Жыл соңына дейін машина жасауда өндіріс көлемі алғаш рет 2 трлн теңгеден аспақ

5504

Одақ дерегінше, 9 айда теміржол, ауылшаруашылығы, электр техника машинасын жасауда айтарлықтай өсім байқалған. 

Жыл соңына дейін машина жасауда өндіріс көлемі алғаш рет 2 трлн теңгеден аспақ

Елде жыл соңына дейін машина жасауда өндіріс көлемі 2 трлн теңгеден асады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Машина жасау саласы негізгі 6 сектордан тұрады: теміржол, ауылшаруашылығы, электротехника, автомобиль, тау-кен, мұнай-газ. 2021 жылғы 9 айда саладағы өндіріс көлемі 23%-ға өсіп, 1,6 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Бұған мемлекет тарапынан жасалған қолдау да оң әсерін тигізді", – деп жазылған Қазақстан машина жасаушылар одағы (ҚМЖО) жіберген жауап хатта.

"Салада мұндай көрсеткіш тіркелмеген"

ҚМЖО мәліметінше, биыл 9 айда теміржолда – 195 млрд теңге (өсім 82%), ауылшаруашылығында – 129 млрд теңге (өсім – 80%), электр техникада 177 млрд теңге (өсім 54%), автомобиль жасауда – 499 млрд теңге (өсім 33%), тау-кен металлургияда – 18 млрд теңге (өсім 10%), мұнай-газ машина жасауда 49 млрд теңгенің (өсім 5%) өнімі шығарылған.

"Жылдың қорытындысы бойынша шамамен өндіріс көлемі 2 трлн теңгеден асады деп болжам жасап отырмыз. Осыған дейін салада мұндай көрсеткіш болмаған. 2019 жылы өндіріс көлемі – 1,4 трлн теңге, 2020 жылы көрсеткіш – 1,8 трлн теңге болған", – деп жазылған хатта.

Сондай-ақ ұйым өңдеу өнеркәсібінде өсім барын, бірақ ол баяу жүріп жатқанын жеткізді.

"Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар, бірақ оны қарқынды деп айтуға келмейді. Мысалы, өсім динамикасына тоқталайық. 2010 жылы отандық машина жасаудың жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі – 1,5%, 2020 жылы бұл көрсеткіш 2,5%-ға дейін өсті. 2010 жылы отандық машина жасаудың өнеркәсіптегі үлесі – 3%, бүгінде көрсеткіш – 7%, әрі 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – 10%, қазір – 14%. Өсім бар, бірақ ол баяу жүріп жатыр", – деп жазылған ҚМЖО жіберген хатта.

Қанша теңгенің өнімі экспортқа шығарылды?

Ол салада өнімнің соңғы түрлерінің үлесі артып келе жатқанын айтты.

"2020 жылдың қорытындысы бойынша экспортқа 1,3 млрд доллардың өнімі шығарылды. 2021 жылғы 8 айда 1 млрд 47 млн доллардың өнімі басқа елдерге сатылды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 51,4%-ға жоғары. Өткен жылы 691 млн доллардың өнімі экспортқа шығарылған. Соңғы 10 жылда қазақстандық экспортқа шығаратын өнім желісі кеңейді. Қазір біз шетелге рельс, локомотив, вагон, жеңіл көлік, трансформатор, аккумулятор, кабельдер және өнімнің соңғы түрлерін сата бастадық", – деп жазылған жауап хатта.

Сондай-ақ бүгінде жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Салаға 37 млрд теңге инвестиция тартылды

ҚМЖО Қазақстанға шетелдік инвесторлардың қаржысын тарту үшін ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Биыл 9 айда салаға тартылған инвестиция көлемі – 36,8 млрд теңге. Бүгінде елде шетелдің беделді компаниялары жұмыс істейді. Мысалы, комбайн шығаратын немістің Claas, шар крандарын шығаратын Bоehmer Armaturen, электр тауарларын шығаратын Schneider Electric, Siemens, көлік шығаратын Hyundai және тағы басқа, тепловоздар, электровоздар шығаратын General Electric, Трансмашхолдинг және тағы басқа ірі компаниялар. Инвестиция тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Биыл Түркия мен Ресейде болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға жұмыс сапарымен барғаны белгілі. Бұл сапар барысында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Аmman компаниямен меморандумға қол қойды", – деп жазылған хатта.

Сонымен қатар ұйым салаға салаға инвестиция тартып қана қоймай, шетелдік компаниялардың Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін жеткізді. Себебі бұл жаңа жұмыс орындарын ашып қоймай, жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді.

3 зауыт салынады

Одақ "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу" ұлттық жобасына тоқталды.

"Жоба 2021-2025 жылдарды қамтиды. Оның аясында 264 млрд теңге бөлінгелі отыр. Осы құжатқа сүйенетін болсақ, бірнеше жобалар жүзеге асыруы  жоспарланып отыр. Соның ішінде 3 жоба бар:

1. Қостанай облысында шойын құю өндірісі;

2. Жүк техникасының жетекші көпірлерінің басты берілістерін өндірісі;

3. Қарағанды облысы Саран қаласында шина жасау.

Жоспарға сәйкес алдағы уақытта 3 зауыт салынады. Оған Ұлттық жоба шеңберінде қаржы бөлінгелі отыр. Жобаның іске асырылуын мемлекеттік органдар қадағалайды", – деп жазылған хатта.

Кадр тапшылығы мәселесі

Ұйым машина жасауда білікті кардлар тапшылығы мәселесі өзекті екенін, бұл бағытта тиісті жоспар құрылғанын айтты.

"Білікті кардлар тапшылығы – елдегі өзекті мәселенің бірі. Жылдан жылға мамандарға жоғары талап қойылып жатыр. Сондықтан 2019 ҚМЖО 46 кәсіби стандартты әзірлеп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берді. Енді ведомство оны Білім және ғылым министрлігіне беруі шарт. Осылайша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, яғни колледждердің білім беру бағдарламаларына өзгеріс енгізіледі. Осылайша, олар сапалы жұмысшыларды дайындап шығарады деген үміттеміз", – деп жазылған хатта.

Осыған байланысты одақ екінші мәселеге тоқталды.

"Машина жасауда жол картасы бар. Онда біз кадр мәселесіне толық бір тарауды арнадық. Техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарында дуалды оқытуды дамыту мәселесін жол картасына енгіздік.

Үшіншіден, жол картасына сәйкес машина жасау саласының мамандарының біліктілігін растау орталығын құруды көздеп отырмыз. Мысалы, дәнекерлеуші (сварщик) арнайы жерде оқып, жаңадан ашылатын орталықта өзінің біліктілігін дәлелдей алады. Кейін оған арнайы сертификат беріледі. Бүгінде елде әр сала бойынша 40-қа жуық орталық бар. Бірақ машина жасау саласында жоқ деп айтуға болады. Үкімет басшысы, бұл ұсынысты қолдаса, 2022-2024 жылдары аралығында жобаны жүзеге асырамыз", – деп жазылған хатта.

Тәуелсіздік жетістіктері

ҚМЖО мәліметінше, елде машина жасау саласы 2010 жылдары қарқынды дами бастаған. Оған мұнай-газ, теміржол, электр техникасы, автомобиль, ауылшаруашылығы машинасын жасау секторларын жатқызуға болады.

"Сондай-ақ сала жинақтаушы және қосалқы бөлшектер өндірісінен өнімнің түпкілікті түрлерін өндіруге көше бастады. Мысалы, бұрын тек қосалқы бөлшектерді шығарсақ, қазір күрделі өнімдері шығара бастадық: тепловоз, электровоз, жолаушылар және жүк вагоны, жүк және жеңіл көліктер, автобус, аккумулятор, трактор, астық жинайтын комбайндар, құбыр арматурасы, кабель өткізгіш өнімдер, жарық диодты шамдар, сорғы жабдықтары, жолаушыларға арналған лифтілер және тағы басқа. 2010 жылы саладағы өндіріс көлемі 367 млрд теңге болса, 2020 жылы көрсеткіш 1,8 трлн теңгеге өсті. Бұл өнім шығару көрсеткіші 4,8 есеге өскенін көрсетеді", – деп жазылған хатта.

Одақ бүгінде отандық аккумуляторлар мен локомотивтер шетелде жоғары сұранысқа ие екенін атап өтті.

"Қазақстанда шығарылған акумуляторларға шетелде сұраныс жоғары. Тіпті, олар Африкаға да сатылып жатыр. Биыл 9 айда 2 млн 322 мың 117 дана акумулятор шығарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,8%-ға жоғары. Сондай-ақ 9 айда 26 локомотив шығарылды. Өткен жылғы көрсеткіш – 19 локомотив. Осылайша, салада күрделі өнімдер шығарылып жатыр. Менің ойымша, бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды жетістіктердің бірі", – деп жазылған Қазақстан машина жасаушылар одағы жіберген жауап хатта.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу