Қытайдың АҚШ-ты неге басып оза алмай жүргені белгілі болды

820

Қытай кейінгі жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шеше алар емес.

Қытайдың АҚШ-ты неге басып оза алмай жүргені белгілі болды Фото: ft.com

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізге келіп, тұрақты жұмысқа орналасқан еңбек мигранттарының саны жөнінен алғаш рет Қытай бірінші орынға шықты.

Министрлік дерегінше, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті әкімдіктердің рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 346 шетел азаматы еңбек етеді. Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 577 рұқсат (І-ші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 591 рұқсат (ІІ-ші санат).

Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 190 және 636 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 924 адам, корпоративтік ауыстыру аясында 3 428  адам шетелден келді.

"Бүгінде Қазақстанға еңбек мигранттары көп келетін негізгі елдер арасында бірінші орынға Қытай шықты: елде 3 267 қытайлық жұмыс істейді. Одан кейін Өзбекстан – 2 080 адам, Түркия – 946 адам, Үндістан – 885 адам. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың бірлік мөлшерінде белгіленді", – деді Еңбекминінің мамандары.

Бұл тек басы ғана болса керек. "Холод" басылымы миллиондаған білімді қытайлықтардың жұмыс таба алмай жүргеніне назар аудартты.

"ҚХР-да қазіргі кезде көптеген бос орын тек төмен білікті, қара жұмыс сегментінде қолжетімді. Жастар ондай орындарға қызықпайды. Қытай компартиясы оларды көндіру үшін үгіт-насихат жүргізуде. Оған сәйкес, жастарды амбицияларын ұмытып, Си Цзиньпиннің өрлеу жолымен жүруге шақырады. Ол Мәдени революция жылдары жеті жыл ауылда еңбек еткен, қой баққан, шөп шаққан. Алайда биліктің насихаты жастардың бойына дарымады, олар шенеуніктердің тірлігінен көңілі қалып, болашаққа сенімнен айрылғандарын ашық айтады", – деп жазды осы елге сапарлаған "Холод" басылымының журналистері.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Қытайда терең демографиялық дағдарыс басталды. Жастар жұмыс істегісі келмейтіні аз болғандай, бала табуды да қаламайтын көрінеді. Бұған экономиканың құлдырауы қосылды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚХР-дің ЖІӨ-сі небары 5% өсті. 2023 жылдың ұқсас кезеңіндегі өсім 5,2% болған. Бұл туралы осы елдің Мемлекеттік статистикалық басқармасының алдын ала деректерінде айтылған.

Осының бәрі ҚХР-дың экономикалық тұрғыдан АҚШ-ты қуып жетіп, басып озу және әлемдегі №1 державаға айналу бойынша мемлекеттік амбициясына соққы берді. Халықаралық сарапшылар "қытайлық экономикалық ғажайыптың ақыры" туралы айта бастады.

Ханзу елін жастар жұмыссыздығы эпидемиясы жайлауда. Жалпы көрсеткіштер жаман емес: 35 жасқа дейінгі жастардың арасындағы жұмыссыздық 5,3%. Салыстырғанда, Америкада – 4%. Бірақ соның ішінде 16-дан 24 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 18,8%-дан асқан. Ендеше әрбір он жастың екеуі жұмыссыз.

Ресми статистика бойынша Қытайдағы 96 миллион жас ұрпақтың тек 33 миллионы ғана "экономикалық белсенді", яғни, күн сайынғы еңбегімен ҚХР-дің қуатын арттыруда. Тағы 48 миллионы – мектептер мен университеттерде оқиды. Сонда қытайлық 6 миллион жастар өкілі жұмыссыздар армиясын толтырды.

Hang Seng Bank бас экономисі Дэн Ван бір жайтқа назар аудартады. Көрсеткіштердің "жыларман" халде болғаны сонша, бір жыл бұрын билік статистиканы жариялауды уақытша доғарды. Осы кезде ол есептеу әдістемесін өзгерткен. Мысалы, жұмыссыздар санатынан мектеп жасындағылардың бәрін алып тастады. Бұл да көмектеспепті, деректер бәрібір тарихи рекорд орнатуда.   

"Жас қыздар мен жігіттерге бұрынғыға қарағанда жоғары жалақылы жұмыс табу жыл сайын қиын болып барады. Өйткені бұған дейін көптеген түлек қалалық қызметтер секторына лек-легімен тартылатын, онда жалақы жақсы болатын. Кейінгі 3 жылда бұл қызметтер күрт қысқарды. Жергілікті биліктерге жылжымайтын мүлік, қаржы, ай-ти және басқа салалардың мамандары бұрынғыдай көп қажет емес", – деді Дэн Ван.

Тәуелсіз экономистер мен аналитиктер жұмыссыздыққа қатысты шынайы ахуал ресми статистикадағыдан нашар екеніне сенімді.  Бейжің университетінің профессоры Чжан Даньданьның есептеуінше, елдегі жас мамандардың жартысына жуығы жұмыссыз жүр.

"Мемлекеттік статистика ресми тіркеліп, жұмысты белсенді іздейтін жастарды ғана есепке алады. Қалғаны – жұмыс істегісі келмейтіндер, іздеуді қойғандар, ата-анасының қолында тұрып, соның ақшасына күнелтетіндер есепке ілікпей қалды. Ал, мұндайлардың саны шамамен 16 миллиондай. Осылайша, Қытайда жастар жұмыссыздығы әлеуетті белсенді халықтың 46,5%-ына жуықтайды. Басқаша айтқанда, 22 миллиондай жас маман жұмыссыз отыр", – деді қытайлық профессор.

Халықаралық сарапшылар бір "қызықты", тіпті үрейлі үрдіске назар аудартады. Ересек қазақстандықтардың есінде шығар: қазіргі Қытай сияқты, кезінде экономикалық екпінді өрлеудің ұзақ жылғы бірнеше циклы арқасында Жапония да әлемдегі №2-ші экономикаға айналған. ХХ ғасырдың соңында "Күншығыс елі" төл "экономикалық ғажайыбын" жаһанға паш етіп, ғаламат қарқынмен дамыды. Экономистер мұндай серпінмен оның енді сәлден соң АҚШ-ты басып озатынын болжады.

Алайда 1990 жылдардың басында белсенді өсімді стагнация мен тоқырау алмастырды. Содан бері Жапония экономикасы жоғары қарқынмен өсе алатын емес. 2024 жылы "Күншығыс елі" Германияны да алға оздырып, ЖІӨ көлемі жөнінен әлемдегі төртінші орынға сырғыды. Өйткені 1990 жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейінгі аралықта жапон экономикасы орта есеппен небары 1,14%-дап өсті. 2000 жылдардан 2010 жылдар аралығындағы өсімі одан да құлдырап, бар-жоғы 1% болды.

2010 және 2020 жылдары тоқыраудан арыла алмады, ковид пандемиясына килікті. Осы кезеңнің бәрі "Жапония үшін жоғалған онжылдықтар" деп аталады. Еңбексүйгіш жапон қоғамында жұмыссыз қалу ұят. Проблеманың ушыққаны сонша, метро станцияларында көк түсті шамдар орнатылды, ол адамдарды тыныштандырады деп саналады.

30 жыл өткенде ұқсас жағдайды Қытай бастан өткеруде. Жапондар сияқты қытайлар да қысқарып қалғанын туыс-туған, дос-жарандарынан жасырады, жұмысқа кеткен сыңай танытып, уақытын кітапханаларда немесе бақтарда өткізеді. Сонда отырып, әр жаққа түйіндемелерін жолдайды, ұйықтайды, кешке оралады.

Мысалы, 35 жасар, математика магистрі, ұзақ жыл тәуекелдерді бақылау саласында жұмыс істеген гуанчжоулық Эхо Ван Alibaba Group-тағы жұмысынан айрылып қалғанын отбасы мүшелері білмейтінін айтады. Басқалары сияқты Э.Ван да жұмыс күндерін кітапханада өткізеді. Жоралғысын нақты сақтап, таңертең кетіп, кешкі 9-да оралады: Alibaba-да істегенде жұмыс режимі солай болыпты. Эхо күйеуімен, қызымен және ата-енесімен бірге тұрады. Құпиясын ашуға қорқады, әйтпесе, енесі біліп қойса, үйде отыруға және екінші баланы тууға мәжбүрлейді.

Кітапханаларды толтырып, кітап орнына әлеуметтік желілерді парақтағандар арасында университеттердің түлектері басым. Олар ұзақ жылын оқуға жұмсағандықтан, қарапайым жұмыс орындарына барғысы келмейді. Түлектердің төрттен бір бөлігі технологиялар саласында жұмыс іздеген. Проблемасы сол, ҚХР сол бұрынғыдай арзан жұмыс күшіне зәру. Онсыз елде қалған шетелдік кәсіпорындардан айрылып қалады. Төл өнімдерінің де өзіндік құны жоғарылап, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетсіз болады.

Бұған қоса, шың елінде ең қарқынды дамушы салаға қызмет көрсету және сауда секторы жатады. Сондықтан қарапайым сатушыларға, көлік жүргізушілерге, курьерлерге, даяшыларға, электрик, сантехник сияқты жөндеушілерге сұраныс зор.

Ал, жоғары жалақылы жұмыс орындарына талас тым жоғары.

"Жұмыс табу қиын емес, лайықты жұмыс табу қиын. Мен мысалы, Бейжіңде халықаралық қаржы мамандығына оқыдым. Бірақ Гуйчжоу провинциясындағы таулы деревняда жұмыс істеймін және айына 427 доллар аламын", – дейді қытайлық студенттердің бірі.

Жапониядан айырмашылығы сол, 1,5 миллиардқа жуық халқы бар ҚХР "табысы орташадан жоғары мемлекеттер" санатына өте алды, "табысы жоғары елдер" санатына сол бойы көтеріле алмады. Өйткені Дүниежүзілік банктің есептеуінше, 2023 жыл қорытындысында Қытайдың жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысы 13 400 долларды құрады. Бұл "бай елдер" үшін белгіленген ең төменгі межеден – 14 005 доллардан кем.

Мысалы, 2023 жылы Жапонияның жалпы ұлттық табысы жан басына шаққанда 39 030 доллар болды. Америкада – 80 300 доллар.

Қытайдың экономикасын COVID-19 пандемиясы аяқтан шалды. Ары қарай ханзу елінде жылжымайтын мүлік нарығында дағдарыс басталып, ол қарыз дағдарысына ұласты.

Дағдарыс күшейген сайын көптеген қытайлық бала туудан бас тартуда. Бұл шығыс көршіні соңғы 60 жылда болмаған демографиялық дағдарысқа соқтырды. БҰҰ ХХІ ғасыр соңында Қытайда қазіргі халықтың жартысы ғана қалуы мүмкін деп болжады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу