Маскасыз жүргендерге айыппұл 30 есе арзандатылмақ

3867

Қазақстандағы жаза – ТМД-дағы ең репрессивті жаза. 

Маскасыз жүргендерге айыппұл 30 есе арзандатылмақ Фото: Максим Морозов

"Бетперде" деген сөзді естісе, адамдардың жүрегі айнитынды шығарды. Әрине, адам өмірін індеттен сақтайтын бұл қорғаныс құралының еш айыбы жоқ. Оны "әйкәпір" еткен шенеуніктер. Көшеде бетперде кимей жүргендерге 83 мың айыппұл салынатынын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетова, тіпті Үкімет мүшелері арасындағы ең үнсізі саналатын әділет министрі Марат Бекетаев та елдің есіне салды.

Министр М.Бекетаевтың мәліметінше, биылғы көктемде көшеде бетін тұмшаламағандарға әкімшілік кодексінің "Төтенше жағдай режимiн бұзу" деп аталатын 476-бабының санкциясы қолданылған. Яғни, 10 АЕК немесе 27 мың 780 теңге айыппұл салынды. Ал бүгінде маскасыз адам әкімшілік кодекстің "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу" атты 425-бабына сай жазаланады. Ал ол азаматтарға 83 мың 340 теңге айыппұлды қарастырады. Осылайша, жаза ТЖ кезеңінен де күрт қатайды.

Айта кету керек, қазіргі кезде дамыған елдердің бірде бірінде көшеде бетперде тақпағаны үшін адамдарға айыппұл салынбайды. Кедей әрі дамушы елдер де бұқараға соққы болар ондай қадамнан аяқ тартып отыр. Нәтижесінде, бұл жаза тек посткеңестік кеңістіктегі елдердің еншісіндегі шара болып қалуда. Бірақ солардың ішінде аққұла Қазақстанның Үкіметі теңдессіз қаталдық танытып жатыр.

Мұны Әділет министрлігі келтірген "Карантин кезеңінде медициналық маскаларды міндетті түрде кию тәртібін бұзғаны үшін ТМД елдеріндегі санкциялар кестесі" айғақтайды.

Құжатқа жүгінсек, Ресей Федерациясында, соның ішінде тек Мәскеуде бұқара көп жиналатын орындарда және ғимарат ішінде бетперде тақпаған тұрғындарға 28 мың 604 теңгеге тең көлемде айыппұл қарастырылған. Ал Мәскеу – көршінің ең бай қаласы екені мәлім. 

Өзбекстанда айыппұл көлемі біздің 9 мың 187 теңгеге бара-бар.

Ұлттық валютамызға шаққанда Украинада бұл сома – 2 мың 564-дан 3 мың 846 теңгеге дейін құбылады, Тәжікстанда – 4 мың 720-дан 11 мың 802 теңгеге дейін, ал шектеу шараларын одан әрі күшейтіп жатқан Әзербайжанның өзінде 24 мың 708 теңгені құрайды.

Тым артық кеткенін қазақстандық билік те түсінетін болса керек. Осы орайда Әділет министрлігі Үкіметке айыппұл көлемін айтарлықтай кемітуді сұрап, ұсыныспен шықты.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты елімізде карантиндік режим енгізілді. Ұйымдардың бәріне санитариялық-эпидемиологиялық талаптар белгіленді. КВИ таралу қаупінің алдын алатын санитариялық-індетке қарсы шаралар жүргізілуде. Бұл ретте санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғандарды құзырлы органдар Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша жазалайды. Нақтылай кетсек, жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 мың 340 теңге, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (638 мың 940 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына – 310 АЕК (861 мың 180 теңге), ірі кәсіпкерлікке – 1 600 АЕК (4 млн 444 мың 800 теңге) айыппұл салынады", – дейді әділет ведомствосы.

Оның байламынша, бұл – тым ауыр жаза.

"Медициналық масканы міндетті түрде кию жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 83 мың 340 теңге айыппұл мөлшері азаматтар үшін жарамсыз, шамадан тыс, аса ауыр болып табылады және қайта қарауды талап етеді", – деді министрлік.

Үкімет не ұсынады?

Меморган өз ұсынысын "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасында көрсетіп отыр.

"Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабындағы құқық бұзушылықтың дәл осы құрамын жеке бөлікке бөліп шығару ұсынылады. Сонда медициналық масканы міндетті түрде кию жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін 1 АЕК немесе 2 мың 778 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленеді. Аталған бұзушылық қайталанған жағдайда, яғни азамат бетпердесіз қайтадан қолға түссе, оған 2 АЕК немесе 5 мың 556 теңге мөлшерінде айыппұл салу ұсынылады", – делінген тұжырымдамада.

Алайда биылғы 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі күшіне енді. Оған сәйкес, бұл кодекске қандай да бір түзету "Қазақстанның басқа заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізуді көздемейтін арнайы заңмен ғана енгізілуі мүмкін". Қарапайым тілмен айтқанда, жеке заң қабылдануы керек. Әділет ведомствосы соған дайындалуда.

Бірақ қазіргі уақытта Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бәрі ұзақ каникулда жүр. Жұмысына тек қыркүйектің басында ғана оралады. Әділет министрлігі әбжіл қимылдап, жаңа заңды бірнеше күнде қабылдата алғанның өзінде бұл іске ең кемі 1,5–2 айдай уақыт кететін түрі бар. Демек, оған дейін құқық қорғау органдары және тексерушілер 83 мың теңге айыппұлды қолдана беруі мүмкін. Әрине, егер мораторий енгізбесе...


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу