Малайзиялық кәсіпкерлер еліміздің құрылыс пен мұнай, агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеуге дайын

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2220

Малайзия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы былтыр 80 млн АҚШ долларын құраса, биылғы жеті айда бұл көрсеткіш екі есеге артты.

Малайзиялық кәсіпкерлер еліміздің құрылыс пен мұнай, агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеуге дайын

Малайзияның 14 компаниясы еліміздің мұнай-газ саласында жұмысын бастауға дайын екендігі Алматыда өткен Қазақстан-Малайзия бизнес-форумы барысында белгілі болды. 

"Форум екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен серіктестікті дамытуға арналған керемет алаң болып табылады. Ал "Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі" – Қазақстан мен Малайзия компанияларына бизнесті толыққанды түрде ары қарай дамыту үшін қажетті құралдардың барлығын ұсынатын ұйым", – деп мәлімдеді "Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесінің" ортақ төрағасы Берікқазы Сексенбаев іс-шараның ашылуы кезінде.

Берікқазы Сексенбаев малайзиялық кәсіпкерлер Қазақстанда құрылыс пен мұнай, агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеуге қызығып отырғандарын айтты.

"Қазақстан тарапы Малайзияға ет өнімдерін экспорттауға дайын. Шығыс Қазақстан облысының балы да оларға ұнапты. Өнімнің барлығы "халал" талабына сай болуы керек. Қазір отандық өнімдерді жөнелту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді Берікқазы Сексенбаев.

ХХ-шы ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Англиядан тәуелсіздігін алған Малайзия небәрі қырық-елу жылдың ішінде экономикасы өрлеп, артта қалған аграралы елден – өркендеген индустриалды елге айналады. Форумға қатысқан малайзиялық кәсіпкерлердің сөзінен ұққанымыз, бұл дәстүрлі дамудан заман талабына орай модернизациялық бағытқа бет алудың жемісі.

Малай елі 1970 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мен қазба байлықтарды өндіріп сатудан гөрі өнеркәсіп саласына бет бұрып, оны дамудағы жетекші салаға басымдық беріпті. Бұл шешім оның өндірісіне нәр беріп, экономикасын алға жетеледі. "Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі" ортақ төрағасы Берікқазы Сексенбаев Малайзияның мұндай бағыт таңдап, өнеркәсіпті дамытуына Жапония мен Батыс елдерінен келген инвестиция септігін тигізгенін атап өтті. Жеңіл өнеркәсіппен қатар, жоғары технологиялы электрониканы дамытуға да басымдық берілді. Батыстық емес, "азиялық" және "малайзиялық" құндылықтарға ден қойылып, өзіне дейін басталған ЖЭС (Жаңа экономикалық саясат: 1971-1990) бағдарламасы өз жемісін берді. 1991-2000 жылдар арасында Дамудың ұлттық саясатында бірінші кезекте экономикада малайлықтардың рөлін көтеруді жүзеге асыруды қолға алды. Сарашылар ол кезең жайлы "Бірқатар мемлекеттер үшін аса бір нәзік әрі кінәратты болған жергілікті ұлттың мәртебесі мәселесі ешбір төңкеріссіз, наразылық пен қарсылықсыз тиімді шешімін тапты", деп еске алады.

Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Данияр Сәрекенов сыртқы сауда Малайзияның экономикасында елеулі рөл атқаратынын атап өтті. Жылына шамамен 130 млрд доллардың тауарлары сыртқа шығарылып, 100 млрд доллардың тауарлары сырттан тасымалданса да экспорттың үлес салмағы басым. 

"Сыртқы саудадағы ең негізгі әріптестері – АҚШ, Сингапур, Жапония, Қытай, Таиланд елдеріне түрлі тауарларды экспортқа шығарады. Малайзия әлемдік бәсекеге қабілетті де сапалы тауарлар шығаратындықтан, ДСҰ-ға, APEC ( Оңтүстік Шығыс Азия елдері ассоциациясы), ASEAN (Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы) ұйымдарына мүшелігі оның сыртқы экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашты", – дейді елші abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында.  

Малай елінің "кибер-қалашық", "кибер-дәліз" тәжірибесін Алматы маңындағы Қаскелең, Талғар және Қапшағай қалаларын дамыту жобасында қолданған. Үлкен қалалардың жанындағы мұндай серіктес қалалар мен құрылымдар салу мегаполистерге түсетін ауыртпалықтар мен қиындықтарды азайтып, жеңілдетеді екен.

Ислам даму банкiнiң әлеуеттi дамыту департаментiнiң аға маманы Аминуддин Бин Мат Арифф Халал Ислам даму банкi мен Малайзия мемлекетi Қазақстанның халал индустриясын дамытып, өнiмдерiн экспорттауға көмектесетінін жеткізді.

"Қазақстанда халал индустрияны дамыту жолға қойылуда. Бiз Қазақстанда халал индустрияны дамыту үшiн келдiк. Халал өнiмдердi шығаратын кәсiпорындарды, ет өнiмдерi, шұжық өнiмдерi мен басқа азық-түлiк түрлерiн өндiретiн мекемелердi араладық. Ислам даму банкi малайзиялық әрiптестерiмен бiрге Қазақстанға "халал" стандарттары бойынша сертификатталған өнiмдердi экспорттауға көмектесуге дайын", – дедi Аминуддин Бин Мат Арифф.

"MATRADE" экспорт және халықаралық сауда бөлімінің аға директоры Мұхаммад Мұстафа Абдул Азиз Малайзияның бизнес қауымдастығы Қазақстанға малайзиялық компаниялардың танымалдылығын арттыруды мақсат етіп келгенін айтты.

"Малайзия өкілдері Қазақстанда экономикалық стратегиялық әріптестерді табу үшін, осы елге экспортталатын тауар көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Екі ел бизнес, туризм, ислам қаржыландыру, білім және цифрлық технологиялар саласында әріптестік орната алады",– дейді Мұхаммад Мұстафа Абдул Азиз.

Оның айтуынша, екі ел арасында тауар айналымы артып келеді. 2017 жылы тауар айналымы 60%-ға артып, 80 млн АҚШ долларына жетті.

Малайзияның Қазақстандағы елшісі Саид Бакри малайзиялықтардың Қазақстан нарығын зерттеуге кіріскенін айтты. 2017 жылы EXPO-2017 көрмесіне 320 малай компаниясы қатысқан. Форумға қатысушылардың сөзінше, негізгі инвестициялар мұнай-газ, құрылыс және инфрақұрылымға бағытталады. Түрлі саладағы келісімшарттарға қол қойылып, су тазалайтын құрылғыларды өндіретін және күн сәулесінен қуат алатын батарея шығаратын компаниялар Қазақстанмен бірігіп жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді.

Форум сауда және инвестиция саласындағы өзара әрекеттестік сынды кең тақырыптарды қозғайтын пленарлық сессия және ашық панельдік пікірталас, В2В кездесулері форматында өтті. Іс-шараның басты спикерлері – Малайзиядағы Қазақстан елшісі Данияр Сәрекенов, Қазақстандағы Малайзия елшісі Саид Мохамад Бакри бин Саид Абдул Рахман, "Resmi" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәжібаев, Малайзия-Қазақстан Іскерлік кеңесінің ортақ төрағасы Датук Лу Тук Джи (Datuk Loo Took Gee) сынды тұлғалар.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу