Мемлекеттің микронесиесін бизнесті жаңа бастағандар ғана алады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
1727

Joozzy әдісі үміткерлерге кез келген адамның бизнеспен айналыса алмайтынын түсіндіреді.

Мемлекеттің микронесиесін бизнесті жаңа бастағандар ғана алады

Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бизнес-бағыттағы шекарасын кеңейтіп жатыр. Үкімет микронесие беруге бюджеттен бөлінген қаражаттың көбеюінен бағдарламаға қатысқысы келетін жас кәсіпкерлердің саны артады деп отыр.

Еске салар болсақ, ауылдағы, қаладағы кәсіпкерлік бастамаларды жеңілдетілген шартпен қолдау үшін салаға шектеу көрсетілмей,  8000 АЕК-ке (19 млн теңгеге дейін) дейін микронесие берілген. Кепілмен қамтамасыз ету жетпеген жағдайда мемлекет тарапынан (ісін енді бастаған кәсіпкерлер үшін кепіл көлемі микронесие құнынан 85%-ға дейін, бизнес жасап жүргендер үшін 50%-ға дейін) кепілдендірілген микронесиелерді беру мүмкіндігі қарастырылды.

2017 жылы несие бойынша қарыз берудің орташа мерзімі 51 айды (төрт жыл, үш ай), ал қарыздың орташа көлемі 10 млн теңгені құраған. Жалпы микронесие беруге 40 млрд теңге бөлінген. Осы жылы бюджет қаражаты 62 млрд теңгеге дейін көбейді. Болжам бойынша, нәтижесінде 14 мыңнан астам адамға микронесие беруге болады, бұл 2017 жылдағы деңгейден екі есе көп.  

Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Шыңғыс Ахметов брифинг барысында тап қазіргі уақытта өңірлерден келіп түскен қажеттілік негізінде қалалар мен шағын қалаларда микронесие беру үшін қосымша 6,1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Қаражаттың қалған бөлігі ауылдағы кәсіпкерлік бастаманы қолдауға жұмсалады.

Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылар санын ұлғайту үшін өзгертулер пакеті де дайындалып қойған. Негізі, микронесиенің шекті сомасы қайта қаралып, сауда саласындағы айналым қаражатын толтыру мақсатында микронесие алу үшін қойылатын шектеулер алынып тасталады.

"Негізгі түзетулер бұл ақшаны шағын жобаларға жұмсауға байланысты болмақ, өйткені қалалардағы 10,5 млн теңге – бұл үлкен сома, сондықтан оны жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерге арналған шағын жобаларға бағыттаймыз. Осы жылдан бастап бағдарламаға енгізілген түзетулер бойынша бағдарламаға тек үш жыл бойы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер ғана қатыса алады. Яғни үш жылдан кейін ЖК болып жұмыс істеп жүргендер бағдарламаға қатыса алмайды", – деп түсіндірді Шыңғыс Ахметов.

Бұл ретте бизнес-жоспар жасап, бірақ қаржыландыруға қол жеткізе алмаған  қарыз алушыларға басымдық беріледі. Осыған байланысты істі енді ғана бастап жатқан кәсіпкерлерге бизнесті жүргізудің негізін оқып үйрену ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда білім беру құралы базасында екі күннен бір айға дейін оқитын курстар бар.

"Ауылдық жерлердің тұрғындары міндетті түрде Bastau business атты бір айлық курстан өтіп, содан кейін бизнес-жобаны қорғауы керек. Несие берілгеннен кейін "Атамекен" КҰП кеңесшілері бір жыл бойы кәсіпкерге көмек көрсетуі тиіс. Ең бастысы бұл оқудан өткенге дейін бағдарламаның өзі оқуға келген адамдарды сынақтан өткізуді ұсынады. Бұл – Joozzy әдісі. Ол әлемдік тәжірибеде қолданылады. Оның негізгі идеясы кез келген адамның бизнеспен айналыса алмайтынын ұғындыру", – деп түсіндірді Шыңғыс Ахметов.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу