МАЭК-тегі жаңа апаттың кесірінен Қазақстан экономикасы құлдырауы мүмкін

1892

Сарапшылар мұны бүкіл елді қамтитын апаттардың басы деп болжады. 

МАЭК-тегі жаңа апаттың кесірінен Қазақстан экономикасы құлдырауы мүмкін Фото: primeminister.kz

Осыдан бір айдай бұрын, 19 шілдеде Үкімет Маңғыстауда енді апат болмайтынына сендірген еді. Бұл үшін шұғыл түрде қыруар қаржы бөлді.

"Үкімет тарапынан Маңғыстау атом энергетикалық кешенінің (МАЭК) сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылданып жатыр. Маңғыстау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша МАЭК-те жөндеу жұмыстарын жүргізуге ҚР Үкіметінің резервінен шамамен 4,9 миллиард теңге сомасында қаржы бөлінді. Бұған қатысты ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады", – деп мәлімдеді ел Үкіметі.

Смайыловтың Министрлер кабинеті "МАЭК" ЖШС ұсынған тізім негізінде қажетті қосалқы жабдықтар, тораптар, компоненттер сатып алынатынын жеткізді. Сонымен бірге, тұтынушылар үшін электр бойынша шектеулер енгізілмейтінін, электр станцияларының генерациялаушы жабдықтары тоқтатылмайтынын, жабдықтардың техникалық жай-күйі мен жұмысқа қабілеттілігі сақталатынын, мұның бәрі жұмыс кезінде олардың сенімділігі мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік беретінін мәлімдеген.

Мұның бәрі бос сөз болып шыққандай. Маңғыстау облысында тағы да апат. Салдарынан Маңғыстау өңірінің орталығы Ақтауда, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында, Маңғыстау кентінде және облыстың 5 ауданында электр беру шектелді.

"Маңғыстауда электр энергиясын пайдалану бойынша бекітілген кестеге сәйкес уақытша шектеулер күшіне енді. Осы аптаның басынан жұмыс аптасы аяқталғанға дейін Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысының бірқатар елді мекендерінде электр энергиясын тұтынудың ішінара "тиімді" шектеу режимі енгізілді. Шектеулер апатты жағдайдағы №3 энергия блогын қалпына келтіруге байланысты, сондай-ақ МАЭК-тегі ЖЭС (ТЭС) №1 энергия блогы жұмысының уақытша тоқтауы себепті уақытша енгізілді. 14 тамызда мамандар жан-жақты жоспарды саралап, электр энергиясын шектеу уақытының кестесін жасақтады. Кесте 18 тамыз, жұмаға дейін жасалған. Егер электр энергиясын кестемен шектеу режимі одан әрі ұзартылатын болса, облыс тұрғындарына алдын ала хабарланатын болады", – деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі.

Ол кестеге сай кейбір елді мекендерге электр қуаты 07:00-ден 10:00-ге дейін, енді бірінде 10:00-ден 13:00-ге дейін, басқаларында тек кешкі уақытта ғана бірер сағатқа беріліп жатыр.

Қарапайым халық онсыз да қымбатшылық қысқан заманда тоқтың уақытша ғана берілуі қосымша соққы болғанын айтады. Себебі, мұздатқыштар мен тоңазытқыштардағы тамақтар жаппай бұзылып кетіп жатыр. Бұл жергілікті бизнеске де соққы: медұйымдар, дәріханалар, дүкендер, дәмхана-мейрамханалар, басқасы тоңазытқышсыз жұмыс істей алмайды. Біраз өнім арнайы температуралық режимде сақтауды талап етеді.

Осының алдында өңірде төтенше жағдай жарияланады деген қауесет болған. Алайда кеше отырысқа жиналған өңірлік штаб ТЖ енгізбеген жөн деп тауыпты. Демек, бизнеске, халыққа еш өтемақы болмауы мүмкін.

Ресми мәлімет бойынша Маңғыстау облысының халқын және кәсіпорындарын электрмен, жылумен және сумен қамтитын Ақтаудағы МАЭК-те бір энергоблок алдыңғы апаттан бері жөндеуде тұрған. Енді тағы бірі істен шығып, тоқтап қалды. Бұрындары МАЭК 545 МВт қуат өндіретін. Бүгінде қос энергоблогы қатарынан бұзылған соң, комбинаттың өндіретін энергиясының көлемі екі еседей, 245 МВтқа дейін бір-ақ құлады.

"МАЭК ЖШС электр станциясында апаттан кейін №3 энергоблоктың жөндеуі бітпегендіктен және 13 тамызда №1 энергоблоктың мәжбүрлі тоқтауы салдарынан KEGOC ұлттық диспетчерлік орталығының бұйрығымен электр қуатын тұтынуға ішінара шектеу енгізілді", – деп мәлім етті өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығы.

Соның кесірінен тереңдіктен қара алтын өндіріп жатқан мұнай құрылғылары да тоқтап қалды. МАЭК-тегі кезекті апат ел Үкіметін мұнайдың тәуліктік өндірісін төмендетуге мәжбүр болды. Өйткені елде қара алтын өндірісі бірнеше күннен бері құлдырауда. Энергетика министрлігінің жағдаяттық талдамалық орталығының мәліметінше, егер апат қарсаңында Қазақстанда тәулігіне 232 мың тонна мұнай өндірілсе, апаттан соң, 13 тамызда 215 мың тоннаға күрт төмендеді. Бұл үрдіс жалғасуда.

Ведомствоның байламынша, мұнай өндірісінің құлдырауына Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) кезекті кең ауқымды апат себеп. Салдарынан Қазақстан бюджеті биыл ондаған миллиард мұнайлық табыстан қағылады. Бірқатар сарапшылар ол шығынды 500 миллиард теңгеге жуықтайды деп тұспалдады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қара алтынды өндіру күніне 12 мың тоннаға дейін төмендегенін айтты.

Бұған отандық бизнестің шығындары қосылып, онсыз да шатқаяқтаған ел экономикасын бейбіт заманда кері кетіргелі тұр. Батыс өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарға да электр қуаты шектеулі режимде берілуде. Бұл оларға толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.

Өңірлік жедел штаб бірінші кезекте, басымдықты түрде тек халықты және маңызды әлеуметтік нысандарды қуатпен қамтуға шешім қабылдады. Олардың өзіне тоқ арагідік қана берілуде.

Апатпен күресушілер екі ауысымда жұмыс істеуде

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс басшысы Нұрлан Ноғаев пен Энергетика министрлігінің атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов №3 және ЖЭС (ТЭС) №1 энергоблоктарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жөндеу зауыты және "МАЭК" ЖЭС-тің мамандары энергия блоктарындағы апаттың себептерін жою үшін тәулік бойы, екі ауысымда толасыз жұмыс істеуде.

"Біз №3 энергоблоктың қылшақ-щетка аппаратын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Ал №1 ЖЭС энергоблок қазандығының агрегатында жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Қазандық қондырғысындағы жөндеу жұмыстарының соңғы кезеңіне келдік: оң жақ тұщы бөлігіндегі шамамен 9 метр болатын құбырлар ауыстырылды. Станция мен жөндеу зауытының қызметкерлері энергия блоктарын қалпына келтіруді жеделдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда", – деді "МАЭК" ЖЭС бас инженері Сергей Раков.

Өз кезегінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев басшыларды асықтыра түсті. Айдың-күннің аманында, ешбір жаудың шабуылынсыз, тұтас облыстың жарықсыз отыруы ел беделіне, билікке де сын. Әкім бұл апат әсіресе, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етіп отырғанына назар аудартты.

Оның үстіне электр энергиясы тапшы, ал жүйесі ақаулы өңірге инвесторлар енді келмей қоюы мүмкін. Онда өңір болашақтағы табыстарынан да қағылады деген сөз. Ертең қуаттан ажыратып тастайтын болса, облыста қандай инвестор кәсіпорын ашады?

"Өңіріміздің өндірістік әлеуетінің кеңейіп, энергетикалық жағынан қауіпсіз болуы МАЭК-тің кідіріссіз, тұрақты жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Орын алған апатты сапалы, тез қалпына келтіру шарт. Сонымен қатар, осындай жағдай орын алмас үшін алдын ала болжамдар жасап, бекітілген кестеге сәйкес құрылғыларға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Негізгі міндет – энергиямен жабдықтаудың тұрақты және сенімді көзін қамтамасыз ету. Бұл оңай іс емес екенін түсінеміз. Жабдықтардың қазіргі жай-күйі сын көтермейді, тозған. Резервтік қуат та жоқ. Атқарылып жатқан адал еңбектері үшін "МАЭК" ұжымына алғысымды білдіргім келеді. Олар апаттарды жедел жоюда барынша күш салып жатыр", – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

МАЭК неге апаттан "көз ашпады"?

Жергілікті кәсіпкер Жанар Сүлейменова бұл апатқа жалғыз МАЭК қана кінәлі еместігін айтады. Бұған елдегі энергетикалық желіні басқарушы  KEGOС-тың да айыбы бар. Бұл тоқтамды оның әкесі, техникалық ғылымдардың докторы, жылу энергетигі Қалқаман Сүлейменов растады.

Энергоблоктар дүркін-дүркін сөніп қалып тұрады: бұл – алапат қысыммен және жүктемемен істейтін күрделі құрылғылар, оның түрлі бөлшегінде кездейсоқ ақау туындауы мүмкін. Сарапшының пікірінше, шілдедегі ұқсас оқиға кезінде электр желілерінің автоматикасы іске қосылмағандықтан, локализациялау процесі орындалмаған. Салдарынан, бұл бүкіл батыс Қазақстанда жүйелі аварияға соқтырды.

Еңбек сіңірген энергетик Хамит Мырзабек мамандардың елдің батысын жаппай апаттар күтіп тұрғанын билікке бұрыннан ескерткенін еске салды.

"Батыстың энергетикалық жүйесі тұйықталып, елден ажырап қалды. Оны өткен отыз жылда Үкімет Қазақстанның ортақ энергожүйесіне қосқан да жоқ. Батыста апат болса, оған ұлттық энергетикалық жүйе көмекке келмейді. Маңғыстау облысы амалсыздан, тоқсаныншы жылдарға оралып, "веерлік ағытуларды" қолдануда. Жалғыз бұл облыста ғана емес, бүкіл батыс өңірлерде желілер де, станциялардағы жабдықтар да әбден тозған. Еш сын көтермейді. МАЭК-ке алапат ауыртпалық түсіп тұр. Мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауытының өзі оған қатты салмақ салады. Бұдан бөлек, бүкіл мұнай өнеркәсібі кәсіпорындары соның мойнында отыр. Оның бәрін, ең құрыса АМӨЗ-ді ажыратып, автономды энергия көзіне ауыстыру керек. Онсыз апаттар қайталана беруі ықтимал", – деді энергетик.

Атап өтетін жайт, МАЭК-тің негізгі энергетикалық жабдықтары өткен ғасырдың 60–90-шы жылдары пайдалануға беріліпті. Олардың тозу деңгейі бүгінде 80%-дан асып кетті. МАЭК-тің қазірге дейін қалай шыдап келгені таңғалтады. Осыны байқағысы келмеген, сарапшылардың жанайқайын естімеген, дабылына құлақ аспаған биліктің тірлігі өңірдегі бұқара мен бизнеске соққы болып тұр. Басқаны айтпағанда, соның салдарынан әсіресе, Маңғыстау және Атырау облыстары тұрғындарының жарықсыз, сусыз, тіпті кәріз жүйесінсіз қалуы жиілеген. Яғни, елді азапқа салуда.  

Осы орайда Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты, мұнай-газ ісінің маманы Асқар Ноғаев бір ғана МАЭК-ке қарап қалмау үшін резервтік электр станциясын салып, мұнай секторын соған көшіру мәселесін көтеріп келеді. Әйтпесе, оның айтуынша, МАЭК-тегі апаттар мұнайшылардың жұмысына орасан зор қиындық келтіруде. Қайта-қайта жарық өшкенде, ұңғылар тоқтап қалады.

Мысалы, "ҚазМұнайГаз" дерегінше, тек соңғы 2,5 жылда электр энергиясынан ағытып тастаулар салдарынан ұлттық компания өзіне тиесілі кен орындарынан 279 мың тонна өнім ала алмай қалып, 60 миллиард теңге табыстан қағылған. Қосымша қуат станциясын енгізу мәселесін Асқар Ноғаев Премьер-министр Әлихан Смайыловтың алдына да қойды.

Жалпы, Маңғыстау облысында жаңа электр станциясы салынуы мүмкін. Энергетика министрлігі оны сала алатын инвесторлармен және мердігерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Министр Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл заманауи әрі үнемді булы-газды қондырғы болады. Оны тез арада тұрғызуға болатын көрінеді.

"Энергетика министрлігі жаңа электр станциясының құрылысын жоспарлауда. Бұл заманауи, үнемді, бу өндіру параметрлері жоғары қондырғы болады. Мұндай булы-газды қондырғыны қысқа уақыт ішінде салып, іске қосуға мүмкіндік бар. Біз соны жүзеге асыра алатын әлеуетті инвесторлармен және мердігерлермен консультацияларға кірісіп те кеттік", – деді бас энергетик Алмасадам Сәтқалиев.

Оның мойындауынша, МАЭК-тің сенімді жұмысын жолға қою тым көп шығынды талап етеді. Оны қалай қаржыландыру мәселелері толыққанды шешілген жоқ. Әзірге Үкімет апат салдарларымен күресіп әлек: министр бүгінде ең маңыздысы – станцияның №1 және №3 энергоблоктарын жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау екенін айтты.

Жалпы, энергетика саласында өзге өңірлердің де жағдайы мәз емес. Тез шешімін таппаса, қуаттың тапшылығы, энергия өндіруші станциялардағы апаттар ел экономикасын ілгері бастырмай қоятын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу