Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа оқу жылының басында Маңғыстау облысындағы мектеп оқушылары астан уланғаны туралы ақпарат тарады. Олар білім ордасындағы асханада тегін ас ішкен. Оқушылардың жаппай улануынан кейін еліміздің бүкіл мектептерінде тексеріс басталды.
Таяуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп асханаларына жүргізілген жаппай мониторинг барысында 200-ден аса мектепте заңбұзушылықтар анықталғанын айтты. Ведомство басшысы білім беру ордаларының асханаларында тағамды дұрыс сақтамау, ас әзірлеудегі нормаларды ескермеу сияқты заң бұзушылықтар тіркелгенін жеткізді.
Оқу-ағарту министрлігінен мектеп асханаларында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес білім алушылардың жас ерекшеліктеріне, тамақтану объектісінің түріне, технологиялық жабдықтармен жарақтандырылуына қарай, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен отандық өнім ассортиментін ескере отырып дұрыс тамақтану рационы қалыптастырылады деген жауап алдық.
"Орта білім беру ұйымдары білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру бойынша интернет-ресурстағы "Мектеп тамағы" бөлімінде күнделікті ақпаратты орналастыруды қамтамасыз етеді. Білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың сапасын бақылауды Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы №ҚРДСМ-16 бұйрығымен бекітілген "Қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау органдары жүзеге асырады", – делінген министрліктің жауабында.
Ведомство әр мектепте мектеп директорының бұйрығы негізінде тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссия құрылатынын атап өтті.
Комиссия білім беру ұйымдарында тамақ өнімдерін дайындау және өткізу кезінде санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы бойынша мониторингті жүзеге асыратын көрінеді.
"Комиссия төрағасы білім беру ұйымының басшысы болып есептеледі. Комиссия құрамы міндетті түрде медицина қызметкерін, білім беру объектісі әкімшілігі мүшелерін, асханада өндіріс меңгерушісін немесе қызмет көрсетушіні, ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңес өкілдерін қоса отырып, білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі. Күнделікті медицина қызметкері немесе жауапты адам бекітілген нысанға сәйкес (№76 Санитариялық қағидаларға 9-қосымша) дайын тағамдардың сапасын органолептикалық бағалау журналына жазбалар енгізе отырып, оның сапасына бағалау жүргізеді. Комиссия апта сайын пайдаланылатын тамақ өнімдерінің сапасына, мәзірдің дұрыс жасалуына мониторингті жүзеге асырады, тамақ сапасының мониторингі актісі ресімделеді", – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Биылғы 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Оның ішінде 1,4 млн-ы бастауыш сынып оқушысы болса, 340 мыңнан астамы 5-11 сыныпта оқитын әлеуметтік осал топтар санатына кіреді.
Мониторинг нәтижесі шықты ма?
Құзырлы орган қазіргі уақытта Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп мониторинг жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Бүгінде 6 382 мектеп асханасында (6 089 ас блогы және 293 буфет) мониторинг жүргізілді. Мониторингке білім беру, денсаулық сақтау органдарының, саяси партиялардың, мәслихаттардың, ата-аналар қоғамының, қамқоршылық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың және т.б. өкілдері тартылды. "Білім туралы" Заңның 48-бабына сәйкес тамақтану сапасын бақылау Денсаулық сақтау органдарына жүктеледі", – делінген редакция тілшісінің ресми сауалына берілген жауапта.
Мектептердегі негізгі тамақ өнімдерінің ассортименті санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес қалыптастырылады.
Білім беру ұйымдарындағы асханаларда тәтті тағамдарды, алкогольдік және энергетикалық сусындарды, фаст-фуд және осыларға ұқсас өзге де өнімдерге тыйым салынған.