Миллиардер Джек Ма:12 сағаттық жұмыс аптасына ауысуымыз мүмкін

4189

Бұл туралы ол Шанхай қаласындағы жасанды интеллектке қатысты Дүниежүзілік конференцияда мәлім етті. 

Миллиардер Джек Ма:12 сағаттық жұмыс аптасына ауысуымыз мүмкін

Қытайдағы ең бай адамдардың бірі Джек Ма жасанды интеллектінің арқасында адамдар алдағы уақытта небәрі 12 сағат жұмыс істей алатынын айтты. 

Alibaba компаниясының негізін қалаушының ойынша, қазіргі білім беру жүйесі ескіріп кеткен, келешекте үлкен жады мен қайталанатын әрекеттерді талап ететін салаларда адамдарды машиналар алмастыратын күн алыс емес. 

Маның айтуынша, жұмыс аптасын қысқартпас бұрын әуелі білім беру жүйесін өзгертіп, технологияны жаңа деңгейге көтеру керек. 

"Алдағы 10-20 жыл бойы мемлекеттер білім беру жүйесін реформалауға көңіл бөлуі тиіс. Біздің балаларымыз келешекте аптасына 3-4 күнді, ал күніне небәрі 4 сағатты талап ететін жұмысқа орналаса алуы тиіс. Бұл жүйе өзгермесе, салдары жаман болады",– деді миллиардер. 

Дегенмен ол жұмыс орындарының қысқармайтынын айтты. Жасанды интеллект адамдарды нәпақасынан айырмайды, керісінше оларға көп көмегін тигізеді деген пікірде. "Компьютерлерде тек чип бар, ал адамдарда – жүрек. Даналық тек жүректен шығады",– дейді Джек Ма. 

Илон Маск Маның пікірімен келісетінін білдірді. Tesla компаниясының директоры конференцияда өзінің  Neuralink деп аталатын стартапы туралы айтып кетті.

"Қазіргі білім беру жүйесінің өнімділігі көңіл көншітіп отырған жоқ, оқыту процесі өте баяу, ал дәрістер тиімсіз",– дейді Маск.

Ол компьютерді миға қосумен айналысатын Neuralink жобасын білім жүйесінде, яғни студенттерді дәрістерден босату мақсатында қолдануға ұсынды.  

Бұған дейін америкалық кәсіпкердің Neuralink деп аталатын жобасы адам миына енгізілетін инновациялық жіпті назарға ұсынған болатын. Иілгіш жіптердің қалыңдығы шаштыкінен бірнеше есе жұқа. Зерттеушілердің мақсаты – оның көмегімен мидағы ақпаратты оқу. Жіптердің жұмыс істеу мүмкіндігі басқа аппараттарға қарағанда жылдамырақ. Оларды бір минут ішінде арнайы роботтар қан тамырларына тигізбей мидың қатпарына енгізеді. Ақпарат бас сүйектің ішіне орнатылған чип арқылы алынады. Болашақта Neuralink сымсыз желі жүйесіне көшуді жоспарлап отыр.  Жоба жүзеге асса, сал ауруына шалдыққандар ми импульсі арқылы смартфон мен компьютерді басқара алады.  2020 жылдың соңында тәжірибе адамдарға жүргізіле бастайды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу