Мәдени өзгеріс – кеңестік кезеңге кері қайтқанымыз ба?

5608

Мәжіліс депутаттары былтырдан бастап мәдениет саласы бойынша кейбір заңға түзетулер енгізу мәселесін күйттеп келеді.

Мәдени өзгеріс – кеңестік кезеңге кері қайтқанымыз ба?

"Мәке", "Сәке"-ден "Бәленше Түленшеұлы", "Түленше Бәленшеқызы"...

Содан бері арнайы құрылған жұмыс тобы 13 отырыс өткізіп, соңғы рет Алматыда жиналды. Бас қосқан орны – мәдени ошақтардың бірі – Ұлттық кітапхана. Өтетін шараның мәдениетке қатысты екені кітапхана есігін аттағаннан-ақ байқайсыз. Фойеде орналасқан "Құрманғазы" оркестрінің музыканттарынан құралған шағын оркестр күйін күмбірлетіп, кездесуге салтанатты шырай бергендей.

Басқосу мәдениет мәселелерін талқылауға арналған. Демек... әнші мен күйші керек. Қызыл камзолға оранған орындаушыларға қарап, "мәдениет" деген кең ұғымның театр, тіпті болмаса ән өнерінің ғана тақиясына тығылып, тарыла түскенін амалсыз мойындайсың.

Әрине, көбіміз "мәдениетті"  ауылдағы ескі клубтың тірлігінен танып өстік емес пе? Кілті ылғи масаң Құрымбайдың қалтасында жүретін. Қазір ол клубтар құрыған, Құрымбай көз жұмған. Біздің ұғымымыздағы "мәдениет" қайраткерлері, атақтысы бар, ортанқолы бар, талай жылдар тал қармағандай жағдайға түскен. Еркін "жүзіп", шыңдала түскендері де жоқ емес.  Түрлі шығармашылық топтар пайда бола бастады. Өз бағыты, өз талғамы бар жастар өсті. Өнердегі, әдебиеттегі ой еркіндігі қылаң берді. Міне, енді, үкімет бұл мәселені шындап тізгіндеуге көшкен сыңайлы.

Көшпелі отырыстың модераторы өнер саласынан шыққан депутат Бекболат Тілеуханның ықпалымен жиналыс қазақша басталып, сол ырғақта жалғасып жатты. Алайда, қазақ тілінің өзіне тән, яғни қалыптасқан мәдениеті бойынша, үйреншікті "Мәке", "Сәкенің" орнына депутат мырзалардың өзара "Бәленше Түленшеұлы", "Түленше Бәленшеқызы" тәрізді "көшірме мәдениетке" ауысқанын көрдік.

"Мәдениет туралы" заңға мақұлданбай қалмайтын "түзетулер"

Алғаш болып талқыланғаны "Мәдениет туралы" заңға енгізілетін өзгертулер болды. Жарыссөз мәдениет ұйымдарын құруды және жабуды өкілетті органмен келісу айналасында өрбіді. Бір қызығы, бәрі мақұлдай кеткен түзетуге Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Арман Қарабаев қарсы шықты да, әкімдік қаржы тауып, мәдениет ошағын ашам десе, министрлікпен неге келісуі керек екенін түсінбейтінін айтты. Оған қарсы "министрлік ол мекемені өзі ашпаса, кейін  жабуға құқы жоқ" деген уәж айтылды.  

Оның үстіне, "өзі болған қыздың төркінін танымай кетпесіне" кім кепіл? Ал, түзету қабылданса (оған еш күмән қалмады), жаңа театрдың, жаңа мәдениет ошағының  "бауын" министрліктің келісімінсіз қия алмайсыз. Өзгертулерді ұсынған депутаттық топтың пейілі мәселені министрліктің ыңғайына жығып беру екені анық білініп тұрды. Модератор айтылған пікірлердің бәрі де ескерілетінін ескертіп, жиналыс ауаны басқа сауалдарға бұрды.

Келесі түзетулерді талқылау лед дисплей арқылы көрсетілген сюжеттен басталды. Мемлекеттің көмегінсіз, қалам ақысыз қалған жазушылардың қиындықтары қозғалған сюжет әдебиетті мемлекет идеологиясының аясына қайтару мәселесін көтеруге мұрындық болды.

25 жылда жазған кітаптарына қаламақы алмаған Олжас Сүлейменов

Көрсетілім біте сөз алған Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік тапсырыс бойынша қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар  әдебиетті жазудан бастап, таратуға дейінгі аралықта мемлекеттік органның құзыреті кеңейетінін жеткізіп, бұл шара "еліміздің қазіргі кездегі шынайы келбетін суреттейтін жоғары сапалы туындылардың жазылуына тікелей әсер етеді" деп салды. Осы кезде отырыс өтіп жатқан залды кеңес кезеңінің елесі кезіп жүргендей еді. Сөз Олжас Сүлейменовке  берілді.  

Жоғарыдағы сюжеттің қаһарманы, қаламақысы қалтасына жұқ болмаған жас жазушы Олжастың күйі ақсақал Олжастың қытығына тиіп кеткен сыңайлы. Жиырма бес жыл бойы өзі жазған көп кітаптан "көк тиын" қаламақы көрмегенін айтып, налыды. "Басқа жұмыстан алатын жалақым бар, бірақ шығармашылық еңбегімнің қызығын көрсем" дейді. Италиядағы өзі куә Чампи заңын алға тартып, әдебиетті қолдауға ірі бизнесті міндеттеуді ұсынды.

Өзгерту авторларының бірі, мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның айтуынша, мемлекеттік қолдау  үшін қажет қаржы да табылатын көрінеді.  Салық төлеуші қалтасынан қаржыландырылатын "қоғамдық маңызы бар" шығармалар дүниеге келуі үшін  жылына 1 млрд 641 мың теңге қажет екен. Әзірге 800 млн теңгеден астам ақша қарастырылып отыр. Бір баспа табақ көлеміндегі туындының қаламақысы 150 мың теңге шамасында болады. Жалпы, үш жылдық жоспар аясында бұл шараға 5 млрд теңгеге жуық қаржы шығындау жоспарланған.

"Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру үшін, амалсыздан,  Ұлттық қорға қол салып отырған қиын жағдайға қарамастан, үкімет,  мәдениетке бола осындай батыл қадамдарға барып жатса керек. Қызды-қыздымен 90-ыншы жылдардың орта тұсында жазушылардың қаламақысына 93 млн теңге қаржы бөлініп, діттеген жеріне жетпей қалғаны туралы ақпарат та айтылып қалды. Бұл "ескі жара" өзін әлі де қынжылтатынын жасыра алмаған Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин енді "құралақан" қалмайтынына сенетін сыңайлы.

Осындай сарында жалғаса берген әңгімеге Дос Көшім араласып, үкімет идеологиясының өз қалтасынан қаржыландырылатынына қарсы екенін білдірді. "Таңдауды халықтың өзіне беру керек, ол біздің құқымыз", дейді Дос Көшім.  

Балалар әдебиеті "қоғамдық маңызы бар әдебиет" санатына жатпай ма?

Одан соң, "қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді кімдер таңдайды?  Қоғамдық комиссия ма әлде мемлекеттік комиссия ма шешетін?"   сынды сауалдарына анық,  тұшымды жауап ала алмады.  Достан кейін мәселені тосыннан көтерген "Балалар әдебиеті" баспасынан келген Шәйзада Бәйкенова болды. Оны қанағаттандырмайтыны – заң аясында балалар әдебиетінің қарастырылмауы. Елде бұл саланың мүлдем кенже қалғандығы. "Ресей, Беларус, тіпті бюджеті шұрық тесік Қырғыз Республикасының өзінде де бұған қатысты заңдар бар, бағдарламалар жүзеге асуда"  деп, осыған дейін, өздері енгізбек өзгертулер  посткеңестік басқа елдердің бірінде де жоқ деп, мақтанып  өткен депутат Тілеуханның  сөзін жоққа шығара кетті.

Мемлекеттік органдардың баспа ісіне деген немқұрайлы көзқарасын, енгізілмек өзгертулер қатарында баспа ісіне қатысты мәселенің тіптен жоқ екенін айтып, сынай жөнелген спикердің сөзіне модератор араласып, ойын толық бітіртпеді. Өңкей "игі жақсылар" құптап отырған заңға қарсы болатындай қауқары жоқ екенін түсінген баспагер басын шайқап, мінберден түсіп кетуге мәжбүр болды. Сонымен, балалар әдебиеті "қоғамдық маңызы бар әдебиет" санатына енбейтінін білдік.

Балет өнері мен әртістердің басындағы жағдай... кешірілмес масқара

Тағы бір жағымсыз сұрақ Қазақстан хореографистері Одағының төрағасы, жазушы Дүйсенбек Нақыпов тарапынан жолданды. Ол айтыла, айтыла "тізесі" шыққан балет артистерінің зейнетке шығу мерзіміне қатысты мәселеге оралды. Елдің абыройын асқақтатып жүрген үш мықты труппасы бар, екі жүзге тарта мемлекеттік сыйлықтың лауреатын тәрбиелеп шығарған балет өнерінің, бишілердің басындағы бұл жағдай, оның пікірінше, кешірілмес масқара, мемлекеттің беделіне жағылған күйе. Мұндай масқараға посткеңестік бірде-бір республика бармаған, ал бұл  ұлттық мақтанышымызға нұқсан келтіретін көрінеді. Бұл сұрақ та жауапсыз қалды.  

Өнерді тізгіндейтін тағы бір мүмкіндік –  сахна, эфирдегі бейпіл сөздерге тиым салу.  Депутат Мұсырманов Ресейдің тәжірибесіне сүйене отырып, ондай оғаш сөздердің тізімін жасау керек дейді. Алайда, осы Ресей заңын түсіндіре кеткен әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ өкілі оған тек әйел мен ер адамның жыныс мүшелеріне қатысты  төрт-ақ сөз енгенін айтып өтті. Мұсырмановтың тізімі қанша сөзден тұрар екен, ол жағы, әзірге беймәлім.

Мәдениет туралы түсінігі театр, кино, әдебиет айналасынан алыстамаған Мәжіліс

Міне, Мәжілістің, жалпы биліктің мәдениетке көзқарасы, түсінігі осы шағын отырыстан анық көрініп тұрды. Ол түсініктің театр, кино, әдебиет айналасынан алыстап кете алмай жатқан сыңайы бар. Мәдениетті күнделікті тірліктен бөліп, жеке сала ретінде қарайтын қате түсінік. Кәзіргі күні мысымызды басып, жігерімізді құм қылып тұрған өзгенің идеологиялық, мәдени тұрғыдағы өктемдігінен арылу, ұлттық түп-тамырымызды табу, өзіміздің шын болмысымызды анықтау секілді ұлттық мәдениет үшін аса қажет мәселелер әлі күнге жабулы күйінде қалып отыр.

Елдің мәдени деңгейі сөз бостандығына, жемқорлықтан ада болуға, экономиканың жоғары әлеуетіне, халықтың тұрмыс сапасына, табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстауға  тікелей тәуелді екенін құрметті депутаттар ескермейтіндей. Керісінше, өнерді, әдебиетті  ноқталауға ұмтылыс бар. Бұл Кеңес заманына қарай кері кету емес пе?  Әлде, көршімізге қарап, "көзімізді қысқанымыз" ба?

Асхат Асан, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу