"Мәскеу алда Украинаға Беларусь атынан соққы беруі мүмкін"

2878

ТМД аумағына "ядролық ақырзаман" төніп келе жатқаны ма? 

"Мәскеу алда Украинаға Беларусь атынан соққы беруі мүмкін"

Биылғы 24 ақпанда Мәскеу Украинаға қарсы соғыс ашты. Ұжымдық Батыс бұған жауап ретінде Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізіп, Украинаға заманауи қару-жарақтар жеткізетінін жариялады. Бұған жауап ретінде Путин 28 ақпанда ядролық шоқпарын сайлап, "РФ ядролық тежеу күштерін" айрықша режимге көшірткізді.

Бұдан шошынған халықаралық қоғамдастық ядролық соғыс болады екен деп үрейге бой алдырды. АҚШ пен Еуропада, сондай-ақ Ресейде жерасты бункерлеріне деген сұраныс күрт артты. Солтүстік көршіде жайлы тұрмыс, тіршілік жағдайлары жасалған бункерлер бағасы 2 миллионнан 8 миллион рубльге дейін шарықтаған.

Ресейлік пропаганда "Мәскеу ядролық соққы жасаса, Ұлыбритания қанша минутта теңіз тұңғиығына батып кететінін" федералдық телеарналардан ашықтан-ашық талқылай бастады. Ал РФ МемДумасының бірқатар депутаттары тез тізе бүгіп, берілуі үшін Украинаға ядролық соққы жасауға шақырды.

Бұған жауап ретінде Ұлыбритания Премьері Борис Джонсон егер Ресей Украинада жаппай қырып-жою қаруын қолданса, Британия бірінші болып, Ресейге ядролық соққы беретінін мәлімдеді.

"Мәскеу Украинада жаппай қырып-жою қаруын қолданған жағдайда Ұлыбритания НАТО елдерімен кеңеспей-ақ, дербес түрде жауап соққы беру құқығына жүгінеді", – деді корольдіктің Үкімет басшысы Б.Джонсон.

Әріптесі тарапынан алғашқы қадам жасалғандықтан, Солтүстікатлантикалық Альянс та батылданды.

The New York Times дерегінше, осыдан кейін АҚШ және НАТО басшылығы құпия байланыс арналары арқылы Кремльге белгі беріпті. РФ ядролық соғысты бастаса, алғашқы ядролық оқтұмсықтар Путиннің бункерлерін нысанаға алады.

Сонымен қатар Қытай да ядролық шабуылды құптамайтынын анық білдірді. Бейжің ядролық клубқа кіретін мемлекеттер жауапкершілік танытып, оны сондай зұлмат қаруы жоқ елдерге қарсы қолданбауы керектігін, бұл халықаралық құқыққа қайшы екенін еске салды.

Сонымен жаһан жұртшылығы жеңіл күрсініп, бұл тұрғыда тұман сейілгендей болған. Алайда ядролық соғысқа қатысты қауіп тамыз айында қайта ушыға бастады. 3 тамызда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Жер планетасы өз тарихында тұңғыш рет ядролық соғысқа барынша таяп қалғанын жариялады. 

"Геосаяси шиеленіс жаңа шыңырауға таяды. Сенімсіздік диалогқа тежеу болды. Заманақыр қаруын жетілдіруге миллиардтаған доллар шығындалуда. 13 мыңға жуық ядролық қару бүгінде бүкіл әлемдегі арсеналдарда сақтаулы тұр. Ядролық соғыс қаупі артты, ал эскалацияның алдын алу тетіктері әлсіреді. Біз қазір Таяу Шығыста, Корей түбегінде, сондай-ақ Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан ядролық астары бар дағдарыстарға тап болдық", – деді БҰҰ бас хатшысы.

Осы орайда 26 тамызда Беларусь басшысы Александр Лукашенко беларусьтік әскери ұшақтар ядролық қарумен қайта жарақтандырылғаны туралы суық хабар таратты.

"Естеріңізде болса, біз Владимир Путинмен Петерборда (25 маусымда) кездескенімізде, беларусьтік Су-25 ұшақтарын ядролық қару алып жүретіндей етіп қайта жабдықтайтынымызды мәлімдегенбіз. Бізді бос сөз сапырды деп ойламаңыздар. Бәрі дайын!", – деген Беларусь басшысы енді ел Батыстан төнген қауіп-қатерге лайықты жауап қатуға әзір екенін қосты.

Бұл мәлімдеме Украинада дүрлігіс туғызды. Украиналық әскери сарапшы, запастағы полковник Олег Ждановтың байламынша, Кремль енді Беларусь қолымен Украинаға ядролық соққы беруге дайындалып жатуы мүмкін.

"Басқа жағдайда бұған сенбес те едік, ақылға сыймайды деп. Бірақ 24 ақпанда кең ауқымды шапқыншылық жасап, Мариуполь, Попасная, Гастомель сияқты қалаларды жермен-жексен қиратқан соң Кремль өз мақсатына жету жолында ештеңеден де тайынбайтыны түсінікті болды. Бірақ жаһандық державалар Мәскеудің өз ядролық қаруын қолдануына жол бермейді. Сол себепті Лукашенконың бұл мәлімдемесі тіксінтіп отыр", – деді ол.

Украина сарапшыларының байламынша, Ресей әскері Украинаға Беларусь жерінен басып кіргелі бері ешкім де Лукашенконы тәуелсіз шешім қабылдай алатын тұлға ретінде қабылдамайды. Сондықтан егер беларусьтік ұшақтар шынымен ядролық оқтұмсықтармен жарақтанса, оларды бәрібір Лукашенко өз қалауынша жұмсай алмайды, оларды Кремль қуыршақтай басқарады.

"Неге Кремль Лукашенкоға осындай эпатажды мәлімдеме жасауды тапсырғаны қызықтырады. Әрине, бұл блеф, бос сандырақ болуы да ғажап емес. Дегенмен егер шынымен беларусьтік Сулар ядролық оқтұмсықтармен жарақтандырылса, онда олар Украинаға қарсы қолданылуы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмас. Мұндай жағдайда Кремль Беларусь аумағынан және шын мәнінде беларусьтік әскери ұшақтармен Украинаға ядролық соққы жасауы, бірақ ізінше мұны өзі жасамағанын мәлімдеп, бар айыпты Лукашенкоға аудара салуы ықтимал. Тіпті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл шақыруды және онда Беларусь осындай шетін шешім қабылдауы үшін Украина оған не қиянат жасағанын талқылауды талап етуі де мүмкін. Бұл мәлімдемеден соң абдыраған Батыс жағдайдың байыбына барып, кім кінәлі екенін нақты анықтау үшін үзіліс алары сөзсіз. Салдарынан Мәскеуге қарсы шұғыл әрі қатал жауап қататын сәтті жоғалтып алады", – деп уайымдайды украиналық сарапшы. 

Украина жағының алаңдауынша, бұл жағдайда Батыс нағыз айыптыға емес, соған толық тәуелді Беларусь жеріндегі инфрақұрылымға шектелген ядролық соққы жасауы да ықтимал. Онда оның зардабы көршілеріне тиеді. Радиациялық бұлт Украинаға, Еуропа елдеріне тарайды.

Сол себепті МАГАТЭ Беларустің ядролық қаруға қол жеткізіп, ядролық клубқа қосылуына жол бермегені жөн. Алайда халықаралық атом қуаты жөніндегі агенттік тым-тырыс отыр.

Айта кететін жайт, Беларусьтің Конституциясының 18-бабында: "Республіка Білорусь має на меті зробити свою територію без'ядерною зоною, а державу – нейтральною" деп нық жазылған болатын. Алайда өткен жылдың соңында, яғни дәл соғыс қарсаңында Минск осы бапты, яғни елдің Ата заңынан Беларусьтің бейтарап және ядролық қарудан ада статусын жойды.

Қазір Лукашенко Батыс елдерінің астаналарын және шешім қабылдау орталықтарын нысанаға алуға бұйрық бергенін жариялап отыр. Оның айтуынша, егер Украина немесе НАТО "оңтүстіктегі Гомелге, Мозырь мұнай өңдеу зауытына, әуежайларға, Лунинецтегі немесе Бресттегі әскери аэродромдарға соққы берсе, оған жауап шұғыл әрі жойқын болады".

Қалай болғанда, ТМД кеңістігіндегі қарулы жанжал беталысының қайтадан жаппай қырып-жою және "ақырзаман қаруы" жағына ауа бастауы қазақстандықтарды да мазалайтыны сөзсіз. Олай болса, бұл қарулы тайталастың тезірек тоқтауына, ядролық соғысқа дейін ушықпауына Қазақстан да мүдделі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу