Қытайға экспорт: оңы мен солы

19174

Қытай экспансиясынан қорыққанша, Қытайға қазақ өнімінің экспансиясын арттыру керек.

Қытайға экспорт: оңы мен солы

Бүгінде Қазақстан халқының Қытай экспансиясынан қауіптенетіні жасырын емес. Осы орайда, инвестиция құятынын желеу етіп ішке жеделдете енуді ойлайтын теріс пиғылдың бетін қайтарудың жақсы бір мүмкіндігі туып тұр.

Ауылдың еңсесі көтеріле ме?

Бұл бір жағынан жер төсін емген, мал баққан ауылдағы ағайынның, яғни отандық кәсіпкерлердің шикізат тәуелділігінен арылып, экономиканы көтеру үшін қаптаған қытайлықты ел ішіне кіргізіп алаңдағанша, өз өнімін сол жаққа молынан жөнелтіп, кіріске кенеліп, қаржылық дербестікке қол жеткізетін жол. Елдің еңсесін көтеретін мүмкіндік.

Екінші жағынан, қазіргі мұнай бағасы түсіп тұрғанда, қазақ халқына ата-бабасының төл кәсібіне оралып, кезінде жұрт жаппай көшіп, бос қалған ауыл тірлігін қайта жандандыруға тағдырдың тамаша сыйы.  

"Қытайға экспорт!" бастамасын көтерген кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы (КҰП) мен ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өнімді Қытай нарығына шығаруды көздейтінін айтады.

Ұлттық палата Басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың сөзіне қарағанда, бұл қадам отандық ауылшаруашылық өнімдерін және азық-түлік өндірушілерге өнімдерін Қытай нарығына ұсынуға қолайлы жағдай туғызады.

"Қасымызда Ресей мен Қытай сынды екі үлкен нарықтың орналасқаны белгілі. Әр жақта Иран тұр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек. Ішкі нарықтан тыс, көрші елдерге ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарған абзал. Өздеріңізге мәлім, Елбасы Қытайға сапары кезінде осы мәселені көтерген болатын. Осы орайда көптеген шектеу жойылды.

Мәселен, өткен жылы ғана Қытай 7 млн тонна сиыр етін, 200 мың тонна бақша өнімін, 3 млн тонна бидай, 11 млн тонна арпа, 7 мың тонна бал өнімін сырттан сатып алған. Бұл көрсеткіште Қазақстанның үлесі аз ғана. Сондықтан елімізде экспортқа өнім беретін фермерлерге, кооперативтерге жеңілдетілген несие, қаражат беріліп, қолдау көрсетілді", – деді Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, Қытай нарығы қазақ өнімін өткізу көлемін кеңейту жолы ғана емес. Бұл арқылы тауар өндірушілер өз өнімін әлемдік деңгейдегі баға бойынша сатып, өзіндік шикізат өндірісін ынталандыра алады және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмыс ауқымын көбейтеді.

Аграрлық саладағы әлемдік саудада Қытай азық-түлік импорты жағынан Еуропа одағы мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр. Қытай дүние жүзіндегі ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші ғана емес, алпауыт импорттаушы да. Бұл жерде Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы арасында қазақ өнімдерін экспорттау, астықтың экспорттық партияларына, соя өнімдеріне, жылқы тұқымдас жануарларға фитосанитарлық талап туралы хаттамаға қол қойды.

Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорт мәселесін қарастыратын 30 ауыл шаруашылығы өнімі бойынша құжаттар келісу үстінде көрінеді. Басымдық берілген 59 тауар түрі туралы ақпарат әзірленіп, 335  кәсіпорынның тізімі жасақталған. Экспорттаушы кәсіпорындар өндіріс қуатын, баға мен жеткізу шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныстарын дайындауы тиіс.

Қытайдың сауда ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. JUMORE электрондық сауда алаңымен меморандумға қол қойылғаны белгілі. Онда кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасындағы деректер, инвестициялық жобалар тізімі, Қытай нарығында сұраныс бар және бәсекеге қабілетті өнімдер мен кәсіпорындар жайлы мағлұмат орналастыру көзделіп отыр.

Ал бұл, Қытайдағы сауда келісімдерінің көбісі онлайн тәртібіне жүретінін ескерсек, аса өзекті. Тағы бір атап өтер жайт: жиында Қытайға экспорттың жолға қойылуы ішкі азық-түлік қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізбейтіні мәлімделді.  

Жемқорлыққа жол жоқ

Қазақстан Ет одағының президенті Мақсұт Бақтыбаевты Қытайға экспорт жасау тәртібі жайлы толық ақпаратты қайдан алатыны қызықтырады. Мәселен, ол үшін қажетті мәлімет – қандай рұқсат алу керек, қандай мерзімде және эспорттаушы болу үшін не істеу қажет. Сарапшы экспорт бағытында кемшілік жіберіп алмауға шақырды.

"Қытайдың өзіне импорттайтын миллион тоннадай сиыр етін біз жыл сайын жеткізе аламыз. Бірақ бұл үшін жайылымдағы мал басын көбейткен жөн",  деді Одақ жетекшісі.  

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, өз кезегінде, қажетті ақпарат АШМ және "Атамекен" сайттарында бар деді. Сонымен қатар вице-министр сайттардағы ақпараттың қарапайым әрі барлық қадам слайдтар арқылы көрсетілгенін айтты.

"Бізге біртіндеп Қытай нарығын жаулап алу қажет және барлық кері салдарды ескергеніміз жөн. Қытай нарығына шығу бастамасында ешқандай келеңсіздікке жол бермеуіміз тиіс.  Барлық ақпарат ашық.

Біз Қытайға тауар жеткізушілерді іріктеу ісінде субъективтілікке, жемқорлыққа қатысты бөтен ой болмауы үшін, әдейі "Атамекен" арқылы қолға алуды жөн санадық. Тәртіп бәріне етене таныс, барлық халықаралық ережелерге сай келеді. Дәл осындай шараларды біз ЕАЭО нарығына шыққысы келетін шетелдік жеткізушілерге де қолданамыз", – деп атап өтті Гүлмира Исаева.

Ауыл шаруашылық вице-министрі қазір мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдар үшін, өнімдердің барлық түрінің түрлі нарыққа шығуына қатысты, нақты пункттері мен тапсырмалары бар Жол картасын жасап жатқандарын айтады.

"Бұл ретте, бірнеше нарыққа басым бағыт беріледі. Олардың арасында ЕАЭО, Қытай және Еуропа Одағы да бар", – дейді вице-министр.

Талап қатаң

Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қытайға кез-келген кәсіпкер ет жеткізе алмайды. "Етке деген қытайлық стандарт талаптары мен стандарттар бар. Және қытайлық сарапшы топ инспекциясынан өту тәртібін де ескерген жөн. Олар ет өңдеуші комбинаттардың, мал бордақылау алаңдарының, жеткізуші фермерлік қожалықтардың осы тәртіпке қаншалықты сай екенін тексереді. Тәртіп өте күрделі және кез-келген кәсіпкер бұл тексеруден өте алады деп айта алмаймын", – деді ол.

Картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисебаев сөз арасында Қытайда картоп крахмалына зәрулік бар екенін айтты. Бұл осы саладағы өңдеу саласын дамытудың айқын алғышарты.

Нұржан Әлтаев Қытайдың ішкі сауда ұйымымен кездесу туралы айтып, олар қазақ кәсіпкерлерін Қытайда 17 қарашада өтетін форумға шақырып отырғанын хабарлады. Форумда B2B кездесулері өтіп, ауылшаруашылық өнімдерін сатып алатын компаниялармен келіссөздер жүргізілмекші.

Нұржан Әлтаев мемлекет басшысының Сауд Арабиясына іссапары барысындағы келіссөздеріне тоқталды. "Онда Ислам даму банкімен келіссөздер өткізілді. Олар қазір араб елдерінде өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыру үстінде. Сол себепті, Қазақстан аумағында ірі ауылшаруашылық жобаларын жүзеге асырып, тек біздің ел аумағында ғана азық-түлік сатып алуға қызығып отыр.

Біз шамамен бір айдан кейін, Қазақстанның ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен кездесу өткіземіз. Онда қандай да бір жобасы бар, алайда қаражатқа зәру кәсіпкерлерге басымдық беріледі. ИДБ оларды қаржыландыруға дайын. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы кәсіпкерлері тарапынан осы өнімдерді сатып алуға әзір кәсіпкерлер де бар. Жоспар бойынша бір айдан соң ірі басқосу өткізіп, барлығын шақыратын боламыз", – деді КҰП Басқармасы төрағасының орынбасары.

Кәсіпкерлерді не алаңдатады?

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкері "Атай СК" құс фабрикасының өкілі компанияның Санкт-Петерборда еншілес құрылымы бар екенін және  ритейлерлер арқылы жұмыртқа сатумен айналысып келетінін айтып, Санкт-Петербордағы желілер ветеринарлық сертификаттан бөлек, қосымша құжат – сәйкестік сертификатын талап ететініне шағымданды.

КҰП Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова аталған мәселені бақылауға алатынын айтты. "Бұл кедергі заңсыз жасалып отыр. Біз ресейлік сауда желілерімен байланысатын боламыз", – деді ол.

Вице-министр Гүлмира Исаева, өз кезегінде, өнімнің ветеринарлық бақылау мен қадағалауына қатысты кез-келген  ішкі бақылауды сүйемелдейтін жалғыз құжат – ветсертификат екенін жеткізді.  

"Eurasian foods" компаниясы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қытайға тауар экспорттау бойынша "Жол картасына" терең өңдеуді қажет ететін өнімді енгізуге қатысты сауал қойды.

"Терең өңдеуді талап ететін өнімдер, көп жағдайда, ешқандай келісімді қажет етпейді. Себебі, олар тәуекелі төмен өнімге жатады. Халықаралық ережелерге сәйкес, бұл тұста қандай да бір қосымша келісім, сертификат немесе инпекция жасау талап етілмейді", – деп жауап берді  Гүлмира Исаева.

Не істеу керек?

Отандық тауар өндірушілерді Қытайға экспортталатын ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларының ерекшеліктері туралы ақпарат беру үшін palata.kz сайтында "Қытайға экспорт!" айдары ашылды. Мұнда әр әлеуетті тауар экспорттаушы қажет мағлұматты таба алады.

Мәселен, нені экспортқа жіберуге болады, өнімге қойылатын талаптар қандай, Қытайға өнімді кіргізетін өткел қосындары, яғни Қытай нарығына шығудың егжей-тегжейлі сызбасы көрсетілген. 

Қазақ кәсіпкері барлық мәліметті сall-орталықтың 8-800-080-80-10 нөміріне қоңырау шалып немесе export@palata.kz электрондық мекен-жайына сұрау салу арқылы ала алады. Сонымен қатар, тікелей сұхбат үшін Facebook әлеуметтік желісінде "Атамекен. Қытайға экспорт" тобы ашылған. 

Р.S. Қытай жыл сайын 115 млрд АҚШ долларынан астам сомаға азық-түлік өнімдерін импорттауда. Ал қазақстандық өнімдердің бұл жердегі үлесі 0,1%-дан аспайды.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу