Қытайдың шпиондық шары Америка аспанында әлі қалықтап жүр

1661

Осы оқиғаға байланысты АҚШ-тың бас дипломаты Бейжіңге сапарын доғарды.

Қытайдың шпиондық шары Америка аспанында әлі қалықтап жүр

Қытайдың шпиондық шары бағытын өзгертті. Қазір ол Америка Құрама Штаттарының орталық бөлігінен шығысқа қарай шамамен 18 300 метр биіктікте қалықтап барады. Бұл әрекет оның маневр жасау мүмкіндігін де көрсетіп берді, деп хабарлады жұма күні америкалық әскерилер. Айта кетсек, осы оқиғаға байланысты Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Қытайға сапарын кейінге қалдырды.

Қытай геосаяси қарсыласының аспанында кенеттен пайда болған аэростатты "бағытынан тайып, Құрама Штаттар кеңістігіне енген азаматтық әрі метеорологиялық дирижабль" деп атаған еді. Алайда, сол шардың маневр жасау қабілеті Бейжіңнің бұл мәлімдемесін күмәнді етіп отыр.

"Біз бұның қытайлық бақылаушы әуе шары екенін және оның маневр жасай алатынын білеміз", - деді АҚШ Әуе күштерінің бригадалық генералы Патрик Райдер Пентагонда өткен брифингте.

Дегенмен Райдер тыңшылар балонының қалай қуаттандырылғанын және Қытайда оны кім басқаратынын нақты айтудан бас тартты.

Сәрсенбіде Америка әкімшілігінің өкілдері мәлімдегендей, Президент Джо Байден күдікті шарды Монтананың үстінен ұшып бара жатқанда атып түсірмеу туралы шешім қабылдаған. Өйткені, көлемі "мектептің үш автобусындай" болатын нысанның бөлшектері жан-жаққа шашырап, жердегі адамдарға зақым келтіруі мүмкін.

Пентагонның болжамынша, бұл шар АҚШ әуе кеңістігінде тағы бірнеше күн қалықтауы ықтимал. Осы уақыт ішінде америкалық әскерилер оған қатысты қандай шара қолдануы мүмкін? Бұл сауалға Райдер жауап берген жоқ. Дегенмен Байден қытайлық аэростатты құлатуға немесе ұстауға бұйрық беруі ғажап емес. Қазір осындай да қауесет тарап жатыр.

Пентагон шетелдік әуе шардың АҚШ-тың орталық бөлігінде нақты қай жерде ұшып жүргенін айтпады. Алайда, әскерилердің сөзінше, америкалықтар аспанға қарап, оны өздері де іздей алады.

"Әрине, жұртшылық көкке көз жіберіп, шарды көру мүмкіндігіне ие", - дейді Райдер.

Канзас штатынан сайланған сенатор Роджер Маршаллдың айтуынша, тыңшылық шар оның штатының солтүстік-шығыс бөлігінде көзге түскен және оның қызметкерлері сол үшін бүгінде қауіпсіздік күштерімен байланыста отыр.

"Мен қытайлықтардың америкалықтарға тыңшылық жасау әрекетін айыптаймын. Президент Байден АҚШ-тың егемендігін қорғауы керек", - дейді Маршалл Twitter-де жариялаған мәлімдемесінде.

Райдердің өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, қытайлық шар жердегі адамдарға қауіп төндірмейді. Дегенмен барлаушылар құралының АҚШ әуе кеңістігіне енуі екі мемлекет арасындағы саяси алауыздықты тіпті өршітіп отыр.

Қараша айында Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин кездесіп, Блинкеннің Бейжіңге баруына уағдаласқан еді. Ол жүздесуде Тайвань, адам құқықтары, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі талаптары, Солтүстік Корея, Ресей, Украинадағы соғыс, сауда саясаты, климаттың өзгеруі тәрізді екі жақты дауға ұрындырған мәселелерді талқылау жоспарланған.

Енді сол сапар белгісіз уақытқа доғарылып отыр. Бұл – екі жаққа да үлкен соққы. Өйткені, АҚШ та, Қытай да осы сапарды әбден құлдырап кеткен қатынастарды тұрақтандырудың маңызды мүмкіндігі деп қарастырған еді. Айта кететін тағы бір жайт, Американың бас дипломаты соңғы рет Бейжіңге 2017 жылы барған екен.

Қытайдың барлаушы жерсеріктеріндегі датчиктер, америкалықтардың айтуынша, бұл тыңшылық шарда да бар. Бейжіңнің ірі дипломатиялық оқиға қарсаңында неге мұндай өрескел әрекетке тәуекел еткені әзірге белгісіз.

Қытайлық шпион шар стратегиялық маңызы зор объектілерге апаратын жолды ұстанған. Сондай алаңдар қатарында әскери базалар мен Монтанада орналасқан континентаралық баллистикалық зымырандардың (ядролық ракеталардың) үш шахтасы бар.

Сәрсенбіде Монтана штатының Биллингс әуежайы жолаушылар лайнерлерін жерге  қондырды. Өйткені, Байден әуе шарын атып түсіруге бұйрық беруі мүмкін деп, әскерилер өздерінің барлық активтерін, соның ішінде F-22 жойғыш ұшақтарын дайындыққа көшіріп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу