Қытай шекарасындағы жағдайға байланысты ШҚО кәсіпкерлері шығынға ұшырап жатыр

3094

Қытай мемлекетінің коронавирусқа қатысты енгізген шаралары мен Қазақстанның экспортқа енгізген шектеулері салдарынан жүк тасымалы қиындады. ШҚО кәсіпкерлер палатасы бірнеше айдан бері Достық-Алашанькоу шекара бекетінде жүк пойызы өте алмай тоқтап тұрғанын айтады.

Қытай шекарасындағы жағдайға байланысты ШҚО кәсіпкерлері шығынға ұшырап жатыр

"Бізге келгенде Қытай асықпайды"

"Өздеріңіз білесіздер, екі жылдан бері Қытаймен арада импорт та, экспорт та азайып қалды. Бұл теміржол тасымалына да, көлік тасымалына да қатысты болып отыр. Мұның салдарынан келісімшарттар бұзылып, экспедиторлық қызмет шығындары көбейді. Бізге қытайдан кіретін киім-кешек, тұрмыс техникалары, тоқыма бұйымдар қымбаттап кетті. Ашық деректердегі сараптамаларға сүйенсек, баға 40 пайыз өскен. Мысалы, бұрын Қытайдан Қазақстанға ай сайын төрт состав (75 вагоннан) кірсе, қазір бір ғана состав келеді. Оның үстіне олар Еуропа елдері секілді жүкті контейнермен тасымалдағанды дұрыс көреді. Ал контейнерлер жүкпен бірге арнайы платформаға орналастырылады. Алайда ондай платформа біздің елде бар болғаны 200 ғана, ал біз, орта есеппен, Қытайдан бір айда 300 мың долларға төрт мың контейнер алып келеміз", – дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Асқар Жақыпбаев.

Жақыпбаевтың айтуы бойынша, "Өскемен конденсатор зауыты" 17 маусымнан бері Қытайдан жүк шығара алмай жатқанын айтып, Кәсіпкерлер палатасына ресми түрде өтініш жазған. Жазған өтінішінде олар Қазақстаннан алған тапсырыстарын уәделі мерзім ішінде жеткізе алмай, келісімшарт міндеттемесін бұзуға мәжбүр болып отырғанын көрсеткен. Соның салдарынан олар айыппұл арқалап, төлемақы өсімі өсіп, мол шығынға батқанын айтады. 

"Шекара бекетінде тұрып қалған жүк уақытша сақтау қоймасына қойылады. Оған кәсіпкерлер шамамен 200-300 доллар теңге төлейді. Ал бері қарай автокөлікпен-ақ тасып алайық десе, оған да өздері қойған талап бар: коронавирус инфекциясының алдын алу, адамдармен жақын контакті болдырмау мақсатында жүксалғышқа жүк сыртын қоршап тұратын арнайы темір тор қойылуы керек. Ал бұл темір торлардың салмағы да бар болғандықтан, тиейтін жүк мөлшері азайып қалады және оны жасатуға уақыт пен ақша да керек. Сонымен қоса жасалған темір тор бір рет қана тасымалдауға жарамды. Келесі жолы қабылданбайды. Кәсіпкерлер әр келген сайын жаңасын орнатқызуға мәжбүр. Қазақстан транзит тасымалына жолдарын бергенде "жақсы" бола қалады, ал бізге жүк тасуға келгенде Қытай асықпайды, – дейді Асқар Жақыпбаев.

Кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстан арқылы 12 406 рейс жасалған. Биыл алғашқы жеті айда Алашанькоудан 3 651 пойыз өткен. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданынан Еуропаға жасалатын тасымал 35 пайыз артқан. Германияның бір ғана Дуйсбург қаласына Қытайдан күніне төрт пойыз келеді.

"Мемлекеттің іскерлік имиджіне зиянын тигізеді"

Қазақстаннан Қытайға жүк тасымалдауда да дәл осындай мәселе бар. Қазақстан күнбағыс, күнбағыс майы және тағы басқа да қосалқы өнімдерді экспорттауға шектеу қойған соң жағдай күрделеніп отыр. 

"Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен хабарласып отырмыз. Олар экспорттауға тыйым жоқ, квота ғана қойып отырмыз дегенді айтады. Әлбетте, квотаны тыйым деп айта алмаймыз. Дегенмен, қандай да бір шектеулер енгізілсе, ертерек жасалған келісімшарттарды біздің экспорттаушылар дер кезінде орындай алмайды. Келісімшарт орындалмады деген сөз – мемлекеттің іскерлік имиджіне зияны тиді деген сөз. Серіктестеріміз "Қазақстанмен келісімшарт жасасудың керегі жоқ, ертең оларда тағы да экспортқа шектеу қойылады" деуі мүмкін. Олар бізден гөрі міндетін жақсы атқаратын серіктес тауып алады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында мемлекетті қамтамасыз ету деген міндет тұрғаны белгілі. Сөйтсе де, бізге байбалам салып, шектеулер қоюдың керегі жоқ. Бір нарықпен жұмыс істесек, сол нарықта орнығып алуды көздеуіміз керек. Мысалы, былтыр бізде күнбағыс экспортына шектеу қойылғанда, Қытай басқа серіктес тауып алды. Біздің 12 мың пойыз (әрқайсы 50 вагоннан) "тастанды" болып, тұрып қалды. Бұл деген – сұмдық үлкен сома! Сондай-ақ бізде Ресейден 10 мың тонна күнбағыс сатып алып, оны Қазақстан арқылы Қытайға өткізетін кәсіпкерлер де бар. Алып келгенде қосымша құн салығы, баж және басқа салықтарды төледі, солайша мемлекетке пайда әкелді. Ал оларға квота қоюдың не керегі бар? Бұл жердегі өнім біздікі емес қой", – дейді Асқар Жақыпбаев.

Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеде Қазақстан нақты стратегиясын анықтап алуы керек деп есептейді. Олардың айтуы бойынша, "елде күнбағыс майы қымбаттады, енді шектеу қою керек" деп ештеңе ұтпаймыз. 

"Мысалы, біз былтыр Қытайға 280 миллион долларға күнбағыс, бидай, арпа өткізіп, біршама жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алдық. Тек күнбағыс өндіруші кәсіпкерлердің өзі облыста екі ірі зауыт салды. Біреуі Семейде, екіншісі Глубокое ауданы Предгорное ауылында ашылды. Ал оларға шаруалар шикізат өткізе бастаса, шаруаларға қосымша субсидия беру, яғни бизнесті қолдау керек", – дейді Асқар Жақыпбаев.

Оның айтуы бойынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Қазақстан темір жолының" Қытаймен жасасқан келіссөздері еш нәтиже бермеді. Сондықтан 20 қыркүйекте "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаевпен өтетін кездесуде ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнес бірлестіктердің атынан өз ұсыныстарын ашық айтуды жоспарлап отыр.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу