Мамандардан кеңес: Баланы мектепке неше жастан берген абзал

6053

Қазақстанда ата-аналардың кейбірі мектепке баласын 6, кейбірі 7 жасында беріп жатады. Мектепке жас жеткіншекті ерте және кеш берудің артықшылығы мен кемшілігі неде? 

Мамандардан кеңес: Баланы мектепке неше жастан берген абзал

Іnbusiness.kz тілшісі жаңа оқу жылы қарсаңында осы сұраққа жауап іздеп, педагог пен психологтың пікірін біліп көрді.

Әлемдік тәжірибе не дейді

Әлемнің көп елінде балалар Қазақстандағыдай мектепке 6 жасынан бастап қабылданады. Еуропа елдерінің көбінде стандарт солай. Италияда ата-аналар баланы мектепке қай жаста апарам десе де өзі біледі. Мұғалімдер заң бойынша ол елде баланы, тіпті, бес жасында да қабылдауға міндетті.

Еуропа одағының білім жүйесінің анализіне сәйкес, Еуропа елдерінің біршамасында балалар 12 жыл сабақ оқиды. Ал Украина, Беларусь, Ресей мен Әзірбайжанда балалар 11 сыныпты бітіріп шығады.

Австрия, Албания, Бельгия, Греция, Испании, Нидерланд, Германия, Португалия, Францияда оқу 12 жылға созылады. Аталған елдерде бала мектепке 6 жасында барады. Ал Болгария, Эстония, Латвия, Литва, Польша, Хорватия мен Швеция секілді елдерде балалар оқуды 7 жастан бастап 12 жыл оқиды екен.

Дания, Босния мен Герцеговина, Исландия, Люксембург, Норвегия, Румыния, Словакия, Словения, Англия, Шотландия, Венгрия және Швейцарияда оқу 13 жылға созылады.

АҚШ-та сабақ басталу жасы штатқа байланысты өзгереді. Үш штатта балалар мектепке – 5 жаста, 18 штатта – 6 жаста және 29 штатта – 7 жаста барады. АҚШ штаттарының әрқайсысының өз білім беру стандарты бар. Оқудың басталатын жасы ғана емес, тіпті, семестрлердің күндері мен пәндер жиынтығы да ерекшеленеді.  Сондай-ақ мектеп оқушылары үшін ортақ сабақ кестесі болмайды.

Егер бізде білім беру процесінің бастау нүктесі мектеп деп есептейтін болсақ, Жапонияда тәрбие балабақшадан басталады. Дәл сол жерде бала математика негіздері және екі алфавит – хирагана мен катакана түрінде алғашқы маңызды дағдыларды меңгереді. Жапондықтар бастауыш мектепке 6-7 жасында барады, ал оқу жылы дәстүр бойынша сәуір айында басталады.

Балалары ең көп оқитын мемлекет – Ирландия. Бұл елде 15 жыл оқитын оқушылардың оқу мерзімі 4 жасынан басталады. Еуропалық комиссияның зерттеулерін ескерсек, балалары 5 жасынан бастап мектепке баратын елдерде білім ордаларын мемлекет қаржыландырады.

Түйіндей айтқанда, әр елде бастауыш сыныпқа баратын балалар 4, 5, 6, 7, тіпті, 8 жасынан бастап мектепке барады.

7 жастан берген дұрыс!

Ата-аналар мен оқытушылардың пікірін сұраған едік. Қосшы қаласындағы №1 орта мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі Динара Кусаинованың айтуынша, әр баланың мектепке дайындығын жеке қарау керек. Ұстаздың бастауыш сыныптарға сабақ бергеніне 16 жыл болыпты.

"Менің ойымша, егер қабілеті мен ой-өрісі жетіп тұрса, мектепке 6 жастан  беруге болады. Ал баланың есіл-дерті ойын боп, сабаққа деген қызығушылығы мүлдем жоқ болса, 7 жастан берген жөн. Мәселен, өзім екі қызымды қабілетіне қарай біреуін 6,5 жаста, екіншісін 7 жасында бердім. Сондай-ақ бала моральдық және физикалық тұрғыда дайын болуы керек. Яғни бала "мектепке барам, сөмке ұстаймын, партада отырам" деп сабаққа баруға деген құлшынысы болуы тиіс", – дейді ол.

Динара Кусаинова баланы мектепке 7 жастан беру керек деп есептейді. Сонда ол мектепке жан-жақты дайын болады. 6 жасқа дейін балабақшаға бармай, мектепке бірден барған балалар сабақта отыра алмайтынын айтады.

"Сағат таңертеңгі сегізде сабақ басталып, әліппе, математика секілді негізгі пәндер оқытылады. Сол кезде олар екі сабақ бойы ұйқысы келіп отырады. Үйде ұйықтап үйреніп қалған бала он бірге таяу оянады ғой. Ол кезде дене шынықтыру, еңбек сабақтары басталады. Яғни жас бала негізгі пәндерді қабылдамауы мүмкін. Ал 7 жастан келген бала – бір жыл болса да есейіп қалған бала. Ол бәрін түсініп, қабылдайды. Сондықтан өз басым баланы мектепке 7 жастан берген дұрыс деп есептеймін", – деп ойын түйіндейді бастауыш сынып мұғалімі.

Баланы сабаққа кіргізіп көру керек

Ал психоаналитик Зарина Қаһарман бұл жерде "осылай еткен дұрыс" деп кесіп айту қиын екенін, себебі әр баланың психологиялық даму ерекшелігі әртүрлі болатынын ескертеді. Жалпы психикалық дамуы дұрыс өтіп жатқан балалар туралы сөз қозғаған ол психологияда "сепарация" деген ұғым барын атап өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, сепарация – ата-анадан бөліну. Тек физикалық тұрғыда емес, эмоциялық тұрғыда бөліну.

"Бала анасынан эмоциялық тұрғыда бөлінбесе – ересек өмірінде тұрмысқа шықпай қалу/үйленбей қалу, жұбайымен оңай ажыраса салу, арман-мақсатқа ұмтыла алмау және басқа да үлкен мәселелер туындайды. Сондықтан баланы жүректен босатып, балабақшаға да, мектепке де апарып, қоғамда өмір сүруге бейімдеу керек. Мысалы, сәби өмірге келіп, кіндігін кескен кезде физикалық тұрғыда анасынан бөлінеді. Көп сәбидің кіндігі кесілгенмен, эмоциялық кіндігі кесілмейді. Сол себепті анасы оны балабақшаға бергенде де, мектепке барғанда да қиналады. Балабақшаға жіберейін десе, баласын тәрбиеші ұрып тастайтын сияқты қорқады, бірақ дәл сол балабақшаға жүздеген, мыңдаған бала барады, олар да балабақшаға аман-есен барып келіп жүр, бірақ анасы неге өз баласын ұрып-соғады деп неге қауіптене береді? Бейсанасы нені қалап тұр? Осыны талдау керек", – дейді ол.

Психологтан ата-анаға сұрақ

Зарина Қаһарман мектепке барған кезде де "тым кішкентай" деп аяушылықпен қарамай, балаға сол сыныпта дәл өзіндей 20-30 бала отыратынын, демек ол жаста мектепке баруға өз баласы қатарлас көп бала дайын екенін де ескерген жөн дейді. Психологиялық тұрғыда баға берген ол 6 жаста бала әріптерді біліп тұрса, суреттерге қарап әңгіме құрай алатын болса, төрт жол тақпағын жаттай алатын болса, өзге балалармен араласып, ойнай алатын болса – мектепке беруге болады деп санайды.

"Бұл жерде ескеретін жайт: ата-ана баласын мектепке баруға, өмірінде өзгеріс болатынына дайындауы керек. Баланы мектеппен, мұғаліммен қорқытуға болмайды. Оған бұдан былай сәл басқаша режим болатынын алдын ала ескерту керек. Мектепке алдын ала апарып, сыныптарға кіргізіп көру қажет", – дейді ол.

Психоаналитик Зигмунд Фрейдтің пайымдауынша, 3-6 жас аралығы – Эдип кешені кезеңі. Зарина Қаһарман осы кезең – баланың өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі екенін айтады. Сондықтан осы кезеңде баланың қолы бос болмауы маңызды. Яғни мектеппен қатар ән, би, домбыра, шахмат және басқа да үйірмелерге барып, өзіне ұнағанын таңдауға мүмкіндік берілуі керек.

"Ойымды қорытындылай келе, ата-аналарға сұрақ қойғым келеді: балаңыздың бойында физикалық, психологиялық ауытқу болмаса да 6 жастан бастап мектепке беруге дайын емессіз бе? Не себепті? Неден қорқасыз? Ол қорқыныш қашан, не себепті пайда болды? Балаңызды осы жастан мектепке берсеңіз не болады, бермесеңіз не болады? Психоанализде жақсы не жаман, дұрыс не бұрыс деген ұғым жоқ. Қандай шешім қабылдасаңыз да – дұрыс, тек сол шешімнің себебін білсеңіз және сол шешімнің салдарына дайынсыз ба?",  – деп сұрақ қалдырады психоаналитик.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу