі қандай?

- Осы бағдарлама бойынша тоғыз сүт-тауар фермасы (СТФ) салынады. Оның ішінде Ұлан ауданында ("Багратион" ЖШС), Үржар ауданында ("Юбилейный" ЖШС) және Шемонаиха ауданында ("Қамысты" ШҚ) 800 басқа арналған үш ферманың құрылысы аяқталды. 1250 басқа арналған тағы төрт ферманың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ биылғы жылы 28 сүт-тауар фермасының 12-сі қайта құрылды. Келесі жылы 4600 басқа арналған тағы 11 ферма жаңартылып, жетілдіріледі. Одан бөлек, облыстың 7 ауданында 34 сүт қабылдау орны құрылды.

- Бүгінгі күні сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар қаншалықты жұмыспен қамтылған?

- Бірқатар күрделі мәселе бар. Сүт қабылдау орындарының көпшілігінде бір литр сүтке берілетін баға – 50 теңге. Ауыл тұрғындары бұл бағаны төмен деп есептейді, сондықтан литрін 90 теңгеге жекелеп сатуды жөн көреді. Енді біреулер сүтті сатпай, өздігімен қолдан қаймақ, май жасап қымбатырақ сатады. Қазір біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Егер халық сүтті тапсыратын болса, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың басшылары сүт қабылдау орындарын құруға дайын. Өндірушіге шикізат жетіспейді. Міне, сондықтан жаңа жылдың басынан бастап барлық ауылдық жерлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесуді жоспарлап отырмыз. Сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын бұдан қымбат бағаға сүт қабылдай алмайды, себебі елді мекендерге дейінгі қашықтықты және жолға кететін шығындарды ескерсек, баға шығынды өтей алмайды.

Жалпы өңірде сүт өнімдерін шығаратын 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның алтауы ірі кәсіпорын: "Эмиль" ЖШС, "Шығыс Сүт" корпорациясы" ЖШС, "Исток-1" ЖШС, "Турайда" ЖШС, "БнМЗ" ЖШС. Тағы орта және шағын қуатты 17 кәсіпорын бар. Жылына 151 мың тонна өнім шығарылды.

- Кәсіпорындар толық қуатқа қашан көшеді?

- Бұл – келесі жылға қойылған міндет. Екінші кезеңде жаңа сүт қабылдау орындары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды жалғастырамыз. Жаңа жылдан бастап еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы аясында, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне субсидия беруді жоспарлап отыр. Сондықтан осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халық кооперативтерге бірігіп, сүт қабылдау орындарымен тығыз жұмыс істей бастайды деп сенеміз.

- Өңірдің агробизнесіндегі маңызды инвестициялық бағыт – етпен қамтамасыз ету үшін мал өсіру. Биылғы жылы етті экспортқа шығарамыз деп жоспарлап едік. Неліктен жоспар орындалмады?

- Иә, өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығы өсті. Бұны инвестициялық форумдардың нәтижелерінен аңғаруға болады. Соңғы екі жылда форум аясында 85 млрд теңгенің 24 меморандумына қол қойылды. Оның ішінде Үржар ауданында құс фабрикасын және Аягөзде ет комбинатын салу сияқты ірі инвестициялық жобалар бар. Бірақ, өкінішке қарай, ШҚО-да аусылға қойылған шектеу алынбағандықтан, бұл жобалар аясында жасасқан келісімдерді Қытай әзірге тоқтатып қойды. Біздің облыс буферлі аймақ болып есептеледі, сондықтан өңірімізден тыс жерге өнім шығаруға тыйым салынған. Тіпті, Қазақстан аймақтарына да. Қазірг ауыл шаруашылығы министрлігінде осы бағыттағы жұмыс іске асырылып жатыр. Олар етті сыртқа шығаруға салынған тыйымды алу үшін халықаралық эпизоотиялық бюроға сұраныс жіберді. Егер мәселе біздің пайдамызға шешілсе, біздің өңір қолайлы деп танылып, шектеу алынады. Мәселе 2017 жылдың мамыр айында қарастырылады.

Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен сертификаттық зертхана құру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Егер ол құрылса, экспортта ешқандай қиындық туындамайды. Біздің әлеуетіміз жоғары, ал сапа туралы сертификатты зертхана әр өнім партиясына береді. Бұл – көп салалы мекеме болмақ, мұндай мекеме елімізде әзірге жоқ. Қазір Қазақстандағы зертхананың барлығы белгілі бір салада ғана жұмыс істейді, мысалы, фитосанитария, мемлекеттік комиссия, сұрыптар бойынша, ал біз барлығын бір орталыққа біріктіреміз. Содан кейін өндірілген өнімді Қытайға экспорттауға жол ашылады. Зертханаға көлемі 1000 шаршы метр ғимарат берілді, қаржыландыру жергілікті бюджеттен көзделіп отыр.

- Ал зертхананы іске қосу үшін қанша және қандай бюджеттен салым жасау жоспарланғаны белгілі ме?

- Әзірге жоқ. Біз әлі шетелдің тәжірибесін зерттеп келеміз, оның ішінде Орынбор зертханасының, Қытай зертханаларының жұмысын зерделеп жатырмыз, олардың стандарттарын, аккредиттеуден қалай өткенін талдап жатырмыз. Зертхананы қондырғылармен жабдықтауға қанша қаражат кететінін санап жатырмыз...

- Біздің облыс қандай өнімді және қайда экспорттайды? Экспорттық әлеуетіміз қандай?

- Өнім ҚХР, Түркия, Өзбекстан секілді елдерге шығарылады. Өсімдік майын, күнбағыс дәнін, балық, бал, бидай, ұн, макарон өнімдерін экспорттаймыз. Биыл сегіз айдың ішінде былтырғы жылдың көрсеткішінен екі есе көп өнім экспортталды – 28 млн долларға 173 мың тонна өнім. Одан бөлек, экспортқа 70 мың тоннадан жоғары ет, оған қосымша 95 мың тонна күнбағыс майын, 66 мың тонна ұн мен 8 мың тонна қарақұмық шығара аламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу