"Масс-медиа туралы" жаңа заң: Министрлік не дейді?

1356

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов қызу талқыға түскен жаңа заң жобасына қатысты пікір білдірді. 

"Масс-медиа туралы" жаңа заң: Министрлік не дейді? Фото: yandex.kz

"Журналист техногендік апат кезінде, мысалы су тасқыны, жылумен байланысты апаттар және т.б. басқа біреумен өзінің мәтінін келісуге міндетті емес. Десек те, журналистің материалында шынайы ақпарат болуы шарт.

Әскери, терроризмге қарсы операцияларды өткізу немесе арнайы жасақтар өткізген операциялар кезіндегі норма бар. Бұл басқа заңнан біздің заңға көшіріледі. Соның шеңберінде ғана, одан артық болмайды.

Жұмыс тобының журналистикаға оң әсер ететін барлық ұсынысы назарға алынды. Болашақта заң жобасына енеді деп сенемін. Құжатты талқылау таяуда аяқталады, одан соң Үкімет қарауына енгізіледі. Содан кейін де өзгеріс енгізуге болады. Өйткені бұл – заң жобасы.

Одан соң Мәжіліс қарауына беріледі. Онда да ұсыныстар енгізілуі мүмкін. Кейін Сенат деңгейінде қаралады. Жұмыс тобының диффамация, ерекше жағдайларда жұмыс істеу бойынша ұсыныстарын қолдаймыз. Бұл нормалар болуы тиіс. Біз оған мүдделіміз", - деді Қанат Ысқақов.

Жұмыс тобының талап еткен тағы бір маңызды нормаларының бірі – ар-намысты қорғау істері бойынша шекті мерзімді енгізу. Бастапқыда бұл 3 жыл деп көрсетіліп, кейін оны бір жылға дейін қысқарту туралы ұсыныс түскен болатын. Алайда жарияланған жобада бұл бап жоқ.

"Келесі мәселе – ар-намысты қорғауға қатысты журналисті қудалаудың шекті мерзімін бекіту туралы норма. Бұл бапты қосамыз", - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Қанат Ысқақов баспасөз картасын мемлекеттік орган бермейтінін атап өтті.

"Баспасөз картасын өзін-өзі басқаратын, мемлекетке тәуелді емес ұйым береді. Оны мемлекеттік орган бермейді. Бұл ұйым сол картаны бекітеді және оны кері қайтарып алуға құқығы болады. Баспасөз картасын пайдаланудың ерекшелігі – барлық мемлекеттік органдарға, іс-шараларына кіруге құқығы бар. Журналистің қайта-қайта аккредитациядан өтпей, карта арқылы кедергісіз іс-шараларға кіруге рұқсаты бар. Екіншіден, кейбір жеңілдіктер болады. Оны тағы да қосымша қарастырамыз. Баспасөз картасының берілуіне байланысты шектеу жоқ. Қазір айдикартаны бекітіп алайық, тиісті талаптарды әзірлеп, пысықтаймыз. Осы тұста мына нәрсені түсініп алайық. Журналист баспасөз картасын алмаса да болады. Тек басқа мемлекеттік органдарға аккредитация арқылы баруына мүмкіндігі бар.

Журналист мәртебесі туралы айтатын болсақ. Журналист тәуелсіз болуы тиіс. Бірақ өңірлік журналистерден бірнеше шағымдар бар. Олар "педагог мәртебесі бар, неге журналистің статусы жоқ" деп айтады. Ұстаздар мен дәрігерлер бюджеттен толық қаржыландырылады. Ал, бізде журналистер толық бюджеттен қаржыландырылмайды ғой. Сондықтан айырмашылық бар. Бұл мәселені екі жақтан қарастырып жатырмыз", - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу