Ломбардтың дәурені жүріп тұр

4397

Қазір екінші деңгейлі банк несие беру кезіндегі талапты күшейтті.

Ломбардтың дәурені жүріп тұр

Оған себеп – тұрғындар қарызының шектен тыс көбеюі. Есесіне, ломбард саудасы қызып тұр. Қымбат бұйымын, электронды құралы мен жылжымайтын мүлкін кепілдікке қою арқылы қарызға ақша алатындар қатары артты.

Астана қаласында ломбард саны күн санап артып барады. Келушісі көбейген сайын ломбард тұрақты тұтынушысына арнап түрлі жеңілдік қарастыра бастайды. Тұрғындар үшін тиімдісі – осы. Өйткені банк сияқты сан түрлі құжатты қажет етпейді. Бұйымыңыз бен жеке куәлігіңіз болса болғаны, қажет ақшаңызды аласыз.

"Қазір ломбардқа келушілердің саны көп. Мәселен біздің ломбардқа күніне орташа есеппен 15-20 адам келеді. Олардың қатарында жасы да, кәрісі де бар. Біздің ерекшелігіміз – кепілге тек бағалы тастарды ғана аламыз. Бірақ кейінгі кезде алтынның құны арзандап барады. Біраз уақыт бұрын әр грамын 7500-8000 теңгеге бағалайтынбыз. Дәл қазір 6500 теңге. Ал гаухартастың караты – 8000 теңге. Күніне 0,2% құн қосылады", – дейді "Ломбард кредит" ЖШС бағалаушысы Самал Әбілдақызы.

Маманның айтуынша, әсіресе мереке жақындаған сайын сауда қызады. Бірнеше жылдан бері тұрақты тұтынушыға айналған азаматтардың қарасы көп.

Осы жерде тағы бір мәселе туындайды. Егер қарыз алушылар белгіленген уақыт ішінде қарызын қайтара алмаған жағдайда ломбард шара қолданады. Мұны көпшілік жақсы біледі.

"Біздің ломбардқа қарызын төлей алмай қалған жағдайда, шарт бойынша 1 айға дейін күтеміз. Мұндай жағдайда 0,7 % өсім жүреді. Мәселен азамат 150 мың теңге алған болса, оның айына төлейтіні 9600 теңге. Өзі келіп, осы соманы ұсынып, уақытын создыра береді. Егер оған келіспесе, уақыты біткенде саудаға шығарамыз", – дейді Самал Әбілдақызы.

Саудаға шығарылған бағалы зат ағылшын және голланд әдісімен сатылады екен. Ол үшін алдын ала мерзімді басылымдарға хабарландыру беріліп, болатын күні мен өтетін орны белгіленеді. Астаналықтардың көбін голланд әдісі қызықтырады екен.

"Үш айда бір рет аукцион ұйымдастырамыз. Ағылшын әдісімен саудаланда алтынның құны өзгеріссіз қалады. Ал голланд әдісінде баға бірнеше есе арзандатылады. Сондықтан көпшілік қауым аукционның осы түріне өте көп жиналады", – дейді маман.

Айта кетейік, елімізде соңғы рет 2004 жылы ломбард қызметін нарықта одан әрі жетілдіру мақсатында Ұлттық банк ломбард қызметiн реттейтiн қаулы қабылдады.

"Қазақстанда ломбард туралы алғашқы ереже 1997 жылы шықты. Кейіннен күшін жойып, жаңадан толықтыру мен өзгеріс енгізілген қаулы қабылданды. Ломбард – коммерциялық ұйым. Депозитке салынатын тез өтетiн бағалы қағаз бен жылжымалы мүлікті кепiлдiкке қою арқылы қысқа мерзiмдi несие береді. Құрамында қымбат металл мен асыл тасы бар зергерлiк бұйымды сатып алу, кепiлге қабылдау, есебiн жүргiзу, сақтау және сатумен айналысады. Азаматтың несиесі өтелмеген жағдайда кепілзат нотариустың атқару жазбасы негізінде саудаға шығарылады", – дейді заң саласының маманы Жаснұр Сәрсенбеков.

Бүгінде экономикасы дамыған АҚШ-тың өзінде ломбард кәсібі соңғы жылдары екі есеге артқан. Жапония, Автралия және Еуропаның бірқатар елдерінде де ломбард қызметі қанатын кеңге жайып келеді.

"Шағын несие ұйымдарына қарағанда ломбард қызметі өзіме ыңғайлы. Тұрақты тұтынушысымын. Қаладағы "М-Ломбард" нүктесіне соңғы 3 жыл бойы зергерлік бұйымдарымды өткізіп келемін. Әрине жалақы кейде тұрмыстық қажеттіліктерге жетпей кететіні жасырын емес. Мәселен соңғы барғанымда келіншегімнің алтын алқасын 70 мың теңгеге бағалады. Уақыты келгенде, 74500 теңге төлеп, қайтарып аламын. Негізі бір біліп алсаң, аяғың тартып тұрады екен. Сондықтан, мүмкіндігінше ломбардқа үйір болмаған жөн деп есептеймін", – дейді қала тұрғыны Арман Бекқожаұлы.

Арман секілді ломбардқа барып жүргендердің бірі астаналық Дидар есімді азамат. Ол 2013 жылы "Еуразиялық" банк арқылы несиеге автокөлік алған. Кейіннен қаржы керек болып қысылғанда, көлігін ломбардқа өткізіп жіберген екен.

"Несиеге алған көлігімді бір жылдай ғана міндім. Өйткені ломбардқа өткізіп жібердім. 300 мың теңге алу үшін, кепілге қойған едім. Бастапқыда ай сайынғы үстемеақысын шамам келгенше төледім. Сосын жағдайым болмай кетті. Енді міне, жаяу қалдым. Несие де төленбей жайына қалды. Оның үстіне пайызбен ақша алу ислам дініне де жат нәрсе", – деп қынжылады ол.

Ал коммерциялық ұйым қызметін ілгерілетуде ТМД елдерінде ашық бәсекелестік байқалады. Сарапшы мамандардың пікіріне сүйенсек, ломбардқа тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдар ғана емес, орташа табысы мен тұрақты жұмыс істейтіндер де, кәсіпкерлер де жиі бас сұғады. Тіпті жүргізілген зерттеу де халықтың қарыз алуға ықыласы жоғары екенін растайды. Содан болар елорданың әрбір көшесі мен қуысынан ломбард дүңгіршегін оңай табуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу