Қытай өз халқының азайып бара жатқанын алғаш рет жариялады

1663

Былтыр бұл мемлекет тұрғындарының саны 850 мың адамға кеміді. Ал, Үндістан Қытайды биылдың өзінде-ақ басып озуы мүмкін.

Қытай өз халқының азайып бара жатқанын алғаш рет жариялады Фото: АР агенттігі

Қытай өз қоғамының қартаюы мен бала туу деңгейінің төмендеуі жағдайында алғаш рет соңғы жылдары халық санының төмендегенін жариялады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қытай ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылмен салыстырғанда халық саны 2022 жылдың соңында 850 000 адамға кеміген. Дегенмен, бұл статистика Гонконг пен Макао, сондай-ақ шетелдіктерді қамтымай, тек материктік Қытай халқын ғана есепке алыпты.

Бүгінгі брифингте мәлім болғандай, Қытай тұрғындарының жалпы саны 1,411,75 миллиардқа жеткен және былтыр бұнда 10,41 миллион адам өліп, 9,56 миллион бала ғана дүниеге келген.

Осы бюроның өзге бір мәліметінше, 2016 жылы ғана ресми түрде аяқталған "бір бала" саясатының нәтижесінде Қытайда ерлердің қатары 722,06 миллионнан асып, әйелдердің саны 689,69 миллионға әрең жетіп отыр.

Айта кетсек, Қытайда ондаған жылдар бойы туу шектеліп, көптеген ата-ана "шаңырақтың иесі болады, әулеттің ұрпағын жалғастырады" деп ұлды болуға тырысты.

Бір перзент саясатынан бас тартқаннан бері Қытай отбасыларды екінші, тіпті үшінші балалы болуға ынталандыруға тырысып келеді. Бірақ, нәтиже шамалы. Өйткені қалаларда бала тәрбиелеуге кететін шығындар көбейіп, туу деңгейі күрт төмендеген Шығыс Азияның көп бөлігіндегідей жағдай қалыптасып отыр.

Қытай ұзақ жылдар бойы әлемдегі халқы ең көп мемлекет саналды. Алайда, оны жақын арада Үндістан басып озады деген болжам бар. Бүгінде Үндістан халқының саны да 1,4 миллиардтан асып, өсуді жалғастырып жатыр.

Соңғы рет Қытайда халық саны 1950 жылдардың аяғында, яғни, "Алға ұлы секіріс" кезінде байқалыпты. Сол заманда Мао Цзэдунның коллективтендіру мен индустрияландыруға ұмтылысы нәтижесінде елді ашаршылық жайлап, ондаған миллион адамның өмірі қиылды.

Аталған бюроның жаңа есебінше, бүгінде 16 мен 59 жас аралығындағы еңбекке жарамды қытайлықтар 875,56 миллионға жетіп, халықтың 62,0 пайызын құраса, 65 жастан асқандар 209 миллионнан асып, жалпы санның 14,9 пайызын құрап отыр.

Осы жолғы статистика Қытайда урбанизацияның күшейгенін де көрсетіп берді. 2022 жылы бұл елде тұрақты қала тұрғындарының саны 6,46 миллионға өсіп, 920,71 миллионға немесе 65,22%-ға жетсе, ауыл халқы 7,31 миллионға азайып кеткен.

Алайда Қытайдың орталық Ухань қаласынан бүкіл әлемге таралған COVID-19 індетінің жергілікті халық санына қалай әсер еткені белгісіз. Қазір кейбір денсаулық сақтау мамандары Бейжіңді осы инфекциядан жан тәсілім еткендер жайлы толық мәлімет бермеді деп айыптап отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы өткен жылы қарашаның 15-де әлем халқының саны 8 миллиардқа жеткенін және 2023 жылы Үндістанның осы мәселеде Қытайды басып озатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, сейсенбіде Ұлттық статбюро вирусқа қарсы шектеулер мен жылжымайтын мүлік нарығының құлдырауы қысымынан Қытайдың экономикалық өсімі де өткен жылы төмендегенін хабарлады.

Соңғы мәліметтер көрсеткендей, әлемнің №2 экономикасы 2022 жылы 3 пайызға ғана өсті. Бұл - өткен жылғы 8,1 пайыздың жартысына да жетпейтін көрсеткіш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу