Марокко елінің спортшысы Қазақстанда қандай құқай көрді?

1789

Сергелдеңге түскен шетелдіктің Бейжің Олимпиадасына қатысуы Қазақстанға да байланысты болып тұр.  

Марокко елінің спортшысы Қазақстанда қандай құқай көрді?

Тура 35 күннен кейін көрші Қытайдың астанасы – Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада басталады. "Beijing 2022" ойындары 4 ақпанда ашылып, 20 ақпанда жабылмақ. Бұл қысқы спорт сайыстары қазірден түрлі жанжалдарымен жаһан жұртшылығының назарын аударып отыр. Себебі ҚХР-дегі Шыңжаң қазақтары мен ұйғырларын қудалау, жазықсыз жазалау оқиғалары үшін АҚШ бастаған батыс елдері бұл Олимпиадаға саяси бойкот жариялап, ресми тұлғаларының делегацияларын жіберуден бас тартты. Басқа да мәселелері жетерлік.

Олимпиада қарсаңында Қазақстанда да бір даулы жағдай туындады. Марокко корольдігінің азаматы, Марокконың қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық құрама командасының атлеті ДжавадАйдауи көмек сұрап, Қазақстан билігіне жүгінген.

Джавад келесі жылдың ақпанында Қытай жерінде өз елінің намысын қорғауға тиіс еді.

Марокко атлетінің Қазақстанға қатысы қандай?

Джавад Айдауи біраз жылдан бері Қазақстанда тұрып, осында жаттығады. Ол Қазақстанда тұрақты тұру ықтиярхатына (ВНЖ) ие.

Бұған дейін ол Щучинскідегі шаңғы трамплині және сондағы Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық дайындық орталығы аумағында жаттығатын. Биылғы жазда Шығыс Қазақстан облысына ауысты. Өскеменде тұрады.

Таяуда еліміздегі вакцинациялау науқаны аясында тәртіпке бағынып, COVID-19 індетіне қарсы екпе салғызыпты, яғни отандық вакцинация паспорты бар.

Шаңғы спортының барлық түрлеріне жетекшілік ететін халықаралық ұйым – FIS-тің (Халықаралық шаңғы спорты федерациясының) Қазақстанда, Ресейде және өзге елдерде ұйымдастырылатын жарыстарына тұрақты түрде қатысып жүрген. Дегенмен пандемияға және карантин шараларына байланысты шекаралар жабылып, ол алыс шетелге шыға алмаған.

Өзінің айтуынша, Марокко Спорт федерациясы хабарласып, 2022 жылдың қаңтарында оның Еуропа бойынша туры мен жиыны басталатыны жөнінде құлағдар етеді.

Осы мақсатта шенген визасын алу үшін ол биылғы 21 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы Испания елшілігіне қажетті құжаттар пакетін тапсырады. Сол күні Алматыдан Ыстамбұлға ұшып кетеді. Себебі Түркияның Эрзурум провинциясында 25 желтоқсанда әлемдегі 14 елден 60 шаңғышы қатысқан халықаралық сайыс өткен болатын.

Испания елшілігі хабарласып, дайын шенген визасын алуы үшін 28 желтоқсанға кездесу белгілейді.

Спортшы сол күні келе алмаған. Өйткені ұшаққа отырып, кері қайтпақ болғанда, Қазақстан тарапы енді елге тек 30 күн өткеннен кейін ғана орала алатынын түсіндірген. Пандемия кезінде шетелдіктерге қатысты осындай шектеу енгізілгені мәлім. Пандемия аяқталмағандықтан, бұл талап әлі күшінде.

Қазақстан қай салада Еуропадан озық?

Айта кету керек, ДжавадАйдауи егер елден сыртқа шықса, бір айға дейін кері қайта алмайтынын біліпті. Бірақ Эрзурумдағы халықаралық жарыстың аса маңызды болғанын, сонда нәтиже көрсетіп қана Марокко атынан алдағы Олимпиадаға қатыса алатынын түсінгендіктен ұшуға мәжбүр болғанын айтады. Жалпы Түркиядағы сол сайыс нәтижесінде Түркия, Аргентина, Болгария, Грекия, Иран, Солтүстік Македония, Сербия, Босния мен Герцеговина, Чили, Доминикан Республикасы, Пәкістан, Мексика, Малайзия мен Марокко шаңғы спорты бойынша олимпиадалық командаларын қалыптастырған. Д. Айдауи өз елінің құрамасының құрамына енді. Бұл Марокко корольдігінің Спорт федерациясының ресми хатында расталған.

Әрине, Қазақстан бір адамның мүддесі үшін заңнамалық актілерін түзете алмайды. Талап бәріне ортақ.

Бұл жерде мәселе "еуропалық бюрократияда" болып тұр. Өзін демократияның бір ұстыны, өркениет орталығы санайтын Еуропаның талаптарының өте қатаңдығы, адамдарға қолайсыздығы қайран қалдырады. Карантин шараларына қарамастан, шенген визасын алу үшін азаматтың өзінің бірнеше рет келуін, жеке жүздесуін талап етеді. Визаны поштамен жібермейді.

Бұл жерде қайта біздің республиканың әлдеқайда алға озғанын әділдік үшін айта кету керек. Мысалы, Қазақстан өзіне іскерлік, туристік мақсатта немесе емделуге келетін шетелдіктерге визаны электронды түрде толтырып, сол форматта алуға мүмкіндік берді. Бұл мүмкіндікті әлемдегі 109 мемлекеттің азаматтары пайдалана алады. Қалған елдердің көбімен визасыз режим орнатылған.

Электрондық виза алу қиын емес. Электрондық виза рәсімдеу үшін Қазақстанның визалық көші-қон порталында тіркелу қажет. Содан кейін Қазақстанға шақыру нөмірін енгізу және визалық сауалнаманы толтыру керек. Келесі қадам ретінде консулдық алым төлеу талап етіледі. Ақыр соңында шетелдік адам дайын электрондық визаны басып шығарады. Виза жеке кабинетте қалыптастырылады және сауалнаманы толтыру кезінде көрсетілген электрондық поштаға жіберіледі. Жатжұрттық азамат Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында паспорттық бақылаудан өткенде басып шығарылған электрондық визаны көрсетсе, жеткілікті.

Марокколық атлеттің жайына келсек, ол қазір күрделі жағдайда. Сарапшылардың айтуынша, Айдауи Ресейге жетіп, сол жақтан ортақ шекараны автокөліктерге арналған өтпе арқылы кесіп өте алады. Тұруға ықтиярхаты бар адамдар солай өтіп жүрген көрінеді.

Шаңғышы виртуоз пианист екен

Бір қызығы, Джавад Айдауиді қазақстандықтар виртуоз пианист ретінде көбірек біледі. Ол 4 жасынан бастап, өз елінде пианинода ойнай бастапты. Бұл ретте оны бұған ешкім де үйретпеген екен. Өзгелердің ойнағанын бақылап жүріп, өз бетінше үйренген. Осыдан кейін ата-анасы оны музыкалық мектепке береді. Кейін ол Париждегі консерваторийге түсіп, абыроймен бітіреді. 25 жасында-ақ ДжавадМароккодағы танымал музыканттардың бірі болған, пианистердің халықаралық байқауларында үш рет жеңіске жеткен, оркестр басқарып, дирижерлік жасапты. Бірегей музыка жазған, этникалық мотивтерді кіріктіріп, импровизациялық әуендер тудырған. Ақырында турист ретінде саяхаттау үшін Тайландқа билет алады.

Тайландта жүргенде ол тағы бір саяхатшы – алматылық Елена Науменкомен танысып, жастар бір-біріне ғашық болады. Содан Қазақстанға қонаққа келіп, елімізді ұнатып, осында қалып қойған. Әрі Қазақстанда сүйікті ісі – шаңғы спортымен кәсіби деңгейде айналысып, шеберлігін ұштай алатынын аңғарады. Жалпы Джауадты олимпиадалық спортшы деңгейіне дейін көтерген қазақстандық бапкерлер көрінеді.  

Елімізде ол Құрманғазының күйлерімен танысып, қазақ күйлерімен әуестене бастады. Өз Youtube-арнасындағы спортқа қатысты видеороликтерін қазақ күйімен музыкалық сүйемелдеп жүр. Кейде фортепианодан жеке сабақтар, шеберлік сабақтарын өткізеді. Қарағандыда бірнеше рет концерт берген екен.

Джавад Айдауидің олимпиадалық тағдырының қалай қалыптасатыны келесі жылы анықталатын болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу