Мейрамхана иелері табыстың 80%-ынан қағылып отыр

6609

Сондықтан бизнестің бағытын бұрудан басқа амал жоқ. 

Мейрамхана иелері табыстың 80%-ынан қағылып отыр

Елімізде наурыз айынан бастап той-жиындарды ұйымдастыруға ресми түрде  тыйым салынғаны белгілі. Мониторингтік топтар тойханалардың жұмысын тексеріп, тұрақты түрде қадағалап отырады. Олардан қулығын асырмақ болғандар отбасылық басқосуларды коттедждерде жасырын түрде өткізуді "дәстүрге" айналдырып алды.

Ал бұл тұста мейрамхана иелері табыстан қағылып, берешекке белшесінен батып отыр. Павлодардағы тойхана қожайындарының сөзінше, былтыр жоспарлы табыстың тек 20 %-ы түсті. Әкімші, даяшы, күзетші сияқты қызметкерлердің 80 %-ы ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Банктарға ай сайын төленуге тиіс несиелер мен коммуналдық төлемдер тағы бар. Той-бизнес өкілдері қиындықтан қысылмай шығу үшін шағын жиындарды санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізуге рұқсат беруді сұрайды.  

Облыс орталығындағы екі бірдей тойхананың иесі Айдар Құрымбаев бұл адам саны да, қауіпсіздік шаралары да назарға мүлде ілікпейтін коттедждердегі тойларға қарағанда дұрыс деп пайымдайды.

"Біздің бизнес банкеттерге бейімделген. Ал былтырғы наурыздан бері бірде-бір той өткізбеген соң қаржылық қиындықтар туындады. Есесіне коттедждерде той ұйымдастырушылардың "дәурені" жүріп тұр. Бірақ бұл үйлерде санитарлық талаптар сақталып отыр деп кім айта алады? Егер бізге 30-50 адамға арналған тойларды, басқосуларды ұйымдастыруға рұқсат берсе, құзырлы мекеме өкілдері еш қиындықсыз-ақ санитарлық талаптардың сақталуын қадағалар еді. Біз де тиын-тебен түссе де берешек "батпағынан" шығар едік", - дейді мейрамхана иесі.

Бірақ Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова мұндай жеңілдік жасалмайтынын кесіп айтты. Есесіне жұмыс бағытын өзгертуге кеңес берді.

"Мейрамхана – тек той өткізетін орын емес. Тұрғындарға таңғы, түскі, кешкі астарды ұсынатын қоғамдық тамақтану орны ретінде жұмыс істеуге болады. Тамақтың түр-түрін тапсырыс берушілердің үйлеріне дейін жеткізумен айналысуға мүмкіндік бар. Не болмаса, бизнестің бағытын өзгерту керек", - дейді Гүлнар Ақылбекова.

Санитарлық сала мамандарының ұсынысын кейбір мейрамхана иелері ескергенге ұқсайды. Өткен жылдың қараша айында қаланың қақ ортасындағы "Paradise" мейрамханасының орнына "Таир" әлеуметтік дүкені ашылса, жақында  "Бақыт" тойханасы да тұрғындарға азық-түлікті әлеуметтік бағамен ұсынатын сауда орнына айналмақ. Қазіргі кезде мейрамхана басшылығы дүңгіршектерді жалға алар сатушыларды іздестіруде. Ал той-бизнестен қол үзуді қаламайтындар карантин шараларының жеңілдер сәтін тағатсыздана күтіп отыр.

Ажар Дәулетова

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу