Ұтыс ойыны лотерея қызметіне тиесілі болуы мүмкін

20517

Қазақстанның бірыңғай лотерея операторы ҚҚС салығын төлеуден босатылуы ықтимал.

Ұтыс ойыны лотерея қызметіне тиесілі болуы мүмкін

Мәдениет және спорт министрлігі (МСМ) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотерея және лотерея қызметі мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы тұжырымдамасында қолданыстағы заңның 1-бабының 4-тармақшасында көрсетілген "Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтыс ойыны лотерея болып табылмайды" деген сөйлемді алып тастауды ұсынып отыр.

Жоба тұжырымдамасы жұма күні заң жобасы қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында талқыланды. Комиссия мүшелері мұндай тұжырымдамаға келіспеді. Өйткені егер маркетингтік акциялар лотерея қызметіне жатқызылатын болса, онда сауда желілері қосымша салық төлеуге тиіс болады. Бірақ та мұндай акциялар кезінде ешкім лотерея билетін сатпай, ойын ұтысы сатып алушылардың тауар сатып алу нәтижесіндегі чектерінің негізінде жүргізілген жағдайда оған қосамша салық салынбайды.

Тұжырымдамадағы мұндай ұсыныс еліміздің барлық өңірінде орын алып отырған лотерея қызметі саласындағы заңға қайшы әрекеттермен күрес үшін қажет деп түсіндірілді.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, ең бірінші кезекте, азаматтар мен мемлекеттің мүддесіне ойын автоматтары түріндегі  жалған лотерея терминалдарының қызметі едәуір зиян келтіруде.

Әртүрлі ұйымдардың өз тауарларын немесе қызметтерін сатуды ынталандыру түрінде ұйымдастырылатын жалған лотерея қызметі мемлекет пен оператордың мүддесіне  зиян келтіреді. Бұл көбінесе бағалы сыйлықтар ұтысын өткізетін  немесе сауданы ынталандыру үшін белгілі бір кезеңге жеңілдіктер ұсынатын адал жұмыс істейтін компаниялардың жұмысына қатысты болуы мүмкін. Кей жағдайларда коммерциялық немесе коммерциялық емес, оның ішінде еліміздің аумағында тіркелмеген ұйымдар өздерінің тауарлар мен қызметтерін ынталандырымыз деп лотерея мен ойын ұтысын ұйымдастырады, бұл жағдайда қызмет немесе тауар түпкілікті тұтынушы үшін құнды болмайды, тек заңсыз лотерея қызметін іске асыруды бүркемелеу үшін ғана қолданылады.

Заң жобасының тұжырымдамасында бірінші және екінші жағдайда осындай шараны ұйымдастырушылар "Лотерея және лотерея қызметі туралы" заңның 5- бабында көрсетілген лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаға, сондай-ақ көзделген тәртіппен ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереяларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында өзгеше лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады деген ережені бұзады.

Сонымен қатар осы заңның  11-бабымен қарастырылған жүлде қорын құру қағидасы да бұзылады. Жалған лотереяны ұйымдастыру мен өткізуде жүлде қоры нақты көрсетілмейді немесе мүлдем болмауы мүмкін. Бұл ретте жалған лотереяға қатысушы қазақстандықтар өздерінің заңды құқықтары мен мүдделеріне берілетін  кепіл мен қорғаудан айырылады. Оның ішінде жалған лотерея ұйымдастырушылардың шешімдері мен әрекетін сот арқылы даулай алмайды.

Заңның осы жобасы арқылы бірыңғай лотерея операторы, лотерея нарығы үшін шешім қабылдаудағы әлемдік көшбасшы Scientific Games International америкалық халықаралық корпорациясының қолдауымен 2017 жылы Қазақстан аумағында барлық лотерея билетінің іске асуын бақылауға мүмкіндік беретін өзінің IT-инфрақұрылымын құрған "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ны ҚҚС төлеуден босату ұсынылып отыр. Бұл ақпарат тап қазіргі уақытта МСМ атынан жұмыс істейтін мемлекеттік реттеушіге, сондай-ақ қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетіне ұсынылды.

Лотерея қызметін реттеудің жаңа үлгісі бюджетке түсетін қаржыны айтарлықтай арттырды. 2017 жылдың бірнеше айының қорытындысы бойынша лоторея операторы "Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы еліміздегі спортты дамытуға 48,9 млн теңге аударым жасаған. 2018 жылдың  I тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі спортты дамытуға аударылған қаражат көлемі 12,5 млн теңге болды. Бұл ретте лотерея операторы еліміздегі спортты дамытуға Қазақстан Республикасының "Лотерея және лотерея қызметі туралы" заңының 14-бабында көрсетілген жалпы ойын кірісінің ең аз 10%-ын емес, 15%-ын аударып отыр.

Отандық спортты дамытумен қоса "Сәтті Жұлдыз" компаниясы алдағы бес жыл ішінде 5 млрд теңгеге жуық салық төлеу арқылы ел бюджетін толықтырады деген болжам бар. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, лотерея қызметінің жұмыс істеудің  жаңа үлгісіне көшкенге дейін елдегі барлық лотерея компаниясының салық аударымы жылына небәрі 400 млн теңге немесе бес жыл ішінде небәрі 2 млрд теңге ғана болған.

Ведомствоаралық комиссия отырысында мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков: "Лотерея қызметі үшін жаңа салық жеңілдігін сұрап отырған жоқпыз, тек лотерея қызметіне қатысты әрдайым қолданылып келген салық салу тәрбін қайта қарап, соған қайта келуді сұрап отырмыз. Дамушы елдердің көбісінде лотерея билетін сатуға ҚҚС-ны салмайтынын ескерген жөн деп ойлаймыз", – деді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні лотерея операторының төленген ұтыстарды алып тастағандағы түсіміне ҚҚС салынады, әдетте, бұл жүлде қорына тең сома. Лотерея операторының нақты қаржылық жүктемесі төмендегідей. Барлық түскен түсімнің кем дегенде 50%-ы жүлде қорына кетеді, ал қалған 50%-дың 10%-ы спортты дамытуға, 12%-ы қосалқы құн салығына, 20%-ы корпоративтік табыс салығына жіберіледі.

Лотерея операторы қалған сома есебінен барлық ағымдағы шығысын жауып, жалақы төлеп, барлық IT-инфрақұрылымның жұмыс істеуін қолдауы керек. Мұндай жағдайда бастапқы салынған инвестицияларды қайтарып ал қиын. Ал оның көлемі 2017 жылдың тоғыз айында 9 млрд теңгеден асқан. Лотерея операторына өз қызметін жүзеге асыруға берілген мерзімнің (15 жыл) шектеулі екенін ескеретін болсақ, заманауи ақпараттық технологиялар базасында лотеря қызметін жүйелі дамытуға инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Министрліктің есептеуінше, егер лотерея операторы қосалқы құн салығын төлеу жүктемесін өз мойнына алатын болса, яғни оны лотерея билеттерінің бағасына қосса, онда лотерея операторының таза пайдасы 80%-ға дейін азаяды.  Алдағы бес жылда  спортты дамытуға арналған аударымдардың қысқаруы  шамамен 80% (7,6 млрд теңгеден, 1,5 млрд теңгеге дейін) болады немесе ел бюджетіне 6 млрд теңгеден артық кіріс кем түседі. Корпоративтік табыс салығын қысқарту алдағы бес жылда 100%-ға (1,1 млрд теңгеден 0 теңгеге дейін) жету мүмкін.

Айсұлу Тимурова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу