Маскүнемдер саны арта бастады

3393

Сарапшылардың байламынша, бұған әлемде бұрынғы жылдары пандемия ықпал етсе, енді экономикалық проблемалар, әскери қақтығыстар серпін берді.

Маскүнемдер саны арта бастады Фото: canva.com

Қазақстанның Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің мәліметінше, республикада "маскүнем" ретінде есепке алынғандар саны 91 мыңға жетті. Бұл – ТМД көлеміндегі ең бір нашар көрсеткіш.

Оның өзінде бұлар – "Психикалық мінез-құлық ауытқулары" диагнозымен динамикалық бақылауға алынғандары ғана. Есепке қойылмаған ішкіштердің нақты саны қанша екені белгісіз.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы қазақстандықтар спирт ішімдіктерін сатып алуға шығындайтын қаражатының көлемін 13,1%-ға арттырды.

Денсаулық сақтау министрлігінің "Саламатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесі" атты зерттеуі көрсеткендей, қазақстандықтардың шамамен 7,6%-ы немесе 1 млн 520 мыңдайы ішімдікті "қауіпті дозада" тұтынады.

Вячеслав Дудник елдегі маскүнемдердің және нашақорлардың бәрі бірдей тіркеуге алына бермейтінін жасырмады. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді. Біріншіден, мұндай науқастардың үлкен бөлігі анозогнозияға ұшыраған. Олар өзін "аурумын" деп мойындамайды.

Екіншіден, қоғамдық стигматизация кері әсер етеді. Жұртшылық жеккөрінішпен қарайтындықтан, ішімдік, есірткі тұтынатындардың бір бөлігі оны жасырын жасайды және ол туралы туған-туыстарына, дос-жарандарына да айтпайды, сыр ашпайды. Салдарынан, тиісті көмек кешігеді.

Үшіншіден, кеңес кезінде маскүнемдерді қоғамнан аластап, жағдайлары жан төзбес, лас, суық айықтырғыштарға қамап тастайтын. Алкогольді өнімдерді жиі тұтынатындар арнайы есепке алынып, ондайлар мансабында өсе алмайтын, көптеген шектеу, жазаға тап болатын.

Вице-министрдің байламынша, содан бері қазақстандықтар арнайы есепке алынудан үрейленеді. Оның үстіне қазіргі кезде біраз дерекқорлардағы дербес деректер, соның ішінде пациент туралы мәліметтер сыртқа "ағып кетіп" жатыр. Одан да қауіп қылады.

В.Дудниктің түсіндіруінше, психоактивті заттарды тұтыну үстінде бір рет ұсталғандарға бірден диагноз қойылып, динамикалық бақылауға алынбайды. Салдарынан, ведомстволық статистика кесір құбылыстың қоғамдағы шынайы көрінісін, ауқымын толыққанды көрсете алмайды.

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігінің талабымен соттар былтырғы 2023 жылы 15 мыңдай құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қойыпты. Соның ішінде басым көпшілігінде – 12 мыңнан астам жағдайда қылмыскерлерге алкоголь өнімдерін тұтынуға тыйым салынды.

Халықаралық сарапшылар пандемиядан бері дүниежүзінде адамдар көбірек және жиірек ішімдік іше бастағанын анықтады. Мұны 2020-2022 жылдары жүргізілген көптеген зерттеулер паш етті.

Канадада сауалнамаға жауап бергендердің шамамен 20%-ы тұтынатын спирттік өнімдерінің дозасын арттырғанын мойындаған. Ұқсас көрсеткіштер Грекияда, Ұлыбританияда тіркелді. Австралияда бұлардың үлесі 25%-ға жеткен.

Польшада алкогольді ішімдіктерді ішу – 14,6%-ға, Бразилияда – 18%-ға, Бельгияда – 30,3%-ға артқан.

Зерттеушілер жаһанда "жынды суды" тұтыну кесірінен, соның ішінде ауыр алкогольді абстиненттік синдроммен жедел жәрдем бөліміне түскендер санының ұлғайғанын анықтады. Маскүнемдікке шектен тыс салыну салдарынан өлгендер саны Ұлыбританияда – 19%-ға, АҚШ-та – 45%-ға көбейген.

Бүгінде солтүстік көршінің сарапшылары да дабыл қағуда.

"Росстат" 2023 жылдың соңында "алкогольге тәуелділік" диагнозы қойылған Ресей азаматтарының алдыңғы жылғы статистикасын жария етті. 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы Ресейде созылмалы маскүнемдігі үшін есепке алынған тұрғындарының саны күрт өсіп, 54,2 мың адамға жеткен.

Сарапшылар бұл санның шынайылығына шүбәланады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингі бойынша әлемдегі ең көп ішетін елдердің рейтингінде Ресей бұрынғы 16-орыннан 13-орынға көтерілді. Қазақстан тек 76-орында. Соның өзінде Қазақстанда 91 мың, Ресейде – 54 мыңдай ғана адам есепке қойылған. Бұл жайт күмән туғызады. ДДСҰ-ны бедел тұта ма, немесе ресейлік статистикаға сене ме, әркім өзі шешеді.

Бұған дейін, 15 жыл бойы Ресейде алкогольге тәуелді адамдардың саны үнемі төмендеумен болды. Сөйтіп, жалпы саны 2007 жылғы 174,9 мыңнан 2021 жылы 53,3 мың адамға дейін азайған еді. Бірақ 2022 жылдан бері статистика жоғары өрлей жөнелді.

Есіл-дерті бөтелкеге ауған 54,2 мың ресейліктің 12,9 мыңдайы – алкогольдік психозға шалдыққан екен. Мұндай адамдар өзіне де, қоршаған ортаға да қауіпті саналады. Бұл көрсеткіш те 2021 жылға дейін ең төменгі нүктесіне жеткен еді, соғыс басталғалы, қайтадан өсіп барады.

Ресейлік журналист Аполлинария Филиппова мамандардың пікіріне сілтеме жасап, жағдайды алдымен пандемия, содан кейін "арнайы әскери операция" ушықтырғанын жазады.

"Ішімдік ішу арқылы кейбір адам жанына жарақат салатын оқиғаларға деген төл реакциясының қарқындылығын азайтуға тырысады. Жанын қоярға жер таппай, жүрегі өрекпігенде, жүйке жүйесі "жарылып" кете жаздағандай сезім қалыптасқанда, олар тыныштану үшін ішімдікке жүгінеді. Мұны теріс копинг-стратегия деп атайды. Ағылшынның "cope" – еңсеру, игеру деген сөз. Осы арқылы бірқатар адам жағымсыз эмоцияларды еңсеруге талпынады. Сонымен бірге саламатты копинг-стратегия да бар, мысалы, спортпен айналысу. Алайда спорт адамнан біршама күш-жігер жұмсауды талап етеді. Жағымды сезімдерге үлкен еңбекпен қол жеткізеді. Жұрт содан ерінеді", – деп түсіндірді медицина ғылымдарының кандидаты Олег Гончаров.

Алкоголь белгілі бір мерзімге, биохимиялық деңгейде мазасыздық пен депрессия симптомдарын басады, дофаминнің бөлінуіне түрткі болады. Бірақ бұл тез өтеді де, әрі қарай ел аузында "ломка" аталатын абстиненттік синдром басталады. Одан арылу үшін адам "бас жазуға" ұмтылып, тағы да ішімдік ұрттайды. Салдарынан, маскүнемге айналғанын сезбей де қалады.

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, 2022 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда, 2023 жылғы 9 айда халықтың банктер мен МҚҰ-лардан алған қарызы 30%-ға немесе 2,3 трлн теңгеге өсіп шыға келді. Осылайша, былтыр азаматтар 10,2 триллион теңге кредит алыпты. Тарихи рекорд орнатылды.

Қорытындысында, бұрынғы жылдардан қалғанын қоса алғанда, бүгінде қазақстандықтардың өтелмеген қарызының көлемі 18,5 триллион теңгеден асты. Шамамен 8 миллион 508 мың қазақстандықтың кредиті үшін берешегі бар.

Жан мазасынан айырылған адамдар спиртті емес, спортты таңдауы үшін билік бұқаралық спортты дамытқаны, спорт сарайлары мен дене шынықтыру орындарын халыққа барынша жақын әрі қолжетімді еткені маңызды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу