МӘМС бос қиял емес

3251

Міндетті медициналық сақтандыру үлгісі іске қосылуға үш ай қалғанда түзетілмекші.

МӘМС бос қиял емес

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізілуі мүмкін заңдық өзгерістер мәжілісте таныстырылды. Түзетулер мемлекет жарнасы мен жұмыс берушілердің аударым мөлшерлемесін қысқартуды, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушы және уақытша шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының есебінен "Міндетті медициналық сақтандыру қоры" АҚ (ММСҚ) төлеушілер тізімін кеңейтуді көздейді.

Мөлшерлеме қысқартылады

Мемлекеттен бөлінетін жарна мөлшерін 2018 жылы 4%-дан 3,75%-ға дейін, ал 2019 және 2020 жылдары 5%-дан 4%-ға дейін төмендету ұсынылып отыр. Одан кейінгі жылдары мөлшерлеме 4-5% аралығында болады.

Жұмыс берушілердің аударымын 2017 жылы 2%-дан 1%-ға дейін және 2018 жылы 3%-дан 1,5%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Ал 2019 жылы 4%-дың орнына 1,5% аударылса, 2020 жылы мөлшерлеме 2%-ды құрайды, одан кейінгі жылдары 3%-ды құрамақ.

"Әрине, мөлшерлемені қысқарту қордың табыс мөлшеріне әсер ететіні сөзсіз. Біріншіден, мөлшерлеменің төмендеуі актуарийлік есептердегі табыс мөлшеріне тікелей әсер етеді. Одан бөлек біз бұған дейінгі есептерімізде төлемнің айнымалы жиілігін мен экономика бойынша орташа жұмысбастылық деңгейін пайдаландық. Біз аталған есепті екінші қайтара жүргізген кезде сарапшылармен, оның ішінде ҰЭМ мен КҰП-пен көп дауластық, ақыры айнымалыны пайдалануда актуарийлік есеп жүргізу әдістемесі қолайлы дегенге тоқталдық. Дәлірек айтсақ, біз бұған дейін аударым төлеу жиілігі әлдеқайда сирек болады деп белгілеп едік. Ал бүгінге күні БЖЗҚ-ға аударылатын салым жиілігі бойынша есептеп отырмыз, осыған байланысты қордың толығуы актуарийлік есептерді бірден өзгертеді. Бұл табыс мөлшеріне әсер етпей қоймайды", – деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

ММСҚ-ның бюджетіндегі шығындарды да қысқарту жоспарда бар. Бұған дейін айтылып келген тегін медициналық көмектің кепілді көлемінде (ТМККК) көзделген медициналық қызметтердің қатарын кеңейту және "Денсаулық" МБ бойынша бастамаларды тоқтата тұруға тура келеді. Нақтырақ айтсақ, халықты бастапқы буын дәрігерлермен көбірек қамту, еңбекақыны көбейту, кейбір қызмет түрлерін кеңейту мерзімдерінде өзгеріс болады. Аbctv.kz-пен әңгіме барысында денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қордың табысы артқан сайын медициналық қызметтер тізімі толыға беретінін атап өтті.

"Қордың негізгі салымшысы мемлекет болып табылады. Табыстың 70%-ға жуығы мемлекетке қызмет ететін адамдар мен әлеуметтік қорғалмаған жандар – балалар, студенттер және өзгелерге төленетін мемлекеттің жарнасы есебінен жабылады. Сондықтан қор айтарлықтай орнықты", – деп сендірді Елжан Біртанов.

Салымшылар саны көбейіп жатыр

Ел аумағынан тысқарыға сапарлап кеткен Қазақстан азаматтарын да Міндетті медициналық сақтандыру қорына қаражат аударуға міндеттемекші. Олар үшін белгіленген ең төменгі еңбекақының 5% көлеміндегі мөлшерлеме 2018 жылдан бастап енгізіледі.

"ҚР барлық азаматтары қайда жүргеніне қарамастан қорды құруға қатысуға тиіс. Олар – білім алуға, емделуге шетелге шыққан азаматтар. Негізгі бөлігі шетелде жұмыс істейтіндер. Біз оларға ең төмен еңбекақы мөлшерінен 5% төлеуді ұсынамыз. Сонда олар елге оралғаннан кейін МӘМС аясында тегін медициналық көмек алуға құқылы болады", – деп түсіндірді министр.

Өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де осындай аударым мөлшері белгіленеді. Олар Міндетті медициналық сақтандыру қорына қаражат аудармай, медициналық қызметтің толық пакетін ала алмайды.Осыған байланысты денсаулық министрлігі аталған санаттағы азаматтарға да ММСҚ-ға салым салуды ұсынды. Салымды ай сайын немесе жылына бір рет салуға болады. Мұндай төлем бар-жоғы 14 мың теңгені құрайды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып өткендей,  мекеме бос қиялға салынып отырған жоқ және МӘМС жұмысының алғашқы кезеңінде өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны аз болады деп топшылап отыр.

"Қордың толығуына келер болсақ, 2017 немесе 2018 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған барлық азаматтар 100%  аударым жасайды деп отырғанымыз жоқ. Біз шартты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 5% төлейді деп үміттенеміз. Себебі қазір еліміздегі халықтың осы санатына ықпал ететін тетік жоқ. Қолданыстағы заңнамада олар үшін тек ТМККК ғана қарастырылған. Егер оларға бір нәрсе болып қалса, жедел көмек алуға құқылы. Айта кету керек, бұл адамдар жылдар бойы ел экономикасына қатыспай отыр, сонда да ТМККК, білім алу және тәртіп сақтау және өзге де тегін қызметтерді пайдаланады. Олар әлеуметтік қорғалмаған жандар емес, мемлекет олар үшін үнемі жауап беруге даяр. Яғни егер ол бүгін бір жерде жұмыс істеп, жанын сақтау үшін табыс тапса, көмек керек кезінде ақша төлеп жәрдем ала алады. Бірақ бұл адамдардың негізгі бөлігінің табатын табысы төмен екенін біз түсінеміз. Біз оларға жүйенің қатысушысы болу үшін жалғыз және ең жеңіл жолын ұсындық, яғни ең төменгі мөлшерлемені төлесін де, өзін сақтандырсын. Біз төлемді алдын-ала 12 ай бұрын қабылдауға дайынбыз", – деп түйіндеді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ МӘМС-ке аударымды мемлекет салатын адамдар тізімін толықтыру ұсынылды. Оған 18 жасқа дейінгі мүгедек баласын бағып жүріп жұмыс істемейтін азаматтар; ЖОО, ТжКБ және ОБ, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған түлектер; жұмыссыз жүрген оралмандар;  шетел азаматтары және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топқа жататын азаматтығы жоқ адамдар кіреді.

Динара Куатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу