"Сәтті Жұлдыз" лотерея операторы қиындыққа кезікті

9135

Министр Нұрымбетов оны қолдаудан бас тартты.  

"Сәтті Жұлдыз" лотерея операторы қиындыққа кезікті

Кейінгі жылдары ел Үкіметі лотерея саласында монополистті қолдан өсірді. 2016 жылғы 9 сәуірде "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заң қабылдап, осы саладағы барлық компаниялардың қызметін заңсыз етті, саланы жалғыз оператор қанжығасына басыбайлы байлады. Қарапайым тілмен айтқанда, "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ынан басқа бірде бір компанияға лотерея жасауға және сатуға енді рұқсат етілмейді. Аталған заңда Қазақстанда лотереяларды жүргізу жөніндегі қызметті тек лотерея операторы ғана жүзеге асыратыны тайға таңба басқандай көрсетілген.

Жақында заңнамаға тағы түзету енгізіліп, әншілерге, әртістерге, блогерлерге өз блогтарында, сондай-ақ "Хат шатыр", "Мега" және басқа да сауда және ойын-сауық орталықтарына атаулы күндерде жүлде ойнатуына және оны лотерея деп атауына қатаң шектеу қойылды.

Бірақ "Сәтті Жұлдызға" бұл да аз көрінсе керек. Лотерея операторы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке қайырылып, жұмыспен қамту орталықтарын осы жеке компанияға қызмет етуге жұмылдыруды өтінді.

Лотерея операторы нені қалайды?

"Сәтті Жұлдыз" АҚ-ы атышулы заң қабылданған 2016 жылғы 4 сәуірде заңды тұлға ретінде тіркеліпті. Бас кеңсесі Алматы облысының Жетісу ауданында, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан. Алматылықтар біледі, бұл жасыл желек көмкерген, сарай-коттедж үлгісіндегі сәнді-салтанатты, үш қабатты әкімшілік ғимарат.

"Біздің компания бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз, бірыңғай ұлттық лотерея операторы болып табылады. Біз қазіргідей күрделі кезеңде халықты еңбекпен қамтуды ұйымдастыруға көмектескіміз керек. Себебі, пандемия жұмыссыздық мәселесін күрделендіріп жіберді. Көптеген салада қызмет түрлері тоқтатылды. Сондықтан еліміздің барлық өңірінде қазақстандықтарға біздің компанияда жұмыс орнын ұсынуға дайынбыз. Бізге сатушы-консультант лауазымдарына көп адам керек. Олардың міндетіне клиенттерге лотерея туралы ақпарат беру және сату кіреді. Осы қызметті атқару үшін тек ынта және адалдық қажет", – дейді акционерлік қоғамның Персоналды басқару департаментінің директоры міндетін атқарушы Рамиля Алешина.

Алайда оларды өңірлерде өз бетінше іздегісі келмейтінге ұқсайды.

"Бұл ретте кішкентай гәп бар. Біздің компания ол кісілерді жұмысқа алса, олардың бәрімен азаматтық-құқықтық жауапкершілік шартын (Договор ГПХ) бекітеді. Яғни, әрбір сатушы-консультанттың салықтарды және жарналарды уақытылы төлейтіні туралы компания өзіне толық құқықтық жауапкершілік алады. Біз еңбекпен қамту департаменттеріне аталған бос орындарға жұмыскер тауып беру туралы өтінішпен жүгіндік. Бірақ жұмыскерлер азаматтық-құқықтық келісімшартымен істейтіндіктен, әлгі орталықтар бұл ұсынысымыздан бас тартты. Адамдарға бүгінде жұмыс табу және отбасын асырау маңызды екеніне сенімдіміз. Біз өз міндеттемемізді толық орындайтынымызды кепілдендіреміз. Тек мемлекет қызметкерлерді табу мәселесінде қолғабыс етсін", – дейді компания өкілі.

Министр не дейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің түсіндіруінше, азаматтық-құқықтық келісім нысанасы, мазмұны, негіздері, сондай-ақ бекіту, өзгерту және тоқтату тәртібі жөнінен қарапайым еңбек келісімінен өзгешеленеді. Жұмыспен қамту орталықтары еңбек келісіміне бағдарланған: азаматтарға жұмыс тауып беруге тиіс. Ал АҚЖ келісімшарты бизнеске көбірек келеді.

"Еңбек келісімінде жұмыс беруші және жұмысшы бар. Ал азаматтық-құқықтық келісім бойынша тапсырыс беруші және орындаушы бар. Ақылы қызмет көрсету келісіміне сәйкес, орындаушы тапсырыс беруші тапсырған қызметті жүзеге асырады. Өз кезегінде тапсырыс беруші көрсетілген қызметке ақы төлейді. Мұндай құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасының нормалары таралмайды: жыл сайынғы еңбек демалысы жоқ, еңбек өтілі есептелмейді. Еңбек қауіпсіздігі, өтемақылық төлемдер және басқасы қарастырылмаған", – деді министр Біржан Нұрымбетов.  

Еңбек ведомствосының басшысы "Сәтті Жұлдызға" осы ұсынысын жұмыспен қамту орталықтарына жолдай бермей, өз бетінше Электронды еңбек биржасына (ЭЕБ) шығуға кеңес берді.

"Қазіргі кезде елімізде ЭЕБ жұмыс істейді. Ол еңбекпен қамту бойынша бірыңғай цифрлық алаң саналады. Министрлік оны бос орындар және жұмыс іздеушілердің түйіндемесі бір жерде тегін орналастырылуы үшін құрды. Бұл үшін жұмыспен қамту орталығына барудың да қажеті жоқ. Ондағы барлық ақпаратқа кез келген адам еркін қол жеткізе алады. Жұмыс берушілер де өзіндегі бос орындар туралы мәліметті осында қашықтан жариялай алады. Сонымен қатар жұмыс іздеген адамдардың деректер базасы қолжетімді. Содан олардың байланыс мәліметтерін қараңыздар, үміткерлерді іріктеңіздер, әңгімелесуге шақырыңыздар", – деді министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу