Қытаймен шекара жақта халық жерден айырылып қалды

17720

Шекаралас ауыл тұрғындарын аудандық шенеуніктер алдаған ба?

Қытаймен шекара жақта халық жерден айырылып қалды

Ежелден қазақтың құтты мекені болған Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданы – алпауыт қытай көз сұғын қадаған өңір. Оның үстіне Ресей патшасы Қазақ хандығын отарлаған тұста Тарбағатай аймағының басым бөлігі шың еліне өтіп кеткені жасырын емес. Қазір ол ҚХР-дың Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты әкімшілік аймақ саналады. Әрине, тәуелсіз Қазақстанның өзге мемлекеттер территориясына еш претензиясы жоқ.

Сонымен бірге ең болмаса, өз жерімізді сыртқы сұғанақ көздерден сақтап қалу үшін шекаралас өңірлерді қазақтармен толтыру маңызды. Аймақтық держава болып есептелетін Ресейдің өзі аумағының бір пұшпағын сақтау үшін 2018 жылдан бері Қиыр Шығыста (Дальний Восток) өз азаматтарына 1 гектардан тегін үлестірді. Мұндай бағдарлама Қазақстанға да керек сияқты.

Осы орайда ШҚО-ның Тарбағатай ауданының тұрғындары ауыл шаруашылығын жүргізуге жер сұрап, ала алмай жүр. Олар билікке ұжымдық хат жолдады.

Әкімқараларға сеніп, қалталарын қақты

Аудандағы Ойшілік ауылық округі – Қытай мемлекетімен іргелес жатқан, шекаралас, стратегиялық елді мекен. Арыз иелерінің айтуынша, осындағы Тебіске өзеніндегі су тоспасы кезінде қыруар мемлекет қаржысына қайта салынған екен. Бірақ бізде шенеуніктер жартыкеш іске бейім тұрады емес пе: одан ары егістікке су апаратын арна жөнделмей, ауыл жанындағы 2 мың гектардай үлкен көлемдегі суармалы егістік жер игерілмей қалыпты. Салыстыру үшін айтсақ, осы аумаққа 10 Монако, 45 Ватикан сыйып кетер еді.

Содан ескі арнаның қабырғалары құлап, шлюздер бүлініп жатқандықтан келген су далаға ақты.

Былтырғы 2020 жылғы көктемде Ойшілік ауылдық округінің әкімі Ержан Құттыбаев халықты жинап, бос жатқан осынау ылан-ойран суармалы жерді игеруге шақырды. Сондай-ақ осы жермен жұмыс істегісі келетін азаматтар үшін жиналыс өткізіліп, оған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов пен аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Ержан Жанпейісовтің өзі келіп қатысқан болатын.

Бұл ежелден жерді еміп, нәпақа тауып келген жергілікті жұртшылықты шабыттандырды. Содан жергілікті биік лауазым иелерінің: "бос жатқан егістік жерлерді игерген азаматтарға жерді жалға алу құжаттарын алуға көмектесеміз!" деген уәделеріне сеніп, 19 ауылдық азамат бірлесіп, су арнасын өз бетінше жөндеп шығады.

Бұған қоса, қаражат-құрал біріктіріп, сонау Үржар ауданынан жоңышқаның тұқымын алдыртады.

"Біздің әрқайсымыз осылайша былтыр 5–10 гектардан астық тұқымдастарын араластырып, жонышқа өсірдік. Атап айтқанда Ш.Ағанасов – 6 гектар, С.Қасымжанов, А.Әзімханов, А.Слямов – 5 гектардан, М.Қажетбеков, Кеңесбаев, К.Шөкіманов, Ә.Ғабдоллин және Т.Қылышбаев – әрқайсысы 10 гектардан егін ектік. Әр гектарға орташа есеппен 150 мың теңгеден шығын шығарылды. Жалпы құйылған қаражат 10,6 миллион теңгеден асты. Ауылдастардың ісі дөңгеленгенін көріп, басқа ауыл азаматтары да суармалы жерлерді игеруге, яғни егістік жер алуға өтініш берді. Олардың жалпы саны 40 шақты. Бұл шекара аймағында орналасқан ауылдың гүлденуіне, жер шетінің қорғалуына, өңір халқының әл-ауқатының артуына, жұмыспен қамтылуына зор ықпал етеді. Жастар бұл мекенді тастап, орталықтағы қалаларға кетпес еді", – дейді өтініш иелері.

Ауылдар арасын конкурс бүлдіреді

Бірақ жер астынан жік шыққандай бір тосқауыл бас көтерді.

"Сөйтіп жүргенде, осы жерлерге иелік ету конкурсқа шығарылды. Бұл ретте аудандық комиссия жергілікті тұрғындарға ешқандай басымдықтар бермей тастады. Осы арқылы комиссия мүшелері ел басшылығының шекаралық елді мекен халқын тұрақтандыру, әл-ауқатын арттыру саясатына ашық қарсы дауыс беріп отыр. Жергілікті қауымдастықтың төрайымының пікір-ұсыныстары аяқасты етілді. Бүгінде шекаралық елді мекеннің тұрғындары жерге қол жеткізе алмай отыр. Қынжылтатыны сол, біздің жұмсаған инвестициямыз да, атқарған жұмыстарымыз да ескерусіз қалды. Көктемде уәде беріп кеткен лауазым иелерінен де ешқандай қолдау болмай тұр. Осыдан кейін бұл елді мекендерде халық, әсіресе жастар қайдан тұрақтайды?!" – деп ашынады Шалқар Ағанасов.

Ол жер комиссияның 2020 жылғы 15 желтоқсандағы жерге иелік беру туралы №200 хаттамасына сәйкес, Ойшілік ауылындағы жер телімі бойынша ірі лотқа Ақсуат ауылы тұрғынының жеңімпаз деп танылуын "негізсіз" деп санайды. Сондай-ақ конкурс "бармақ басты, көз қысты" тәсілімен өтті деген жорамал жасайды.

"Мысалы, конкурста басым дауысқа ие болған Ақсуат тұрғыны ауыл әкімінің туысы, 10 шақты жыл жеке шоферы болған, тамыр-таныстығы бар. Халық қарсы көтерілген соң, 2020 жылғы 22 желтоқсанда ауыл әкімдігінде сол жерге егін егіп, жұмыс істеген ауыл тұрғындары үшін жиналыс ашылды. Ауыл әкімі жұмыста болмағандықтан оған ауыл шаруашылығы маманы М.Қойлыбаев қатысты. Бұған қоса ауыл тұрғындарының наразылығы туралы 21 желтоқсанда аудан әкімі Асхат Смайылов мырзаны хабардар еткенбіз. Ол мәселені шешуді орынбасары Қайрат Мауадиновқа тапсырған. Содан бері бірнеше рет жиын өткізілді", – дейді ауыл кәсіпкері.

Алайда тұрғындардың мәліметінше, осы уақытқа дейін түпкілікті шешім қабылданбай тұрған көрінеді.

Мәселенің тағы бір қыры сол, ауыл азаматтары игерген суармалы егістік жерлерінің де құжаттары толық болмай тұрған көрінеді. Нәтижесінде, суармалы егістік санатына жатпайтын жерлер конкурсқа шығарылған. Ертең жеңімпаз болған азаматтар су жетпейтін ол жерлерде қалай жұмыс істейтіні белгісіз.

Тұрғындардың байламынша, жер қатынастары бөлімінің мамандары "жалға беруге конкурсқа шығарылатын жерлердің жобасын жасарда кабинеттен шықпаған, сол жерлерді көзбен көрмеген, жердің геодезиялық жағдайын елемеген". Егістік жерлерді игергенімен, оған иелік ете алмай жүрген жергілікті кәсіпкерлер қатарында Д,Кеңесбаев, М.Қажетбеков, С.Қасымжанов, Ғ.Шөкіманов, А.Әзімханов, А.Слямов, Ә.Ғабдоллин, Т.Қылышбаевтар және тағы да қырықтай азамат аталды. Олар жерді бөлгенде жергілікті тұрғындарға басымдық берілсе дейді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өтініш қараусыз қалдырылмайтынын хабарлады. Алайда егін салатын қауырт кезең таяп қалды. Ал жергілікті егіншілер оған дайындыққа кірісер-кіріспесін білмей отыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу