Медициналық сақтандыру барысында қарияларды ұмытуға болмайды

Егер адам орта есеппен 73 жыл өмір сүрсе, 63 жаста зейнетке шығу – әділетсіз. 

Медициналық сақтандыру барысында қарияларды ұмытуға болмайды

Жанар Авард-Төребаева – Қазақстаннан шыққан тұңғыш гериатр, яғни қарттарды емдеу маманы. Францияның Генган қаласындағы орталық аурухананың жаһандық гериатрлық кеңес беру және есте сақтау бөлімінің меңгерушісі. Франция дәрігерлері жоғары кеңесінің кеңесшісі.

Қазақстанды жаһан жұртына танытып жүрген қазақ қызымен кездесіп, медициналық сақтандыру жүйесі, зейнеткерлік және басқа да тақырыптар төңірегінде тілдескен едік.

– Бізде 2017 жылы енгізілген әлеуметтік сақтандыру жүйесі Францияда ХХ ғасырдың бас кезінен бері жұмыс істейді. Француз халқының бұл жүйеге деген көзқарасы қалай?

– Франция міндетті медициналық сақтандыруды 1928 жылы 5 сәуірде енгізген екен. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асты. Мәселен, 1944 жылы ұлттық кеңес елде өмір сүретін барша халықты аталмыш жүйеге көшірген. 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап әмбебап медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа медициналық қызмет көрсету жүйесі жетілдіріле түсті. Әмбебап медициналық сақтандыру Францияда, мейлі ол шетелдік болсын үш айдан аса уақыт тұрақтаған кез келген азаматтың денсаулығына байланысты барлық шығынын жабады. Әрбір француздың "өмірлік картасы" бар. Олар емханаға сол картамен келеді. Оны ел халқы толықтай пайдаланады. Осының нәтижесінде жалақысы төмен адамдар 100 пайыз тегін ем алады. Ал жалақысы жоғары адамдар одан да жақсы қызмет алу үшін қосымша жеке сақтандыру компанияларына тіркеледі. Бұл жұмыс берушіге байланысты міндетті және ерікті түрде жүзеге асады. Сондықтан француз халқы медициналық сақтандыруға тек алғыс айтады.

– Бізде міндетті әлеуметтік сақтандыру үшін қазір 1,5%, 2020 жылдан жалақыдан 2% ұсталады. Ал Францияда 6% шамасында. Бұл көп емес пе?

– Францияда халық жалақысының 6,9%-ын медициналық сақтандыруға төлейді. Сонымен қатар жоғары медициналық қызмет үшін тағы 0,4% қосады. Франциядағы ең төменгі жалақы айына 1200 еуро. Ал орташа айлық 2450 еуро. Мен тұратын Бретань өлкесі бойынша 2700 еуро. Ал француздардың денсаулықтарына жақсы қарайтынын, жылына бір тексеріліп тұратынын, созылмалы ауруы барлар алты айда бір дәрігер қабылдауына келетінін ескерсек 7,3% көп емес.

– Қазақстанда орташа жалақы 186,5 мың теңге екенін ескерсек, Франциямен салыстырғанда 2% аз болмай ма?

– Меніңше, Қазақстан жағдайында 1,5-2% пайыздан бөлек мемлекеттік бюджеттен медициналық сақтандыруға қаржы қосылуы керек. Халықаралық адам құқығы заңы бойынша "кез келген адам сапалы медициналық қызмет алуға құқылы". Сондықтан бұл мақсатта бөлінетін қаржы көлемін азайтуға болмайды.

– Елімізде 2020 жылы сақтандыру шығыны 217 млрд теңгеге артады деген мәліметтер бар. Ал бұл сома ел бюджетінен қарастырылған. Францияда медициналық сақтандыру қоры қалай қаржыландырылады?

– Францияда 7,3%-дан бөлек жұмыс беруші өзінің қол астындағы қызметкерінің денсаулығы үшін жалақысының 20%-ын төлейді. Мемлекеттік бюджетке әлеуметтік салықтан 36%, алкоголь мен темекіден 11% қосылады. Оның барлығы медициналық сақтандыру қорының бюджетіне құйылады. Сол арқылы Франция халқы жоғары деңгейдегі медициналық қызметпен қамтылады. Соған қарамастан мұнда медициалық сақтандырудың жетіспеушілігі бар. Мәселен, 2016 жылы аталмыш көрсеткіш 4,8 млрд еуроны құрады. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін рентген мен түрлі талдаулар жасайтын кезде әр емделушіге 1 еуродан төлеп отыруды міндеттеді. Нәтижесінде француздар денсаулықтарын күтіп, медициналық сақтандыруды нақты қажет болған жағдайда ғана пайдаланады. Бастысы, ашықтық қағидасы сақталады.

– Яғни, Франциядағы медициналық сақтандырудың сәтті жүзеге асып отыруының кепілі осы ашықтық қағидасы емес пе?

– Мұнда барлығы айқын. Үкімет тарапынан да қадағаланады. Мәселен, әлеуметтік осал топ пен 30 созылмалы ауру тізіміндегі дертке шалдыққандардың медициналық шығынының 100%-ын, ал жағдайы жақсы, жалақысы жоғарылардың 65%-ын ұлттық медициналық сақтандыру қоры төлейді. Ол төлемдер ортақ жүйеде көрсетіліп тұрады. Жыл сайын үкіметтің отырысында да бұл мәселе қозғалып есеп беріледі. Мұнда жемқорлық жоқ. Қазақстандық сақтандыру жүйесінде де барлығы ашық болуға тиіс. Менің басты тілегім осы – жемқорлық болмаса, бюджетті халық игілігіне пайдаланса, әлеуметтік осал топты, әсіресе, қарияларды ұмытуға болмайды. Кез келген елдің басты байлығы – адам және оның денсаулығы.

– Сіз гериатрия, яғни қарттарды емдеу саласында еңбек етіп келесіз. Зейнеткерлік жасына қатысты мәселе таныс шығар. Орташа өмір сүру көрсеткіші 73 жылды құрайтын біздің елде зейнеткерлік жасын көтеру маңызды ма?

– Францияда әйелдердің орташа өмір жасы 85,3 жыл. Ал ер адамдар орта есеппен 79,5 жыл өмір сүреді. Қазіргі кезде зейнетке шығатын орта жас –62. Ол өмір сүрудің ұзақтығына байланысты есептеледі. Француздар үшін зейнеткерлікке шыққан алғашқы 10-12 жыл өмір сапасы жақсы болуға тиіс. Одан кейінгі 10-12 жыл аздаған аурулармен болса да өз деңгейінде өмір сүру керек деп есептеледі. Жұмысы қиын адамдарға талап сәл жеңілдетіледі. Ал 2030 жылы медицинаның дамуы мен өмір сүру сапасының жақсаруына байланысты француздар 64 жастан зейнеткерлікке шығуы мүмкін. Ал Қазақстан халқының өмір сүру жасы айтарлықтай төмен. Сондықтан дамыған мемлекеттердің зейнеткерлікке шығу ережелерін алу керек. Мысалы, орта өмір сүру жасы 73 жас болса, 63 жаста зейнетке шықса ол адам өмір бойы еңбектеніп, зейнетке шыққан соң көп ұзамай қайтыс болып кетеді деген сөз. Ол–әділетсіз. Еуропа мен Қазақстан халқының өмір сапасын салыстыруға келмейді. Мысалы, менің алдыма 103 жастан асқан бірнеше қария ем алуға келген. Ал жалпы маған келетін емделушілердің орта жасы – 92. Біздің Бретань өңірінде соңғы жылдары жүргізілген санақ бойынша, ұзақ өмір сүрген, жастары 100-ден асқандардың саны 1500 адамнан асты. Осыдан-ақ, зейнеткерлік жасын ұлғайтудан бөлек, қариялардың өмір сүру сапасын арттыруға көңіл бөлу керек.

– Қазақстандық дәрігерлер мен осы саладағы тәжірибеңізбен бөлісуге қалай қарайсыз?

– Мен әріптестік байланыс орнатуға дайынмын. Менің тәжірибем елімізге керек. Себебі қартайып бара жатқан қариялардың орнын қазіргі жастар алмастырады. Сондықтан Еуропалық сапаға ұмтылу маңызды.

– Сіздің Францияның оңтүстігіндегі Ренн қаласының қақ ортасында "Ренн-Алматы" саябағын ашып, онда Хәкім Абай ескерткішін орнатқан еңбегіңіз бен жаһандық медицина саласында Қазақстанның атын шығаруға қосып жүрген үлесіңіз үшін үлкен алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу