Министрлер денсаулық сақтау саласын сынақ алаңына айналдырды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10823

Реформадан көз ашпаған отандық медицина оңалмай тұр.

Министрлер денсаулық сақтау саласын сынақ алаңына айналдырды

Қазақстан коронавируспен күрескен елдердің алдында омақаса құлады. Ал денсаулық сақтау саласының шікірейген шенеуніктері қарапайым халықтың амандығы үшін "бастары ауырып, балтырлары сыздамайтынын" көрсетті. Жүйеде жылдар бойы қордаланған және шешімін таппаған мәселелер отандық медицинаны осындай жағдайға жеткізді.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі бассыздық тәуелсіздіктің алаң-елеңінде басталды. Халық киерге киім, ішерге ас таппай жүргенде сол кездегі денсаулық сақтау министрі Василий Девятко: "Медицинаны нарыққа бейімдеу керек!" деген ұранмен медициналық сақтандыру қорын құрды. Ойланбай істелген істің ақыры жақсы болмады. Халықтың қорға құйған миллиондаған қаржысы қолды болды. Сол кездегі міндетті медициналық сақтандыру қорының басшысы Талапкер Иманбаев қыруар қаржыны қымқырып, шетел асып кетті. 2001 жылы Қазақстан Республикасының соты Талапкер Иманбаевты ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ретінде сыртынан 9 жылға соттады. Ал оның сыбайластары табылған да, танылған да жоқ.

Медициналық сақтандыру қорының құрылуына ұйытқы болған сол кездегі денсаулық сақтау министрі Виталий Девятко да судан "құп-құрғақ" күйінде шықты. Осылайша елімізге енгізілген алғашқы міндетті медициналық сақтандыру қоры құрдымға кетті. Осы жерде айта кетейік, қазіргі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де жетісіп тұрған жоқ.

2004 жылы денсаулық сақтау министрі қызметіне негізгі мамандығы энергетик, менеджер-экономист Ерболат Досаев тағайындалды. Ол еліміздің денсаулық сақтау саласын апаттық жағдайға жеткізді.

Ерболат Досаев ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттерді қысқартты. Балалар емханалары мен әйелдерге кеңес беретін орталықтарды жапты. Тегін медициналық қызмет деген түсінікті жойды.

Менеджер-экономистің медицина саласыдағы мансаптық жолы 2006 жылы айқай-шумен аяқталды. Оңтүстік Қазақстан облысында 190 кішкентай бүлдіршін дәрігерлердің қателігінен ВИЧ-инфекциясын жұқтырып алды. Министр халықпен алысып, жұлысып жүріп, тағынан тайды. Бірақ ешқандай жауапкершілікке тартылмады.

Денсаулық сақтау саласының тізгіні Анатолий Дерновойдың қолына тигенде де айымыз оңынан туған жоқ. Әріптестері секілді ол да денсаулық сақтау саласын реформалауға білек сыбана кірісті. Министр медициналық жоғарғы оқу орындарындағы педиатрия факультетінің тамырына балта шапты. Балалар дәрігерін даярлайтын факультеттерді түбірімен жойды. Бірнеше жылдан кейін денсаулық сақтау саласы кадр тапшылығын сезіне бастады. Мәселені шешу үшін педиатрия факультеттері қайта ашылды. Бұл кезде Анатолий Дерновойдың денсаулық сақтау саласында шатағы жоқ еді. Себебі Президент оны қызметінен босатқан болатын.

Жақсылық Досқалиев 2 рет 2001-2004 және 2008-2010 жылдары денсаулық сақтау министрі болды. Алғаш рет министр болғанда ол отбасылық дәрігерлік амбулаторияларды көзден бұл-бұл ұшырды. Екінші рет министр болғанда қолданысқа бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізді. Осыған сәйкес еліміздің кез келген азаматы қалаған емханада немесе ауруханада ем қабылдау құқығына ие болды. Жергілікті жердегі тұрғындар ем алу үшін жаппай Астана мен Алматыға лап қойғанда, бұл бастаманың қате екенін жасыру мүмкін емес еді. Жергілікті жерлердегі емханалар мен ауруханалар қаңырап қалғандықтан, оларды оңтайландыру қажет болды. Қызды-қыздыға келгенде министр аруханаларды жабу керек деп салды. Уақыт өте келе Жақсылық Досқалиевтің үстінен қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол сотталып, артынан рақымшылыққа ілінді.

2010 жылы денсаулық сақтау саласының тізгінін қолға алған Салидат Қайырбекова "Саламатты Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыру арқылы 2020 жылы әр қазақстандыққа электронды денсаулық паспортын бермекші болды. Жобаға миллиардтар бөлінді. Бірақ халық электронды денсаулық паспортын көрген жоқ.

2014 жылы министр болған Тамара Дүйсенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының жақтаушысы болды. Осының екеуінен де күні бүгінге дейін нақты нәтиже болған жоқ.

Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласының басына 2017 жылы келді. Оның бұл саладағы "ерлігі" әлі ұмытылған жоқ. Аты аталған министрдің кезінде ауруханалардың жекешелендіріліп кетуіне, тіс емханаларындағы адам өліміне, тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмектің заңсыз саудалануына, жаңа туған нәрестенің тоңазытқышта "қатырылуына", дәрігерлердің жаппай коронавирус инфекциясын жұқтыруына қатысты шу шығып тұрды.

Денсаулық сақтау саласындағы сәтсіз реформалардың салдары пандемия кезінде толық әшкереленді. Масқарасы сол, халық қыл аяғы дәріханадан аспирин мен парацетамол таппай сандалды. Ал медициналық көмек дер кезінде көрсетілмей немесе сапасыз көрсетіліп, бақилық болып кеткен адамдар қаншама?!

Үш күн денсаулық сақтау бірінші вице-министрі, кейін министр болған Алексей Цой дәл қазір коронавируспен күресіп жатыр. Оның денсаулық сақтау саласын реформалауға дәл қазір уақыты жоқ. Күндердің бір күнінде уақыт табылады. Сонда ол қандай реформа ұсынады, оның нәтижесі қандай болады? Мұны ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі халық денсаулық сақтау саласындағы реформалардан әбден зәрезап болып қалған.

Абылай Бейбарыс


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу