Монополист компанияның президенті: "Бізге ақша таратқаннан асқан қуаныш жоқ"

17555

Лотерея "лохотрон" емес.

Монополист компанияның президенті: "Бізге ақша таратқаннан асқан қуаныш жоқ"

Осыдан 2 жыл бұрын 9 сәуірде "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заң  қолданысқа енгізіліп, лездік және тираждық лотерея өткізудің құқықтық негізі бекітілді. Құжат бойынша 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап лотерея операторы болып табылмайтын өзге тұлғаның лотерея қызметін жүзеге асыруына тыйым салынды. Ал 2017 жылғы 10 ақпанда үкімет "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ны Қазақстан Республикасындағы бірыңғай лотерея операторы деп танып, оған ел аумағында лотерея ұйымдастыру мен өткізу міндетін жүктеді.

Бірыңғай лотерея операторы өткен жылдың 24 қазанында Алматы қаласында бірінші рет лотерея ұйымдастырды және бір айдан соң Қазақстандағы лотерея бизнесінің тарихында алғаш рет ресми есеп берді. Сол кезде "Сәтті Жұлдыз" АҚ президенті Александр Тен бір айда мезеттік лотереяның 91 021 билеті сатылғанын cонымен қатар жеңімпаздардың ақшалай сыйлығының жалпы төлемі 19 637 847 теңгені құрағанын мәлімдеді.

"Сатылымнан түскен қаржының 15%-ы отандық туризм мен спорттың дамуына бөлінеді", – деді сонда Александр Тен.

Бірыңғай лотерея операторы пайда болғанға дейін ел аумағында лотерея ұйымдастыру және өткізумен 70 компания айналысты. Жаңа заң барлығының қызметіне шектеу қойды. Бұл Қазақстанда алдағы 15 жылда тек "Сәтті Жұлдыз" АҚ ғана лотерея ұйымдастырады және өткізеді деген сөз.

Бірыңғай лотерея операторы халықаралық деңгейде 40 жылдық тарихы бар және бүкіл әлем бойынша ұлттық лотереяларды құру мен дамытудың көшбасшысы саналатын Scientific Games International Inc (АҚШ) және Fastrak Retail (UK) Ltd (Ұлыбритания), ал ұлттық деңгейде "Қазақтелеком" АҚ, "Қазпошта" АҚ, "Logycom" АҚ сынды компаниялармен стратегиялық серіктес.

"Сәтті Жұлдыз" АҚ президенті Александр Тен Астанада өткен баспасөз мәслихатында 2017 жылдың 9 айында компания лотерея бизнесін дамытуға 9 миллиард теңге жұмсағанын жеткізді.

Оның сөзінше, былтыр қыркүйек айында бірыңғай лотерея операторы FLEXsys ілкі жобасы аясында ел азаматтарына "Алтын" және "Бақытты 7" лездік лотереяларын ұсынған. 2,1 млн тиражбен тараған лотереяның жалпы жүлде қоры 468 млн теңгені құраған.

"Құны 200 млн теңгеден асатын "Алтын" және "Бақытты 7" лездік лотереяларының 500 мың билеті сатылды. 130 млн теңгеден асқан ұтыс сомасы бақытты билет иелеріне үлестірілді. Заңға сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшерінің 50 айлық есептік көрсеткішінен асатын лотерея ұтысынан мемлекет есебіне 10% салық ұсталады. Осы арқылы Қазақстан спортын дамыту қорына 12 млн  299 003 теңге аударылды. Ал республика бюджетіне бағытталған салық және өзге де міндетті аударымдар сомасы 391 млн 442 522 теңгені құрады", – деді Александр Тен.

Айта кетейік, "Лотерея және лотерея қызметі туралы" заңға сәйкес, бірыңғай лотерея операторы бюджетке лотерея билеттерінен жиналған қаражаттың 10%-ын міндетті аударым ретінде жіберіп отыруы керек. "Сәтті Жұлдыз" АҚ біржақты тәртіпте және ерікті түрде аударым сомасын 10%-дан 15%-ға ұлғайтып төлеп отыр.

"Сәтті Жұлдыз" АҚ президентінің айтуынша, 2017 жылғы қыркүйек айынан бері лотерея билеттерінің сатылым көрсеткіші апта сайын өсіп келеді.  

Сатылымның алғашқы аптасында 1,8 млн түскен. Жетінші аптада көрсеткіш 9,1 млн, ал 15 аптада 27,6 млн теңгеге жеткен. Атап көрсетерлігі, компания жарнамаға ақша жұмсамаған, лотереяны халық өз ықыласымен сатып алған.

"Лотерея компаниясы ретінде бізге ақша таратқаннан асқан қуаныш жоқ. Сөзіме сеніңіздер, бізге бұдан асқан қуаныш жоқ", – деп сенімді сөйледі Александр Тен.

Бүгінгі таңда лездік лотерея билеттері еліміздің барлық ірі қалаларында 150 нүктеден тұратын бастапқы сауда желісі арқылы сатылып жатыр. Бұл іске "Азаматтарға арналған Үкімет" корпорациясы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, "Магнум", "Мега" сынды ірі ритейлдік дүкендер желісі және "Қазпошта" ұлттық компаниясының бөлімшелері атсалысуда.

Наурыз айынан бастап билеттер шағын шаһарларда да сатылады. Халыққа әуелі 3, кейін 2 жаңа лотерея ұсынылады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ел азаматтары апта сайын өткізілетін, бастапқы супержүлдесі 20 млн теңгені құрайтын "Loto 6/49" лотереясын сонымен қатар ең үлкен ұтысы 10 млн теңгені құрайтын, күн сайын өткізілетін "KENO" және "777" лотереяларын сатып ала алады.

Компания өзінің сауда желісін кеңейту мен жаңа жұмыс орнын ашу бағытындағы саясатын жалғастыра береді. Нәтижесінде биыл 3 мың жаңа жұмыс орны пайда болып, 6 мың адам қызметпен қамтылады.

"Бір қарағанда бұл көп сияқты, негізі көп емес, аз. Себебі біз көрсеткішті жыл сайын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы қадам арқылы біз еліміздің шалғай аймақтарындағы тұрғындарға да лотерея ойнау мүмкіндігін ұсынбақшымыз", – деді Александр Тен.

Лотерея ақпаратының айқындылығына лотереялық есеп құру орталығы жауап береді екен. Бұл туралы Александр Тен: "Лотерея ақпаратын өңдеу және сақтау орталығы "Қазақтелеком" АҚ-ның деректерді өңдеу орталығында орналастырылған. Орталық мәдениет және спорт, қаржы министрліктеріне, мемлекеттік кіріс комитетіне елдің барлық аумағындағы әр лотерея билетінің сатылуы, ақшаның түсуі, ұтыстарды үлестіру сонымен қатар салық пен бюджетке бағытталған өзге де міндетті төлемдер жайлы ақпарат ұсынып отырады", – деді.

"Сәтті Жұлдыз" АҚ лотереялық билеттерді Ұлыбританияда басады. Компания президентінің айтуынша, алдағы уақытта билеттердің өз елімізде басылуы ғажап емес.

Лотерея агенттеріне сатылған барлық билеттің 6%-ы жалақы ретінде төленеді екен. Бұған қатысты Александр Тен: "Біз бұл пайызды өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Бұл тәжірибеде, қолданыста бар дүние. Қазір Англияда лотерея агенттеріне сатылған барлық билеттің 2%-ы ғана беріледі. Әу баста олар да 6%-дан бастаған", – деді.

Александр Теннің пікірінше, лотерея "лохотрон" емес, ол адамдарды, алдамайды, арбамайды және мәжбүрлемейді. Оған табыс көзі ретінде қарауға болмайды. Лотерея ойнайтын адам жеңілісті қабылдауға дайын болуы тиіс. Ұтылып қалған ақшаға "қызығушылықтың ақшасы" ретінде, ал ұтып алған ақшаға сыйақы ретінде қарау керек. Бұл ақша болашақтың инвестициясы емес, бұл жай ғана қызығушылық үшін жұмсалған ақша деп білген жөн. Бұған қоса адамдар саналарына ойын үшін несие немесе қарыз алу дұрыс емес екенін сіңіріп алуы қажет.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу