Мемлекеттік сатып алулардағы өзгерістер PR нарығын дағдарысқа ұшыратты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2776

Мемлекеттік тапсырысқа "жаман үйреніп" алған пиаршылар енді өз беттерімен күн көруге мәжбүр болды.

Мемлекеттік сатып алулардағы өзгерістер PR нарығын дағдарысқа ұшыратты Фото: kapital.kz

Зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, әлемдегі күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан компаниялар PR қызметтеріне сұранысты көбейтпесе азайтар емес. Соның ішінде Қазақстанда да бұл сала жаңаша дамып келеді.

Алматыда бас қосқан пиаршылар биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі PR форумында Қазақстанда бұл саланың дағдарысқа ұшырап отырғанын алға тартты.

"2017 жыл PR саласы үшін сынаққа толы болды. PR бюджеттерінің қысқаруынан бөлек, біз PR және дағдарыстарды басқару салаларында жеткілікті түрде ойластырылмаған жұмыстың нәтижесі болған коммуникациялық "сәтсіздіктердің" едәуір жағдайларының куәсі болдық. Жалпы, біздің сала айтарлықтай аласапыранды бастан өткеріп жатыр", – деді PG 2 Communications басқарушы серіктесі, PR-шы клубының ортақ құрылтайшысы және ҚР ҚБҰҚ кеңесінің төрайымы Әсел Қарауылова.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңның айналасындағы өзгерістер, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік органдардың тапсырысының өзгеріске ұшырауы, тендерлік тәртіптің қаржы үнемдеуге қарай икемделуі PR компанияларын "майлы шелпектерінен" айырды. Нәтижесінде, мемлекеттік тапсырысқа "жаман үйреніп" алған пиаршылар енді нақты нарықта өз беттерімен күн көруге мәжбүр болды.

Қазақстандағы бұл саланың енді ғана көтеріліп келе жатқанын, сала мамандарының тәжірибесіздігін, онымен қоса жекелеген компаниялардың бұл қызмет түрінің маңыздылығын әлі сезіне қоймауы жалпы PR нарықты тұралатып тастады. Мамандардың айтуынша, сәтсіздікке ұшыраған ірі жобалардың астарында көп жағдайда дұрыс және тиімді коммуникация құра білмеу жатыр. Бұл жағдайлардың экономикаға да, саясатқа да қатысы бар. 

Survey Monkey платформасының жүргізген зерттеу қорытындысына сүйенсек, Қазақстандағы жеке компаниялардың 40 пайызы PR қызметтерін тұрақты тұтынатын болса, 30 пайызы мүлде керек қылмайтын көрінеді. Ал 20 пайызы керек кезде ғана PR компанияларын жалдайды екен.

Ал PR-шылардың қызметін тұтынатындардың ішінде 50 пайызы бұл компаниялардың қызметін толық пайдаланатын болса, 30 пайызы тек ақпараттық мақсатта қолданады екен.

Ал PR қызмет формаларына келер болсақ, сала қызметкерлері негізінен SMM әдісі арқылы көп жұмыс істейді екен. Нақтырақ айтар болсақ, PR қызметтерінің 60 пайызы SMM-ге тапсырыс берген. Тиісінше, PR-шылар үшін ең тиімді канал интернет (жұмыстың 70 пайызы), тағы 10 пайызы телеарна арқылы, ал қалған 20 пайызы мерзімді басылым мен өзге де жолдарды таңдайды екен.

Қорыта айтар болсақ, 2016 жылы елдегі PR нарығының бюджеті 20-25 пайызға қысқарған. TNS Gallup Media есебінше, былтыр Қазақстандағы жарнама нарығы шамамен 156 млн АҚШ долларына теңескен. Ал cоның ішінде PR нарығының нақты көлемі туралы ақпарат болмағанымен, сала мамандары бұл нарықтың жалпы жарнама нарығының 10 пайызына да жетпейтінін жорамалдайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу