Малшылар мен сауыншылар жоқ

5442

Тұрғындардың дені жалақыдан гөрі атаулы әлеуметтік көмек алуды құп көреді.

Малшылар мен сауыншылар жоқ

Павлодар ауданындағы "Луганск" өндірістік кооперативінде 7500 ірі қара мал бар. Оның 2 мыңы – сауын сиыр. Сүтті сиырлар санын көбейту мақсатында өткен жылы 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынды. Осы жылдың сәуір айында дәл осындай тағы бір ферманың құрылысы басталды. Кооператив басшысы Петр Кузьменко бұл мақсатқа 330 млн теңге қаржы салмақ.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылықты одан әрі дамытуға бірнеше жайт кедергі болып отыр. Оның бірі – сүттің тым арзан болуы. Бір сиырдан күніне 18 литр, жылына шамамен 5 мың литр сүт алады. Тәулігіне 22 мың тонна сүтті облыс орталығындағы өңдеу орындарына тапсырады. Олар бір литр сүтті 114 теңгеге қабылдайды.

"Қазір сүттің құны төмендеп кетті. Өңдеу орындары литрін небәрі 114 теңгеге бағалайды. Ал өзім өңдеумен айналысайын десем, жұмыс күші жоқ. Жалпы, ауылда шаруашылықтарға адамдарды қабылдау мәселесі өзекті болып отыр. Ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Мәселен, қазіргі уақытта кооперативке төрт малшы, бес механизатор, төрт сауыншы, он құрылысшы, екі дәнекерлеуші мен бір электр маманы керек. Оған қоса, қараша айында жаңа ферма іске қосылған соң, жаңа 12 жұмыс орны болады. Бірақ қызмет етуге ниеттілер жоқ. Себебі жұмыс істеуден гөрі атаулы әлеуметтік көмек алуды құп көреді. Талай адамға қызмет ұсынғанымда таңнан кешке дейін бел жазбай еңбек етудің орнына түк істемей ақша алған әлдеқайда тиімді екенін ашық айтты", – дейді Петр Кузьменко.

Бүгінде аталмыш кооперативте барлығы 280 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 87 мың теңге. Сауыншылар айына 150-170 мың теңге алады.

"Жұмыс күші мәселесін шешу үшін жақын орналасқан ауыл тұрғындарына вахталық әдіспен еңбек етуді ұсынуға әзірміз. Әйтсе де, бұл елдімекендердің азаматтары қатарында да атаулы әлеуметтік көмек, бала санына байланысты төлем алуды жөн санап, жақсы жалақылы, тұрақты жұмысқа орналасуды қаламайтындар бар. Жастардың шаруа қожалыққа тіпті келгісі жоқ. Мұның барлығы кооператив жұмысын ілгерілетуге кедергі келтірмей қоймайды", – дейді кооператив басшысы.

Айта кетелік, бүгінде Павлодар облысында 5919 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл дегеніңіз – 15100 адам. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан  543,8 млн теңге қарастырылған.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу