Қытай ШЫҰ-ның лаңкестікке қарсы бағытын күшейтуге ынталы

Аскар Муминов Аскар Муминов
7905

Үндістан мен Пәкістан сияқты жаңа мүшелер есебінен Шанхай ынтымақтастық ұйымының ғаламдық ұйым ретінде маңызы артып келеді.

Қытай ШЫҰ-ның лаңкестікке қарсы бағытын күшейтуге ынталы Фото: bnews.kz

Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен Алматыда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері әділет министрлерінің 4-кеңесі аясында ұйымға мүше елдердің азаматтарын құқықтық қорғауды күшейту және оларды лаңкестік қауіптен қорғау мәселелері сөз болды. Ресейдің әділет министрі Александр Коновалов халықаралық құқықтық қорғау мәселелері бойынша ШЫҰ ішінде бірыңғай тәсілдеме құру туралы ұсыныс жасады, әріптестері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Биыл кеңеске Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан әділет министрлері, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Сабыр Имандосов және Ауғанстан, Белорусь сынды бақылаушы-мемлекеттердің әділет министрлері және Иран мен Моңғолияның ресми өкілдері қатысты.

Сот сарапшыларының 90%-дан астам қорытындысы Қазақстандағы азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарау барысында дәлелдік база негізіне алынғанын Орталық жүргізген талдау нәтижелері көрсетіп отыр. Мұны Қазақстан әділет министрлігінің Сот сараптама орталығының директоры Исидор Борчашвили атап өтті.

Ол, сонымен қатар, "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" заң жобасының әзірленгенін, оны бірінші оқылымда Парламент Мәжілісінің мақұлдағанын хабарлады.

"Құжатта сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптама жүргізу міндеттері Денсаулық сақтау министрлігінен Әділет министрлігіне беру арқылы сараптамалық міндеттерді бір мекемеге орталықтандыру көзделген. Сонымен қатар заң жобасында сот-сараптамалық қызметтің міндеттері айтарлықтай кеңейтілген, сондай-ақ жеке сот сарапшылары институтын дамытуға және олардың қызметін үйлестіріп отыратын Палата құруға бағытталған нормалар бар.

2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның сот-сараптамалық іс-тәжірибесіне алғаш рет ИСО/МЭК 17025 халықаралық стандарты бойынша тіркеу енгізілді. Бүгінгі күні "Сот сараптамасы" мамандығы бойынша магистрлар дайындау мәселесі оң шешілді. Аталған мамандықты PhD докторантура деңгейі бойынша енгізу үрдісі де аяқталып қалды", – деп түсіндірді Исидор Борчашвили.

Құқық мәні күшейіп келеді

2015 жылы 10 шілдеде Уфа қаласында мемлекет басшылары деңгейінде қабылданған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму стратегиясы ШЫҰ елдерінің саяси өзара қарым-қатынастағы құқық мәнін нақтылап бергені кездесу барысында атап айтылды. Қазір саяси ахуалды және халықаралық форумдарда құқыққорғау пікірсайысындағы тайталасты еңсеру және теңқұқықты ынтымақтастық қағидаларын сақтау, қазіргі әлемнің мәдени-өркениетті сан алуандығын құрметтеу жөніндегі бірлескен іс-шараларды жолға қою бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев атап көрсетті.

"Әр елдің өз тәжірибесі бар. Бірақ, әрқайсысында сараптамалық қызмет – процессуалды және сот жұмысының негізгі позицияларының бірі деген ортақ түсінік бар.Сарапшылар ынтымақтастығы, олардың қызметін халықаралық стандарттау, осы саладағы ортақ тәсілдеме жасау біздің ынтымақтастығымыздың жетістік кепілі. Сондықтан азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жаңарту туралы мәселені біз аса маңызды деп санаймыз. ШЫҰ-на мүше-елдерде ортақ шартты база бар екені құпия емес.

Бірақ, бәрібір ортақ тәсілдеме жоқ – құқықтық көмек көрсету ісінде айырмашылық бар, осы айырмашылықтарды әрдайым  өзекті ету қажет. Ал бұл қарым-қатынас іс жүзінде жетілдіруді талап етеді. Біріншіден, бар құжаттарды жаңарту және оңтайландыру қажет. Екіншіден, әрине, ол ШЫҰ-на мүше-елдер үшін серіктес-елдер аясын үнемі кеңейту тұрғысынан мемлекетаралық келісім-шарттық құрал болуға тиіс деп санаймыз. Бұл үлкен кеңістікте құқықтық көмек көрсету мәселелері өзекті болады дегенді білдіреді",  дейді Александр Коновалов.

Қырғызстанның Әділет министрі Жылдыз Мамбеталиева өз сөзінде көші-қон проблемасына ерекше мән берді. Оның айтуынша, ШЫҰ аясындағы ашықтық еңбек ресурстары жетіп артылатын елдердің адамдарына көрші мемлекеттерден орнын табуға мүмкіндік берді. Ол миграциялық ағыстардың өршуі – жалпы әлемдік үрдіс екенін айтып, дамудың қазіргі кезеңінде ШЫҰ міндеттерінің бірі - заңсыз көші-қон мәселелерін шешуді және еңбек құлдығының кез-келген түрінің жолын кесуді ескере отырып, еңбек мигранттарына қолдау көрсетудің бірыңғай жүйесін жасау болып табылатындығын атап көрсетті.

Лаңкестік пен сепаратизмге тосқауыл

ШЫҰ елдеріндегі лаңкестік, экстремизм және сепаратизм мәселелеріне және ұйымды кеңейту мәселесіне тоқталған Қытайдың Әділет министрі У.Айиннің сөйлеген сөзі барынша назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде Бейжің мұндай құбылыстарға қарсы тұру үшін айтарлықтай күш жұмсау үстінде және ҚХР әріптестерімен бірлесе отырып, радикализм көріністерімен күрес жүргізудің бірыңғай тетіктерін әзірлеу үстінде.

Айин ханымның сөзіне қарағанда, ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкстанның қабылдануы ұйымға салмақ беріп, оны ауқымы аса кең бірлестікке айналдырды. Ол Ауғанстандағы шиеленістің артуына және қауіп-қатердің Орта Азиядағы көрші мемлекеттерге таралу қаупіне назар аудара отырып, Бейжің бұл жағдайларды бақылауда ұстап отырғанын және Ауғанстанда қалыптасқан тұрақсыздықтың жағымсыз салдарының таралып кетуінен тек бірлескен күш-жігердің арқасында құтылуға болатынына сенімді екенін атап көрсетті.

Қытайдың Әділет министрі ШЫҰ құрамына Үндістан мен Пәкістан сияқты маңызды мүшелердің кіруі терроризм мәселесін жаңа ғаламдық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Үндістандық саяси зерттеуші Бавна Дейв ШЫҰ құрамын посткеңестік елдер шегінен тыс кеңейту туралы шешімнің Уфа қаласында өткен саммитте қабылданғанын атап көрсетті. Ресей мен Қытай белгілі келісімге қол жеткізді. Алайда, бұл процесс әлі аяқталған жоқ. Бавна Дейв ханым пікірінше, Қытайдың Үндістанды мүшелікке қабылдауды мақұлдауы туралы шешімі Делидің Қытайға Үндістанның басқаруындағы SAARC  – Оңтүстік Азиялық аймақтық ынтымақтастық қауымдастығындағы бақылаушы мәртебесін беру туралы шешіміне байланысты.

Ғаламдық деңгейге шығу

РФ Ұлттық стратегия институтының халықаралық бағдарламалар жөніндегі директоры Юрий Солозобовтың сөзіне қарағанда, ШЫҰ құрамына Үндістан мен Пәкістан сияқты ірі ойыншылардың енуі ұйым үшін аймақтық деңгейден құрлықтық өлшемге өтетін белесті кезең болып табылады. Ғаламдық деңгейде бұл деген Үндістан мен Пәкістан арасындағы тарихи қарама-қайшылықтан арылу болып табылады және Еуразиядағы ауқымды инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалардың жүзеге асуына жол ашады, деп атап өтті Солозобов. Бұл қадамның маңызы бірінші кезекте Қытайдың өзі үшін аса ерекше. ҚХР бүгінде ғаламдық болмаса да, құрлықтық ауқымдағы ойынның балама ережелерін әзірлеуші болып отыр.

"Қазір Қытай Пәкістанда, Иран шекарасына жақын орналасқан терең сулы Гвадар айлағын белсенді түрде жаңғыртуда. Бұл көлік желісі Таяу және Орта Шығыстан, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азиядан шығатын сауда жолдарының қиылысында орналасқан.

Мұнымен бір мезгілде жоғары жылдамдықты тас жол, мұнай құбыры және жоғары жылдамдықты Қашғар-Гвадар темір жол магистралі салынып жатыр. Осынау ауқымды құрылыс және Қытайдың One Belt One Road стратегиялық жобасы аясындағы басқа да инфрақұрылымдық жобалары жобаға қатысушылар және оларға көрші елдер тарапынан ұжымдық қауіпсіздік  шатырына ие болмақшы.

Мұндай кепілдікті тек ШЫҰ ғана бере алады – Еуразияда мүдделерді халықаралық мәмілеге келтірудің бұдан басқа ғаламдық жүйесі жоқ. Үндістанмен тарихи сенімді қарым-қатынасы бар Ресей үшін Делидің ШЫҰ-дағы беделді дауысы да аса қажет. Ұйымды сыншылардың тезіне ілінген таза "қытайлық ықпал ету құралынан" ғаламдық ұйымға айналдыруға шынайы мүмкіндік пайда болады", – деді Юрий Солозобов.

Пікірталас аясында ШЫҰ елдерінің заңнамаларының бірыңғай базасын құру туралы мәселе көтерілді, оны ұйымның ресми сайтының басты бетіне орналастыруға болар еді.

Отырыстың қорытындысына сәйкес, үкіметтердің заң шығару қызметтерін болжау және жоспарлау бойынша тәжірибе алмасу жөніндегі, заң қызметін көрсету, азаматтардың құқықтық мәдениетінің дамуына ықпал ету және оларға құқықтық көмек көрсету жөніндегі шешімдер қабылданды.

Сондай-ақ сот сараптамасы, азаматтардың және басқа да субъектілердің заңнамалардың ұлттық базасына ұйымның сайты арқылы қайтарымсыз қол жеткізуін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл жөнінде шешімдер қабылданды.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу