"Мемлекеттік қазынадан бір теңге де жұмсалмайды"

2057

"Business Ertis" өңірлік бағдарламасының барысы қалай? 

"Мемлекеттік қазынадан бір теңге де жұмсалмайды"

Осы жылдың қаңтар айында Павлодар облысында әртараптандырылған "Business Ertis" өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бағдарлама бес блоктан тұрады. Олардың жүзеге асу барысы, туындаған мәселелер мен алдағы жоспар туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиев inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатта айтып берді.

– Айбек Әлібекұлы, елімізде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар іске асып жатқан тұста "Business Ertis" өңірлік бағдарламасын бастау қаншалықты қисынды?

– Бұған дейін жүргізген сауалнама, сараптамалық жұмыстар нәтижесінде бизнес өкілдері тек үш бағдарлама – "Бизнестің жол картасы", "Қарапайым заттар экономикасы" және "Еңбек" туралы білетінін байқадық. Ал одан басқа 90-нан астап мемлекеттік қолдау шарасынан бейхабар. Мысалға айтсақ, "Business Ertis" бағдарламасы аясында "Kazakh Export", "QazTrade", "QazIndustry" компаниялары басшылығының қатысуымен кездесулер өткізіле бастаған соң ғана кейбір кәсіпкерлер экспорттық шығындарды өтеу, өнімді сыртқа шығаруда көп жеңілдік барын түсінді.

"Business Ertis" қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды көлеңкеде қалдыру үшін емес, керісінше олардың көрсеткіштерін еселей түсу үшін қабылданды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, биыл жыл басынан бері "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша 585 жоба қолдау тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есеге көп. Сол сияқты "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша қаржыландыру былтырғыдан 436 млн теңгеге өсті. Дайын өндірістік өнімдер бағасы 70,5 млн теңгеге, инвестиция 12,3 млрд теңгеге көбейді. Өткен жылдың басында облыстағы шағын және орта бизнестің саны 614-ке қысқарса, биыл керісінше жаңа 1038 нысан ашылды. Мұның барлығы "Business Ertis" бағдарламасының аясындағы жан-жақты жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді деп ойлаймын.

Жалпы, осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша 16 жобаны іске асырып, жоспардың 44,4%-ын орындап үлгердік. "Business Social Ertis" бағыты арқылы Павлодар облысының фармацевтер қауымдастығымен меморандум жасалды. Соның негізінде аймақтағы 300 дәріхананың тең жартысында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмектер жеңілдікпен сатылатын болды. Оң нәтиже беріп жатқан осындай бастамалар баршылық.

– Дегенмен, ауылдықтар тарапынан әлі де белсенділік байқалмайды. Өңірлік бағдарманың бес бағыты елдімекендерде кенже қалып жатыр. Неге?

– Ауылдық жерлерде іске асқан жобалардың аз екені рас. Сондықтан "Business Auyl Ertis" деген жаңа бағыт аштық. Соның аясында әр ауданнан бір-бір жобаны іріктеп алдық. Әр ауданның басшылығы ауыл тұрғындарынан қандай кәсіпкерлік нысаны, қызмет көрсету орны болғанын қалайсыздар деген сипатта сауалнама жүргізді. Мысалға, Баянауыл ауданында қой жүнін өңдейтін орын ашылмақ.

– Тері, жүн өңдеу ісіне қатысты жобалардың басым бөлігі сол жоба күйі қалып жатады. Бұл да солардың кебін кимей ме?

– Олай болмауға тиіс. Жоба толыққанды іске асқанға дейін, оны бақылауда ұстап, қажет қолдауды көрсетеміз. Баянауылдық кәсіпкердің 1600 гектар жері, 100-ге жуық қойы бар. Яғни, қой шаруашылығы оған таңсық емес. Бірақ жүнді өңдеу үшін құралдар сатып алатын қаржысы жоқ. Оған "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріп, инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жолдары қарастырылады.

– "Business Invest Ertis" аясында инвесторларға дайын өндірістік орындар ұсыну туралы айтылып еді. Алайда әлі күнге дейін бұл бағытта іске асқан бірлескен жобаларды көрмедік. Бұған не себеп?

– Қазіргі уақытта аудан-қалалардан 70 өндірістік ғимарат тауып қойдық. Олардың 80 пайызында қажетті инфрақұрылым бар. Бұл ғимараттардың барлығы бірнеше жыл бойы бос тұрған. Кәсіпкерлер істерін бастап, әр түрлі себептерге байланысты ойын соңына дейін жүзеге асыра алмаған көрінеді. Енді соларды жаңа инвесторларға беруге болады. Әзірше бұл нысандарда ешқандай өндіріс ашылған жоқ, себебі осы уақытқа дейін оларды іздеу, анықтау, реттеу жұмыстарымен айналыстық. Енді отандық және шетелдік инвесторларға бұл өндірістік орындар туралы каталогтарды ұсына аламыз. Қызығушылық білдіргендерге қолдау көрсетуге әзірміз.

– Осы "Business Invest Ertis" аясында өңірімізде өндірілмейтін өнімдер туралы талдамалық материалдарды әлеуметтік желілерде жариялауды бастап едіңіздер. Бұрын-соңды аяқ баспаған салаға қадам жасауға ниеттілер табылды ма?

– Иә, бүгінде аймақта шығарылмайтын 40 тауар түріне қатысты сараптамалық материал әзірленді. Облыстың сұранысы, шикізаттың орны, жылдық табыс сынды мәліметтерді топтастырып қойдық. Олар – шикізатты терең өңдеуді, қомақты инвестицияны қажет ететін жобалар. Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы оған қаржы құюға дайын кәсіпкерлерді таба алуымыз екіталай. Осыны ескеріп, ҚР сыртқы істер министрлігімен байланыс орнататын болып шештік. 2019 жылдан бері бұл мемлекеттік органның сырттан инвестициялар тарту құзіреттілігі бар. Біз жоғарыда аталған 40 жоба туралы мағлұматты министрлікке, министрлік елшіліктерге, елшіліктер өз еліндегі кәсіпкерлерге жолдайды. Осылай әрекет етсек қана қандай да бір нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін. Айталық, павлодарлық бір кәсіпкер облыста чипсы өндірісін бастауға ниетті. Оған қажет қаржысының жартысы, өндірістік ғимараты, шикізатпен қамтушы бар. Тек белгілі бренді мен технологиясы жоқ. Біз осындай кәсіпкерлерге серіктес болар инвестор іздейміз. Одан бөлек, осы уақытқа дейін гигиеналық заттар, алюминий банкалары, отқа төзімді кірпіш, мойынтіректер өндірісі бойынша талдамалы жұмыстар жүргіздік.

– Жөн делік. Бірақ өңірлік бағдарламаның тағы бір бағыты - "Business Innovation Ertis" бойынша жобалар баяу жүріп жатқан сияқты. Атап айтқанда, бизнес нысандар орналасқан аумақтарды, оларға қатысты деректерді көрсететін цифрлық-сараптамалық жүйе жасау бойынша жұмыстар қашан қолға алынады?

– Облыстағы 46 мың кәсіпкерлік нысанына қатысты мәліметтерді жинаудың өзі біраз уақытты алады. Олардың саласы, орналасқан жері, жұмысшылар саны сияқты көптеген мәліметті жинау, саралау – оңай шаруа емес. Әуелде бұл іске Торайғыров университетіндегі ІТ-саласының мамандарын тартамыз деген ой болған. Бірақ уақыт өте келе бұл жұмыс қарапайым студенттердің қолынан келмейтінін түсіндік. Десе де, бастапқы ойымыздан бас тартқан жоқпыз. Қазір мобильді-ақпараттық жүйені жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол дайын болған соң тұрғындар, кәсіпкерлер белгілі бір аумақтағы бизнес нысандар туралы онлайн режимде ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады.

– Осы орайда "Business Social Ertis" бағытының басқалардан көш ілгері екенін айтпай кетпеске болмас. Оның бірі – мүмкіндігі шектеулі 100 адамды жұмысқа орналастыру. Алайда бұл міндетті басқа мемлекеттік мекемелер өзге бағдарламалар аясында іске асырып жатыр емес пе?

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды басқа мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналастырған кезде олардың жалақысының бір бөлігі субсидияланады. Шартты түрде айтар болсақ, еңбекақының жартысын кәсіпорын, жартысын мемлекет төлейді. Бізде мұндай жүйе жоқ. Қазына қаражаты есебінен субсидия, қосымша төлем берілмейді. Біз еңбек етуге құлшынысы бар, бірақ лайықты қызмет орнын таппай жүрген тұрғындарды кәсіпкерлер, басқа да мекемелер басшыларымен кездестіреміз. Айлық, жұмыс уақыты сынды мәселелердің барлығын өздері шешіп, еңбек келісімшартын жасайды. Яғни, басым тұсы – қазына қаржысын жұмсамау. Жалпы, "Business Ertis" бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бір теңге де шығарылмайды. Біздің негізгі міндет – кәсіпкер мен мемлекетті, бизнес пен бизнесті байланыстыру. Мысалы, пандемия басталған кезде павлодарлық "Светлана" тігін фабрикасында тапсырыстар күрт азайды. Олар бұл мәселесін басқармаға айта келді. Біз жергілікті ірі өндіріс орындарына өз өңірімізде сапалы өнімді шығаратын тігін цехы бар екенін айтып, экскурсиялар ұйымдастырып, тапсырыс беруші мен оны орындаушының бір-бірімен танысуына ықпал еттік. Нәтижесінде "Светлана" тігін орны жергілікті ірі зауыттардың бірімен келісімшарт жасап, бүгінде жұмысын сәтті жалғастырып отыр. Осындай мысалдар жетіп артылады. Кәсіпкерлердің істі бастау, несие мен жер алу, нарық аясын кеңейту сынды көптеген мәселеге қатысты туындаған өзекті мәселелерін шешуге көмектесу – бағдарламаның басты мақсаты.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу